Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттарға келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері тыңдалды.
Азық-түлік қауіпсіздігі алаңдатады
Аталған мәселе бойынша Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова баяндама жасады. Мінберге көтерілген Үкімет өкілі былтыр маңызы зор бірқатар заңнамалық акті қабылданғанын атап өтті.
«Сіздер ұсынған 2,5 мыңнан астам азаматтың өтініштері Үкімет тарапынан мұқият қаралып, жауаптары Парламентке жолданды. Олардың орындалу барысы ерекше бақылауда екенін жеткізгім келеді. Енді осы өтініштерде көтерілген жүйелі мәселелерге қысқаша тоқталсақ.
Біріншіден, өтініштердегі көп көтерілген мәселенің бірі өткен жылғы жылу желілеріндегі ірі техногендік апаттардың салдарын жою және осы саладағы инфраструктураның потенциалын көтеруге қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет еліміздің барлық жылу инфрақұрылымдарына тиісті тексерулер жүргізіп, оның қорытындысы бойынша нақты іс-шаралар жоспарын қабылдады», деді Т.Дүйсенова.
Премьер-министрдің орынбасары келтірген деректерге сүйенсек, жылумен қамтамасыз ету нысандарын салу, күрделі және ағымдық жөндеу жұмыстарының кестесі әзірленген. Үкіметтің резервінен Екібастұз, Риддер, Рудный, Степногорск, Көкшетау, Ақтау, Семей, Павлодар қалаларының жылумен қамтамасыз жүйелерін жөндеу үшін 55 миллиард теңге бөлінді. Осы салаға едәуір инвестиция тартуға және коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қабылданып, іске асырылып жатыр.
«Бұл жобаның аясында инженерлік желілерді жөндеу және осы саладағы қызметкерлердің жалақысын арттыруға, кадрларды тартуға, олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 250 миллиард теңге шамасында қаржы тарту жоспарланып отыр», деді Т.Дүйсенова.
Екінші маңызды мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі. Үкімет өкілі елдің бірқатар астықты өңірінде ауа райы қолайсыз болғанына назар аударды. Оның айтуынша, астықты кептіру үшін 62,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Қаржы институттары айыппұл санкцияларын қолданбай несиелер мен қарыздарды ұзартуды жүзеге асырмақ. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорлары негізінде тұқым қоры қалыптасады.
«Өңірлік деңгейде төтенше жағдай режімі жарияланған Жамбыл облысының шаруаларына өтемақы төлеу үшін тиісті жұмыс жүргізілуде. Бұл мақсатқа 3,7 миллиард теңге бөлінді. Бұдан басқа, ішкі нарықта бидай бағасын тұрақтандыру және «параллельді импорт» әкелуді болдырмау мақсатында 2024 жылдың 11 сәуіріне дейін – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше және басқа да үшінші елдерден Қазақстан аумағына теміржол көлігімен бидай әкелуге тыйым салу мерзімі ұзартылды», деді Т.Дүйсенова.
Сондай-ақ осы салаға бөлінген субсидия көлемі 430 миллиард теңгеге дейін өскенін жеткізді. Көктемгі егіс және күзгі егін орағы науқанына жыл сайын берілетін жеңілдетілген несие көлемі 70-тен 140 миллиард теңгеге артқан.
«Пайдаланылмай бос жатқан немесе бір кезде заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін, оның ішінде жайылымдық жерлерді қайтару үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022 жылдың басынан бері 8,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды, оның 2,8 миллион гектары қазірдің өзінде елдің игілігіне берілді. Қайтарылған жердің көбі халыққа мал жаю үшін беріліп жатыр», деді Т.Дүйсенова.
2025 жылы тұрғындар толықтай ауыз сумен қамтамасыз етілмек
Бұдан бөлек, Премьер-министрдің орынбасары бағаны өсірмеуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ экология мәселесіне қатысты көптеген арыз-шағым келіп түскенін атап өтті.
«Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында қажетті инфрақұрылымдарды салу және жаңғырту арқылы елді мекендерді сапалы сумен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Кейінгі екі жылға 158 ауылдық елді мекенді сумен жабдықтайтын 34 жобаны іске асыру үшін 23,3 миллиард теңге бөлінді. Жалпы, 2025 жылға қарай еліміздің барлық тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған.
Жерді суару кезінде суды үнемдеуге бағытталған Кешенді шаралар қолға алынбақ. Атап айтқанда, 3,5 мың шақырымдық суару желісін жаңғырту, 212 каналда суды есепке алу мәселесін цифрландыру, 15 гидротехникалық құрылысты жаңғырту көзделіп отыр. 2025 жылға дейін ең алдымен Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарын қосымша сумен қамтамасыз ету үшін жалпы аумағы 1,7 текше метр болатын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланды. Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 11 су қоймасын салу көзделген», деді Т.Дүйсенова.
Премьер-министрдің орынбасары жұртшылықтан түскен әлеуметтік салаға қатысты сауалдарға да жауап берді. Үкімет өкілінің айтуынша, әлеуметтік кодекс аясында әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы ендірілмек. Мұның басты екі қағидаты бар. Біріншіден, жаңа әлеуметтік саясатқа мемлекетпен жұмыс берушілер және жұмысшылар бірдей қатысуы керек. Екіншіден, әлеуметтік қолдау шаралары атаулы түрде және проактивті форматта көрсетілуі қажет.
«Білім беру саласында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл жобаның аясында 369 мектеп салынады. Бұған жергілікті және республикалық бюджеттер, білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан нысандарды қоса алғанда 2026 жылға дейін 1,5 миллион оқушыға арналған мектеп орны пайдалануға берілмек.
Қазіргі мектептерде 2029 жылға дейін жыл сайын 1 мыңға жуық заманауи роботтехника, химия, биология, физика және STEM кабинеті ашылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білікті мамандарды мектепке тарту үшін педагогтердің жалақысы екі есеге өсті. Жалпы, білім беру саласына бөлінетін бюджет қаржысы 5 жыл ішінде 2 еседен астам көбейді. Яғни 2018 жылғы 1,9 триллион теңгеден 2022 жылы 4,5 триллион теңгеге артты.
Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру және инновациялық білім беру технологияларын елімізге әкелу үшін биыл шетелдің 5 жетекші жоғары оқу орнының филиалдары ашылды. Кейінгі 6 жылда мемлекеттік білім беру тапсырысының саны екі есеге жуық өсіп, жыл сайынғы грант саны 88 мыңға жетті. Бір студенттің білім алуына жұмсалатын қаржы 3 жыл ішінде екі есе өсті», деді Т.Дүйсенова.
Бұдан бөлек, әлеуметтік салаға қатысты мәселелерді әңгімелеп берді. Баяндамашы жастарды жұмыспен қамту мәселесі әрдайым Үкіметтің назарында тұрғанын атап өтті.
«Жастар санатына кіретін азаматтар жасының төменгі шегін 29-дан 35-ке дейін көтеру мемлекеттік қолдау шараларының 5,7 миллион адамға қолжетімді болуына жол ашты. Биыл 20 өңірлік жұмыспен қамту жоспары іске асырылуда. Оларда алғаш рет облыстардың өңірлік еңбек нарығының ерекшелігі ескеріліп, тиісінше мемлекеттік қолдау шаралары сараланды.
1 қазандағы жағдай бойынша 715 мыңнан астам адам жаңа, бос және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды, оның жартысы – жастар. Үкімет жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалар аясында да жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Биылдың өзінде жалпы сомасы 273,4 миллиард теңге болатын 64 жоба жүзеге асырыла бастады, онда 12,3 мың жұмыс орны ашылады», деді Т.Дүйсенова.
Жолақы неге қымбат?
