• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Театр 09 Қазан, 2023

Театр фестивалі аяқталды

262 рет
көрсетілді

Театр өнерін түрлендірген талантты тұлға Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «Biken» I Халықаралық фестивалі аяқталды. Бір аптаға созылған өнер бәйгесінде үздік шыққандар марапатталды. Ең ғажабы, бұдан бұлай аталған театр додасы дәстүрлі түрде өтетін болады.

Айтулы іс-шараның беташа­р сөзін алған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли әуелі өңір басшысының ыстық сәлемін жеткізіп, руханият үшін, түбі бір түркі халықтарының өнерін өрістету үшін осындай фестиваль керек екенін атап өтті. Өнері өркендеген елдің өркениеті түзу, келешегі кемел болатынын атады. «Biken» I Халықаралық теат­р фестиваліне қатысқан бар­ша өнер ұжымына облыс әкі­мінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ Биапа театрында еселі еңбек етіп, өнердің дамуына үлес қо­сып жүрген Аман Қожабеков, Әй­­герім Бектемірова, Нұр­гүл Ке­­мербаева, Дулат Жар­басов, Ұл­дар Оңғарбекқызы, Ұл­жал­ғас Жұ­мәділова, Салтанат Ас­хан­­баева сынды театр қызмет­кер­леріне Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатын табыстады.

ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйы­мының бас хатшысы Сұлтан Раев Б.Римова атындағы драма театрын­да еңбек етіп, өнері мен өмірін көпке арнаған Дина Нұрғалиеваға «Құрмет» ор­денін табыстаса, Алмахан Кен­жебекова, Ерлік Жуасбек, Ұлан Ахметов, Дастан Пышанов, Роза Қапашеваны ТҮРКСОЙ ұйы­мының 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады. Өз кезегінде фестивальға қа­тысқан 5 мемлекет және елі­міздің түкпір-түкпірінен келген театр­лар ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйы­мының Алғыс хатымен ме­рейленді.

Сахна саңлағының ғасыр тойына орай алғаш рет өт­кен Халықаралық фестиваль қо­рытындысы бойынша «Аmanat» партиясы та­ғайын­­­да­ған арнайы жүлдені (300 мың теңге) Ж.Аймауытов атын­­­дағы Павлодар облыстық қа­­зақ музыка-драма театры ен­шіледі. Ал ғажайып тұлға Шол­пан Жандарбековадан дәріс алған шәкірттері Ш.Жан­дар­бекова атындағы арнайы жүл­де тағайындап, оған Оралхан Бөкейдің «Атау-Кере» қо­йы­лымында келін рө­лін сом­да­ған С.Сейфуллин атын­дағы Қа­рағанды облыстық акаде­мия­лық драма театрының әртісі Анель Сағындықованы лайықты деп тапты. Биапа театрының іргетасын қалаған жетісулық өнер ошағының ардагер буыны тағайындаған Б.Римова атындағы арнайы жүлдені Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры­ның актрисасы Ақбота Ра­хат иеленді.

Сол секілді, «Үміт» аталымы бойынша алматылық «Жа­ңа Ғасыр» театрының әртісі Мақ­пал Қасенова, «Үздік режис­серлік шешім» аталымы бо­йын­ша С.Сейфуллин атын­дағы Қарағанды облыстық акаде­­миялық театрының режис­сері Ай­бын Салбан, «Үздік 2 план­дағы ер адам бейнесі» ата­лымы бойынша Б.Римова атын­дағы Талдықорған драма театры­ның актері Сағын­дық Жұмәділ, «Үздік екінші пландағы әйел адам бей­­несі» Әзербайжан мем­ле­кет­­тік ЮХ театрының әртісі Мег­­­дизаде Гюнеш марапатталды. Ал «Үздік ер адам бейнесі» ата­лымы бойынша Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының актері Жан­ғазы Рысқұл, «Үздік әйел адам бейнесі» аталымы бойын­ша му­зыкалық жас көрермен театры­ның әртісі Шынар Қалды­бай мерейленді.

Күллі елді шаттыққа бөлеген шырайы бөлек додада арнайы тағайындалған Бикен Римова атындағы жүлдені Ж.Аймауытов атындағы Павлодар қазақ му­зыкалық-драма театры «Ұж­дан» қойылымы үшін (700 мың теңге) еншіледі. Ал ТҮРКСОЙ ұйы­мының арнайы жүлдесін тал­дықорғандық Б.Римова атын­дағы драма театры (1 мың доллар) ұтып алды. Осылайша, көптің көңілін шалқытқан, кө­рер­­менге рухани азық сый­лаған ғажайып фестивальдің ал­ғашқы жеңімпазы әрі «Ең үздік қойылым» аталымының ие­гері – Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жас­өспірімдер театры деп таны­лып, облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің қолынан 1 мил­лион теңгелік сертификат алды. Айта кетерлігі, фес­тиваль жеңімпаздары дода ба­рысында Федерико Гарсиа Лорканың «Бер­нарда Альбаның үйі» қойы­лымын сахналаған еді.

 

Жетісу облысы