• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 11 Қазан, 2023

Аңсағанның арманы

297 рет
көрсетілді

Оны қазір әлеуметтік желіден жиі көреміз. Ал шығармалары кө­бінесе шетелдік көрмелерде көбірек қойылып жүр. Мәселен, жуырда Арген­тина­ның бірнеше қаласында, Иракта, Түркияда, Италияда өткен көрмелерде туын­­дылары көрсетілді. Өзі суретші болса да Суретшілер одағына мүше емес (оның да сыры бар), есесіне, шетелдік Суретшілер одақтарына мүше. Тақы­рыбы – әлеуметтік мәселе, аудиториясы ауқымды. Әр картинасында қоғамның бір шын­дығы жатады. Азаматтық ұстанымына сай ақылы сурет салмайды, шығармасын да сатпайды. Ол – суретші-аниматор Аңсаған Мұстафа.

Нағыз қазақ қызының образы қа­шан­нан биік деңгейдегі ұғым са­налған. Ол ұғым өнерде де сол дең­гейде суреттелді. Сурет әлемінде қа­зақ қызының образын жа­самаған қылқалам шебері кемде-кем. Десек те заман озып, қоғам ауысқан тұста қаншама жылдарға ұласқан, бір күйде қатып қалған қасаң түсініктер де өз уақытының тынысына қарай өзгереді. Бұл – заңдылық.

Аңсаған Мұстафа – өз замандас­­­тарын әсірелемей сол қалпында бейнелеген бірегей суретші. Оның кейіпкерлері, негізінен, қыздар. Қиял­дағы мінсіз, сұлу қыздар емес, арығы да, толығы да, адасып кеткені де, жол іздегені де бар, бірі мейірімді болса, бірі ашулы. Суретші кейіп­керлерін өзіміз сүріп жатқан өмір­дегі кішкентай тағдырлардан құрайды. Бәрі де көзімен көрген, жүрекпен сезген оқиғадағы адамдар – құлаған, жылаған, адасқан, қайта тұрған тағдырлар. Мысалы, су­ретшінің «Мамам мені өлтіретін шығар» туындысы біздің қоғамдағы осы мәдени диссонанс пен жалған этноцентризмнің көрінісін береді. Жалпы, визуалды арт қандай формада болмасын шынайы, яғни өмірмен тығыз байланысты болса керек. За­манауи өнерде жасанды, өмірде жоқ идеалдарды насихаттай беру де тиім­сіз.

Автор шығармалары арқылы қо­ғамға пайдасын тигізгісі келеді. Әр шы­ғар­масында айналамызда болып жатқан түрлі әлеуметтік мәселелерді бейнелейді. Бүгінде осы тақырыптағы картиналарының саны 200-ге таяған. Ол туындыларын ең алғаш әлеуметтік желіде жариялады. Бүгінде әлеуметтік желі арқылы суреттерінің бармаған елі жоқ сияқты. Соның бірі – «Тазалық». Суретшінің айтуынша, туынды, не­гізінен жас қыздарға арналып са­лынған. Кейде олар сүйгенімен айырылысып, махаббаттан қайғырып жүрген кезде бәрін ұмыту үшін миы мен жүрегін тазалап алатын кіржуғыш машинаның болғанын армандайтын кездері болады. Автор суретті жүрегі жаралы қыздарға арнаған. Ал телефон құшақтаған баланың суреті карантин кезінде салыныпты. Иә, сол кездері балалар телефондарын құ­шақтап, сабақты үйден оқыды. Бірақ дәл мектептегідей оқуға деген белсен­діліктері де, қызығушылықтары да бол­мағанын білеміз. Сурет осыны сипаттайды.

«Жұмыс күтіп жатырмын» туындысы да көптің назарын бірден ауда­рады. Қоғамдағы жұмыссыздық мәселесін қаузаған шығарманың идея­сын Қырымбек Көшербаев айтқан екен. «Бірде Қызылорда облысының әкімдігі көрмеге шақырған болатын. Қырымбек Көшербаев менің барлық суреттерімді Facebook желісі арқылы біледі екен. Қолымнан ұстап алып әр суретті көрсетіп, мені мақтады. Өзім де суреттерімді танығанына қатты қуанып қалдым. Сосын менің саған бұрыннан айтайын деп жүрген идеям бар еді деді. «Қа­зақтың көбісі ештеңе істемей үйінде жатады. Не істеп жатырсың деп сұраса, жұмыс іздеп жатырмын деп жауап береді. Бұл нәрсе біздің өсуі­мізге, дамуымызға кедергі болады. Осы тақырыпқа қатысты бір күшті сурет салшы, жарай ма?» деді. Содан Астанаға келгенде осы суретті салып шықтым», дейді суретші.

Иә, Аңсаған Мұстафа өмірдің өзін суреттейді. Трагедияны сол күйінде эсте­тикалық талғаммен қағазға тү­сіре­ді. Содан да болар, автордың шы­ғармашы­лығына қызығатындар, жаңа дүниесін күтетіндер жетерлік. Суретшілер ода­ғына мүше болмаса да, ұзын-сонар атақ-даңққа, марапатқа ие болмаса да оның көрмесіне келушілер қашанда көп.

«Жалпы иллюстрациясыз да өмір сүруге болады деп ойлаймын. Бірақ қо­лымнан келгені сол, сурет салу. Су­рет арқылы кейбір адамдарға, кейбір проблемаларға қатысты ой салғым келеді. Осындай қателік жасамасыншы, ойлансыншы деп әр детальға көпшіліктің көңілін аударғым келеді. Менің әр суретім бір мақала сияқты. Маған «Мынадай суреттермен бір нәрсе өзгерте аламын деп ойлайсың ба?» дегендей сұрақтар қоятындар да бар. Иә, өзгерте аламын деп ойлаймын. Қазақта «тамшы тас теседі» деген сөз бар. Мысалы, «Ма­мам мені өлтіретін шығар» деген суре­тіме қа­тысты екі оқиғаны жеке өзіме келіп айтты. Бірінші оқиға: бір қыз тү­сік жасатқалы жүрген жерінен, менің су­ретімді көріп, құрсақтағы сәбиінен кешірім сұрап, өмірге әкелген. Екінші оқиғаны бір жігіт баяндап беріп еді. Ол екі жаққа кеткен қос ғашыққа ме­нің сол суретімді көрсетіп, баланың аман-есен өмірге келуіне, қазаққа тағы бір отбасы қосылуына ықпал еткен. Ал мен білмейтін оқиғалар қаншама. «Қорқам, әке, ұрмашы» деген суретті көрген екі азамат хабарласты. Өздері өкініп, «енді ешқашан балама қол көтермеймін» деген жігіттер де болды», дейді суретші. Иә, Аң­сағанның арманы – өз туындылары арқылы қоғамның дертін емдеу.

Суретші әлеуметтік тақырыптағы суретті ойша ұзақ ойланып жүріп, 30 минут – 1 сағат аралығында салады. Ал егер жейделерге салынатын сурет болса, 2-3 күн аралығындағы уа­қыт кетеді дейді. Айта кетейік, автор суреттерін жеңіл киімдерге көр­не­кілік ретінде жабыстырып, оны са­тылымға шығарып, тұрақты кәсіпке айналдырып отыр.