• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Қазан, 2023

Гуманитарлық көмек жеткізілді

181 рет
көрсетілді

Ауғанстанның батыс аумағында болған зілзала (эпицентрі – Герат провинциясында) салдарынан 2 500-ге жуық адам қаза болып, 9 мың тұрғын жараланды. 2 мың үй қирап, халық баспанасыз қалып отыр. Табиғи апаттан кейін еліміздің Үкіметі ауған халқына шұғыл гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­ма­сына бай­ланысты «KazAID» отандық халық­ара­лық даму агенттігінің бел­сенді қатысуымен кеше Ауған­станның Герат провинциясына арнайы авиабортпен салмағы 1600 тоннадан асатын азық-түлік, шатырлар, киім-кешек және төсек-орын жабдықтарын қамтитын ірі гуманитарлық жүк жеткізілді. Елімізден жеткен көмекті Ауғанстандағы Табиғи апат­тардың салдарымен күрес жөніндегі штабтың өкілдері, атап айтқанда, Азаматтық әуежайлардың бас директоры Гарвал Абдул Саттар қабылдады.

Сонымен қатар 10 қазанда Герат провинциясына 45 адамнан тұратын Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел-құтқару тобы келіп, қазіргі таңда Наиброфи елді мекенінде (Герат қаласынан 50 шақырым жерде) құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. ТЖМ таратқан мәліметке қарағанда бұл – зілзаладан ең қатты зардап шеккен жер. Мұнда хабар-ошарсыз кет­кен­дердің саны көп. Жақын арада ауған халқына темір­жол көлігімен «Хайратон» стансасына (Ауғанстанның Балх провинциясы) кезекті ірі гуманитарлық жүк жіберілмек.

Бұдан бөлек, Ұлттық ұланның бортымен де Ауғанстанға гуманитарлық көмек сәтті жеткізілді. 8 офицер мен сержанттан тұратын экипаж 1300 шақырым қашықтықты артқа тастап, Герат провинциясына медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек аппараттары, сондай-ақ шатырлар түріндегі гуманитарлық жүкті алып барды.

– Жер сілкінісі кезінде зар­дап шеккен тұрғындарға гума­нитарлық көмек жеткізу жөнін­дегі бітімгершілік мис­­сиясы орындалды. Бұл біздің мұндай жүктерді тасы­малдаудағы алғашқы тәжі­ри­беміз емес. Бұған дейін Ұлттық ұлан авиациясы гумани­тарлық жүктерді алыс шетелдерге, соның ішінде екі рет Сирияға, төрт рет Түркияға жеткізген едік. Естеріңізде болса, биыл ақпан айында осы елдерде жойқын жер сілкінісі болды. Біз бұл жолы да алға қойған міндетті сәтті орындадық, – деді әуе кемесінің командирі Құрманғали Топанов.

Герат провинциясының губернаторы шейх Нұр Ахмад Ислам Джар ауған халқы атынан елімізге тұрақты гуманитарлық көмек көрсеткені, қиын уақытта қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.