Бұл күндері елордадағы «Тарлан» мұз айдынында парахоккейден әлем чемпионаты (B-Pool) өтіп жатқаны белгілі. Кезекті жарыс күнінде отандастарымыз Финляндияны ірі есеппен тізе бүктірді.
Елімізде тұңғыш рет өткізіліп жатқан байрақты бәсекеде Финляндия, Словакия, Швеция, Ұлыбритания, Жапония, Қазақстан құрамаларының парахоккейшілері өнер көрсетіп жатыр. Чемпионаттың кезекті турында отандастарымыз Суоми елінің өкілдерімен шеберлік байқасып, қарсыластарын 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Ел құрамасы сапынан Алмас Ахметов пен Бексұлтан Жәнібектархан дубль авторы атанса, Мақсат Мианов пен Қуат Кәріпбаев бір-бір мәрте мергендігімен көзге түсті. Ал Финляндия құрамасынан жұбаныш шайбасын Алексо Аки соқты. Бұл – жерлестеріміздің әлем чемпионатындағы алғашқы жеңісі. Аталған кездесуде Алмас Ахметов Қазақстан құрамасының үздік ойыншысы деп танылды.
Жерлестеріміз келесі ойынын бүгін Швеция хоккейшілерімен өткізеді. Чемпионатта алғашқы екі орынды иеленген командалар 2024 жылғы парахоккейден әлем чемпионатына жолдама алады.