Жамалбек Шаймерденов – кеңестік дәуір тұсында мемлекеттік және қоғамдық қызметтер атқарған белгілі тұлға. Ол 1963 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болды. Екі жылдан кейін Шымкент облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Осы қызметті 1983 жылға дейін атқарды. 18 жылдық жоғары лауазымдық қызметінде өңірді өркендету бағытында еңбек етіп, тер төкті. Жалпы, өткен ғасырдың 60-80-жылдарын кеңес өкіметінің алтын дәуірі десе болады. Ауыл шаруашылығы, өндіріс осы кезеңде дамыды. Осының бәрі кеңестік экономиканың өсуіне алып келді. Халықтың жағдайы түзеліп, соғыстан кейінгі қиындықтар мен тұрмыс тауқыметі адамдар санасынан ұмытыла бастаған шақ. Ел еңсесінің тіктеуіне уақытпен санаспай күндіз-түні еңбек еткен Ж.Шаймерденовтей азаматтардың бұған, әлбетте, үлесі көп болды.
Міне, осынау аяулы жанды ұрпақтар жадында қайта жаңғырту мақсатында «Дәуір және тұлға» ғылыми-ағартушылық жобасы аясында Шымкент қаласы мен Түркістан облысында конференциялар өтті. Мегаполистегі басқосу атауы – «Тіл. Қоғам. Уақыт» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы. Бұл ауқымды іс-шара қоғам және мемлекет қайраткері Ж.Шаймерденовтің 95 жылдығына арналып отыр. Ал конференцияны ұйымдастыруға тікелей бастамашы болған қыздары Меңдіғаным мен Нұрсұлу Шаймерденовалар. «Тектіден текті туар» демекші, олар да – қара жаяу емес, филология мен тіл білімі саласының білікті ғалымдары. Жиынның тақырыбы неге тіл мәселесіне арналды десек, Жамалбек ағамыз кезінде өте әңгімешіл, сөзшең кісі болыпты. Әдебиетке ерекше қызыққан. Кітап жинау, әр іссапарынан үйіне қызықты кітаптар әкелу сүйікті ісі еді. Бала-шағасына да білімді болуды, әсіресе қосымша тілдер білуді көп өсиеттеген. Ұл-қыздарының ғылым жолын қууына әке ретінде қамқорлығын аямаған.
Конференция барысында көп естелік айтылды. Абыройлы кісінің жақсы қасиеттері сөз етілді. Естелігімен бөліскен азаматтар арасында кезінде көз көрген, ағалық мейірімін сезінген, тіпті Ж.Шаймерденов тұсындағы оңды өзгерістердің куәсі болған жандар сөз алды. Тек еліміздің өзінен емес, онлайн арқылы шетелден де белгілі азаматтар конференцияға қосылды.
Мәселен, Ресейдің Ингушетия Республикасының өкілі, саясаттану ғылымдарының докторы Исрапил Сампиев өндірісті өркендету ісіндегі ағамыздың сіңірген көп еңбегін баяндады. Ғалымның айтуынша, Ж.Шаймерденовтің ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болған. Сөзсіз іскер адам еді. Нағыз өз саласының білгірі, кәсіби маманы. Бірақ партияның өкілімін деп кеуде соқпайтын. Өте қарапайым, кішіпейіл жан еді. Айналасына шуағын шашып жүретін. Оның жанашырлығы мен қамқорлығын кезінде талай мұқтаж жандар сезінді. Іскерлігімен қатар білімі де өн бойынан көрініп тұратын. Міне, осы қасиеттер Ж.Шаймерденовті басқалардан ерекшелейтін.
Саясаттанушы баяндағандай, өңірдің атқарушы билігінің тізгінін ұстаған 18 жыл ішінде небір алпауыт өндіріс орындары салынды. Оларды санамаласақ, мұнай өңдеу, фосфор, трансформатор, цемент, экскаватор зауыттарын тізіп шығуға болады.
Әрине, өндіріс ел өмірінде маңызды рөл ойнайды. Сонымен бірге халыққа рухани азық та керек. Сол үшін Ж.Шаймерденов көптеген әлеуметтік нысанның бой көтеруіне күш салды. Оның тікелей басшылығымен облыс орталығында музей, стадион секілді спорттық-мәдени нысандар тұрғызылды. Бұл, әлбетте, елдің рухани демалуына, саламатты өмір салтына бет бұруына үлкен септігін тигізді.
Ж.Шаймерденов басқарған жылдары Шымкент шын мәнінде нағыз қалаға тән сипатта дамыды. Шаһарда жайлы орта қалыптаса бастаған соң, жаңадан жұмыс орындары пайда болғаннан кейін халық саны да біршама өсті. Әсіресе ауылдардан келген қазақтардың есебінен демография көтерілді. Міне, сондықтан да парасатты тұлға ел дамуына сіңірген осынау еңбегі үшін бірнеше мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Мұндай орден өте жоғары дәрежелі награда саналған. Ол еңбек майданында қаһармандық көрсеткен ең озат азаматтарға ғана берілетін. Ондай еңбек ерлері әрине санаулы болды. Ал Жауынгерлік Қызыл Ту ордені – бұған балама марапат. Ол керісінше соғыс даласында асқан ерлігімен көзге түскен батырлардың кеудесіне тағылатын. Бұл орденді кеудесінде жарқыратып тағып жүрген майдан қаһармандары сирек болатын. Демек Ж.Шаймерденовтің бұл марапаты – еңбекте ерекше ерлік танытқан нағыз батыр адам болғандығының белгісі. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен бір емес, бес мәрте наградталған. Осының өзі қоғам қайраткерінің бітім-болмысы бөлек ерекше жаратылған жан екенін айтпай ұғындырса керек.
