Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Діндер Съезі Хатшылығының отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сенат төрағасы әуелі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жиырма жылдығымен құттықтады. Форум осы уақыт ішінде жаһандық дінаралық және өркениетаралық диалогтың маңызды платформасына айналғанын сөз етті.
«Өткен жиырма жылда әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері Қазақстанның дінаралық диалогты дамыту жөніндегі бастамаларына үлкен қолдау көрсетті. Форумның миссиясы мен мақсаттарын іске асыруға зор үлестерін қосты. Сондықтан Съездің барлық қатысушыларына айрықша алғысымызды білдіреміз. Бүгінде Хатшылықтың отырыстары Съезд жұмысының маңызды бөлігіне айналды. Біздің кездесулеріміз қашанда сенім мен ашықтық принциптеріне негізделеді. Сол арқылы ең өзекті мәселелерді конструктивті түрде талқылау игі дәстүр ретінде қалыптасты», деді М.Әшімбаев.
Съезд Хатшылығының ХХІ отырысына қатысу үшін Астанаға 22 елден 28 делегация келді. Олардың арасында бұған дейінгі Съездер мен отырыстарға қатысып жүрген, сондай-ақ, қазақ елінің астанасына алғаш рет келген меймандар бар.
«Жалпы, біздің әр отырысымызда Съезд идеялары мен мақсаттарын іске асырудың бағыт-бағдары айқындалады. Сондықтан Хатшылықтың бүгінгі отырысы да мазмұнды әрі нәтижелі өтеді деп сенемін», деді Сенат төрағасы.