Жапонияның Кюсю аралында велоспорттан алғаш рет ұйымдастырылған «Кюсю туры» аяқталды. Үш күндік веложарыста «Astana Qazaqstan Team» велошабандозы Андрей Зейц жеңімпаз атанды.
Хита қаласында мәресіне жеткен жарыстың соңғы кезеңінде Андрей Зейц пелотоннан 8 секундқа ұзап кетіп, көмбеге бірінші жетті. Сөйтіп Күншығыс елінде ұйымдастырылған тұңғыш велотурдың алғашқы жеңімпазы атанды. Сондай-ақ жалпы есепте «Astana Qazaqstan Team» велокомандасының италиялық өкілі Антонио Нибали екінші орынға ие болды.
7-9 қазан аралығында Жапонияда жалауы желбіреген жарыста Зейц пен Нибалиден бөлек, «Астана» велоклубынан Игорь Чжан, Евгений Гидич, Николас Винокуров және Александр Винокуровтар өнер көрсетті.