Бұдан бөлек, ел ағасы тағдырлы кезеңдерде тек басқарушылық-ұйымдастырушылық қабілетін ғана емес, дипломатиялық білім-біліктілігін де ел болашағы жолында сарқи жұмсады. Өйткені кезінде Өзбекстан еліне өтіп кеткен жерлердің Қазақстанға қайтарылу мәселесінде нар тұлғаның көп еңбегі жатыр. Мәселені ың-шыңсыз дипломатиялық әдіспен шешуге атсалысқаны үшін Ж.Шаймерденов тағы бір маңызды награда «Халықтар Достығы» орденімен марапатталды. Бұған әр жылдардағы мемлекетіміздің гүлденуіне қосқан айрықша үлесі үшін марапатталған Ленин, Құрмет белгісі ордендерін қосыңыз.
Ж.Шаймерденовті өзіне ұстаз, аға тұтқан мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов та жылы естелік айтып, ұрпақтар сабақтастығын сақтау ұлт үшін, әсіресе өскелең жасқа маңызды екеніне тоқталды. Дара тұлғаны жасы үлкен кісілер білер, ал қазіргі жастар ол адам жайында көп нәрсе білмейді. Бұл арада ұрпақтар сабақтастығы әлсіз болып тұр. Осынау тізбекті жалғап, оны өміршең ету үшін біртуар азаматтың есімін мәңгі ететін түрлі іс-шараны үзбей қолға алу керек.
Қ.Айтахановтың айтуынша, конференция алдындағы қайталанбас тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі, оның атына берілген көшелер және осындай ғылыми-практикалық конференциялар мен өнегелі өмірі туралы жазылған кітаптар қайраткер атын ешқашан өшірмейді. Осыны айтқан Қ.Айтаханов мұндай тұлғаларды дәріптеу халықтың, оның ішінде жастардың сол кісілерге қарап бой түзеуіне, өткен өмірлерінен өнеге алып, өздеріне үлгі тұтуларына сеп деген ой түйді. Осы арада Қ.Айтаханов өнегелі жанның тіршілікте өте қарапайым кісі болғанын, дүниеге еш қызықпаған момын, тақуа, адал адам болып өмір сүргенін бір мысалмен-ақ айшықтап өтті.
«Алдыңғы толқын ағалардың істеген жұмыстарын кейінгі толқын інілер біліп жүруі керек. Сонда ұрпақтар сабақтастығы орнайды. Бүгінгі қоғам қалай пайда болады? Осыншама игіліктер қайдан келді? Егер сол Жамалбек Шаймерденовтей ағалар болмағанда, мұның бірі болмас еді. Еліміздің бүгінгі өндірісінің негізі 70-80-жылдарда қызмет еткен ел ағаларының ерен еңбегінің нәтижесінде қаланды. Бүгінгі ұрпақ соны ұмытпауға тиіс. Тәуелсіздік бірден келе салған жоқ. Оны қалыптастыру жолында аталарымыз бен апаларымыз талай тер төкті. Президентіміз айтқандай, біз Әділетті Қазақстанды құру бағытында келе жатырмыз. Ендеше, сол алдыңғы буынның ізін жалғап, жемісті еңбектерін жалғастыру үшін бізге де солар секілді тынбай еңбек ету керек. Соның ішінде басты қасиеттің бірі адал әрі әділ болуымыз міндетті. Ал адалдықтың жарқын үлгісін Ж.Шаймерденовтей тұлғалардан көруімізге болады. Ол кісінің арының тазалығы, қанағатшылдығы жөнінде бір ғана мысал айтайын, бір кездері партияның облыстық атқару комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров екіқабатты, 65 пәтерлі зәулім үй тұрғызып, кең бөлмелі пәтерлердің біреуін Ж.Шаймерденовке әпермекші болады. Бірақ оған ол үзілді-кесілді қарсы болып, 3 бөлмелі тар пәтерде шиеттей бала-шағасымен тұрып жатса да, ұсынысты қабыл алмайды. Осыдан-ақ ол кісінің бойынан ізгілік пен адал қасиетті анық көре аламыз. Бүгінгі таңда адамдарға осы мінез жетіспейді. Конференцияны ұйымдастырудағы мақсат біреу ғана, ол – біздің алдымызда жүріп өткен ағалар жолы мен өнегесін кейінгілерге насихаттап, өсиет қылып қалдыру. Әділетті Қазақстанды құру үшін адамдар адал болу керектігін ұмытпайық», деді Қ.Айтаханов.
Қоғам қайраткері асыл ердің құрметіне «Дара тұлға» атты кітап жазды. Онда өмірбаяны, соның ішінде соғыс кезіне тап келген бозбала шағындағы қиындықтар, одан студенттік оқуы мен ақыл-ойы мен еңбегінің арқасында қызметтік баспалдақтармен көтерілген өрлеу кезеңдері, саяси өмірдегі отты жылдар, сондай-ақ зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі тыныс-тіршілігі керемет баяндалған. Жазушы Еркінбек Тұрысов айтқандай, Сыр бойындағы қалың елдің ортасынан шыққан елжанды азаматтың ендігі жүз жылдық мерейтойына орай тағы бір мазмұнды еңбек дайындалып жатыр. Бұл жолы кітапқа өмірбаяны ғана емес, дара тұлғаның шыққан тегі мен ұрпақтары жайлы көбірек мағлұмат енгізілмек.
ШЫМКЕНТ