Ресей Федерациясындағы «Қазақ тілі» халықаралық орталығы» өкілдігінің төрайымы Сәуле Таикешева Ресейдегі қандастардың елге деген қызығушылығы арта түскенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз «Отандастар» қоры ұйымдастырған осындай ауқымды жиынға дәстүрлі түрде қатысып тұрамыз. Бүгінгі форум бұрынғыдан өзгерек. Әлемнің әр түкпірінен келген қандастарымыздың қуаныштан жүзі балбұл жайнап тұр. Олардың ешбірі ұмытылмай түгел жиналғаны қуантады», деді Сәуле Таикешева.
Бұдан соң ол Ресей Федерациясындағы «Қазақ тілі» халықаралық орталығының басты мақсатына тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
«Біздің орталықтың басты мақсаты – қазақ тілін насихаттау. Жыл сайын Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Ана тілі әлемі» атты оқушылар лагерін ұйымдастырып тұрамыз. Ол лагерьге Ресейдің әр өңірінен қандастар келеді. Халықаралық деңгейде өткен оқушылар лагері Ақтөбе қаласында өткізілді. Балалардың тілге, мәдениетке деген қызығушылығы артқанын байқадық», деді С. Таикешева.
Сондай-ақ ол Ресей жеріндегі қандастар арасында түрлі дөңгелек үстелдер, шеберлік сыныптары, насихат жұмыстары жүргізіліп тұратынын айтты.
«Бес жыл бұрын өлкетанушымен бірлесіп «Орынбордағы Ахмет Байтұрсыновтың ізі» деген монография шығардық. Сондай-ақ Орынборда «Алаштың ізімен» деген экскурсиялық тур бар. Бұл атқарылып жатқан жұмыстар оң әсерін беріп жатыр. Қандастарымыздың генетикалық жады оянып жатыр деуге болады. Сондай-ақ Алтай өңірінде 5-сыныпқа дейінгі оқушыларға арнап қазақ тілі оқулығы шығып жатыр. Оның бәрі Оқу-ағарту министрлігінің келісімімен жасалады», деді ол.
Оның айтуынша, соңғы 3-4 жылда Ресейдегі қандастардың елге деген қызығушылығы арта түскен.
«Бүгінгі форумда көптеген күрделі мәселелер көтеріліп жатыр. «Отандастар қорының» арқасында 3-4 жылда Ресейдің әр өңірі оянады. Жастардың елге деген қызығушылығы артты. Бұның барлығы әрине «Отандастар қоры» жұмысының жемісі. Бұл қормен бір отбасыдай етене жұмыс істеп жатырмыз. Ресейдің әр түкпірінен ешкім ұмытылмай келіп жатыр. Бұл да бір жақсы нәтиже», деді Сәуле Совхозқызы.