Бұл туралы Ақмола облысы әкімдігінің ресми сайтынан мәлім болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстанда атом электр станцияларын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге бастамашы болғаны мәлім. Сонымен қатар Президент Жолдауда референдум өткізу мерзімдері кейінірек белгіленетінін атаған. Референдум өткізу тәртібі 1995 жылғы 2 қарашадағы «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен регламенттелген.
Қазақстанда АЭС салу мәселесін талқылау мақсатында референдум өткізілгенге дейін Көкшетау қаласының әкімдігі жария талқылаулар өткізуді жоспарлап отыр.
Атом саласының салалық сарапшылары қатысатын жария талқылауларды өткізу барысында азаматтар өздерін қызықтыратын технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да кез келген сұрақтарын қоя алады.
Жария талқылау Көкшетау қаласы «Достар» мекенжайында 16 қазанда сағат 10:00-де өтеді.