• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Қазан, 2023

Әлсіз топтың әлеуеті

203 рет
көрсетілді

Елімізде қазан айының екінші жексенбісі Мүге­дектігі бар адамдарды қолдау күні болып бел­гі­ленген. Қазір елімізде ерекше қажеттілікке мұқ­таж 7 мыңнан аса адам тұрады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау ми­нист­р­лігіне аталған күн­ге орай еліміздегі ерекше қа­жетті­лігі бар адамдардың әлеу­мет­тік қорғалу деңгейі туралы сауал жол­даған едік. Сала басшысы Светлана Жақыпованың айтуын­ша, олардың өмір сүру сапасын жақ­сар­ту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі.

«Мемлекет ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға әлеуметтік ықпалдасуы үшін жүйелі шаралар атқарып келеді. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін елімізде мемлекеттік көмек және жәр­демақылар, әлеуметтік төлем­дер түріндегі қолдаулар бар. Олар­дың әртүрлі деңгейін ес­кере оты­рып, мемлекеттік бюджет қа­ра­жаты есебінен тех­никалық оңал­ту құралдары, кресло-арбалар, са­на­торлық-курорттық емдеу, мін­детті гигиеналық құ­рал­дар, жеке көмекшінің және ымдау тілі ма­ма­нының қызметтерімен қам­та­масыз етіледі. Еліміздің барлық өңі­рін­де мүгедектігі бар адамдар үшін қол­жетімді және кедергісіз орта құ­ру бойынша жұмыстар жоспарлы түр­де жүргізіліп жатыр», дейді С.Жақыпова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің дерегі бойынша, еліміздегі мүгедектігі бар 719,3 мың адамның 422,5 мыңы еңбекке қабі­летті жастағы (58,7%), 189,9 мыңы зейнеткерлік жастағы (26,4%) аза­маттар болса, 106,9 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар (14,9%).

Ерекше қажеттілігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды тәр­бие­леп отырған отбасылардың мәсе­ле­лерін шешу мақсатында ми­нистр­лік жанынан құрылған Мүге­дек­тігі бар адамдарды әлеумет­тік қорғау саласын үйлестіру кеңесі жұмыс істейді.

«Мемлекет басшысы 2023 жылғы 7 маусымда Мүгедектердің құ­қық­тары туралы конвенцияға фа­куль­­­та­тивтік хаттаманы ратификациялау туралы заң­ға қол қойған (2023 жылғы 12 тамызда күшіне енді). Фа­культативтік хаттаманы қабылдау – БҰҰ Мүгедек­тер­дің құқықтары жөніндегі комитетінің Қазақстан аза­маттарының жеке өтініштерін қа­рау құзыретін мо­йындау. Биыл шілдеден бастап «Әлеуметтік кодекс» күшіне енді, онда барлық азамат үшін әлеуметтік қорғау саласында тең құқықтар мен мүмкіндіктер көзделген. Онда нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, нанымына, тұр­ғылықты жеріне, жасына, ден­сау­­лық жағдайына, оның ішінде мүге­дек­тігіне байланысты немесе өзге де мән-жайлар бойынша кез келген шектеу кемсітушілік болып саналатыны және оған тыйым салынатыны туралы жазылған», дейді министр.

Сала мамандарының айтуынша, Әлеуметтік кодекс мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға айтарлықтай септігін тигізіп отыр. Мәселен, биыл 1 шілдеден бастап I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарға мүге­дек­­тігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе бала асы­рап алушыға (қамқоршысына) төле­не­тін жәрдемақылардың мөлшері 14,5%-ға ұлғайтылды. Сондай-ақ еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынан тө­ле­нетін әлеуметтік төлемдердің мөл­­шері 14,5%-ға артты. Жыл басында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер мөлшерінің 8,5%-ға ұл­ға­ю­ын ескере отырып, жылдық мәнде олар­дың мөлшері 23%-ға өсті.

Ресми деректерге сүйенсек, 1 қ­азандағы жағдайға сәйкес мүгедек­ті­гі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 538,4 мың адам болыпты. Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында рес­пуб­­ликалық бюджеттен мүгедек­ті­гі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеуге 298,5 млрд теңге берілген. Оның мөлшері мүге­дек­тіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең тө­менгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. 2023 жылдың 1 қазанына мүгедектігі бойынша жәр­дем­ақының орташа мөлшері 68 464 теңгені құрады.

Министрліктің мәліметінше, мү­гедектігі бар адам­дарға арнаулы әлеуметтік қызметтерді 740-қа жуық мем­ле­кеттік ұйым ұсына­ды, оның 118-і – стационарлық үлгідегі мемлекеттік медициналық-әлеу­мет­тік мекемелер, 87-сі – күндізгі болу мемлекеттік орталықтары, 34-і – мемлекеттік оңалту орталықтары, 505-і – үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері. Стационарлық ұйымдардың жұмыс істеп тұрған желісіне балама күндізгі және үйде болу жағдайында әлеуметтік қыз­меттер көрсету жатады. Бұл өз ке­зегінде отбасымен бірге болып, отбасылық құндылықтарды нығай­ту­ға бағытталған. Нәтижесінде, бұ­рын стационарлық мекемелерде бол­ған 800-ден аса бала өз отбасына оралған.

Қазір еліміздің 12 өңірінде (Ақ­мола, Ақтөбе, Атырау, Абай, Же­тісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары, Алматы, Астана, Шымкент қала­ла­ры) 150 орындық жаңа ірі оңалту орталықтарының құрылысы бас­та­лды. Абай облысының Семей қа­ла­сында оңалту орталығы пайда­ла­нуға берілді. Осы жылдың соңына дейін Түркістан облысының Кентау қала­сын­да, Жамбыл облысының Тараз қаласында құрылыс аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қорының қол­да­уым­ен 8 өңірде (Ақтөбе, Жетісу, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қос­та­най, Павлодар облыс­та­ры, Алматы және Шымкент қалалары) аутизм спектрі бұзылған және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.