Бұдан кейін депутаттар көкейдегі сауалдарын Үкімет мүшелеріне қарша боратты. Ең алғаш болып сөз алған Ерлан Саиров жылу маусымына қатысты мәселе көтеріп, кей жөндеу жұмысының әлі аяқталмағанына алаңдаушылық білдірді. Бұл сауалға Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жауап берді.
«Жылыту маусымы бойынша Үкімет және жергілікті атқарушы билік органдары ауқымды жұмыс атқарды. Республикалық жергілікті бюджеттен 55 млрд-қа жуық ақша бөлінді. Оның ішінде тек жылу энергетикасы объектілеріне 37,1 млрд теңге қарастырылған. Қарағанды энергия торабы бойынша мәселелер бар. Атап айтқанда, Арселор Миттал Теміртау ЖЭО-2 бойынша туындап отыр. Қазір 4 қазандық, 2 турбина жұмыс істейді. Төртінші қазандықты жөндеу кешігіп тұр», деді А.Сәтқалиев.
Айдос Сарым елімізде ұшақ бағасының қымбаттығына наразылық білдірді. Оның айтуынша, тұтынушылар мен сарапшылар қауымдастығы әуе тасымалы бағасы мәселесін үнемі көтеріп жүр.
«Бұл туралы талай депутаттық сауал да болды. Атап айтқанда, адамдар төмен бюджетті әуе компаниясы билет бағасының күн сайын қымбаттап бара жатқанын айтады. Air Astana әуе компаниясының еншілес кәсіпорны «Fly Arystan» жолаушыларды қолжетімді бағадағы билетпен қамту үшін құрылған еді. Бұл ішкі туризмнің дамуына ықпал етуге тиіс болатын. Ал іс жүзінде лоукостер билеттерінің бағасы бас компания билетімен теңесіп, жылдан-жылға өсіп жатыр. Осындай баға масқара емес пе? Министр мырза, болашақта азаматтарымыз әуе билетін қолжетімді бағада сатып алу үшін министрлік қандай шаралар қарастырған?», деді А.Сарым.
Сауалға жауап берген Көлік министрі Марат Қарабаев әуе тасымалы құнының қымбаттығын сұраныстың көптігімен түсіндірді. Оның айтуынша, былтыр 2020-2021 жылдармен салыстырғанда әуе тасымалына сұраныс 17 пайызға өскен.
«Биыл 26 пайызға өсіп отыр. Яғни сұраныс бар, ал ұсыныс оған төтеп бере алмай отыр. Ол үшін ұшақтардың санын ұлғайту қажет. Былтыр 14 ұшақ сатып алынды, биыл жыл соңына дейін әуе компаниялары тағы 11 ұшақ алады. Нәтижесінде, қазақстандық ұшақтардың саны 100-ге жетеді және ондағы орындық саны 12 мыңнан 15 мыңға артады. Оған қоса 2024-2025 жылдары тағы 14 ұшақ сатып алу жоспарланып отыр. Екінші мәселе – әрине бәсекелестікті дамыту керек. Бұл бағытта «Fly Arystan»-ды «Air Astana» әуе компаниясынан жеке шығарып жатыр. Нәтижесінде, 4 әуе компаниясы болады, осылайша бәсеке артады. Оған қоса шетелдік әуе компаниясын тартып, 5-ші компания ретінде дамыту жоспары бар», деді М.Қарабаев.
Депутат Ермұрат Бапи жат діни ағымдарға тосқауыл қою керек екенін жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, мемлекеттің ұлттық тұтастығы мен халықтың дәстүрлі дінін, келешек ұрпақты қатерге тігуге болмайды.
«Ұлттық қадір-қасиетімізді сақтаймыз десек, елдің ішіне іріткі салған жат діни ағымды ақыл-санадан да, ауыл-қаладан да қуып шығуға міндеттіміз. Бірақ депутаттар қаққан дабылды «бұлар ислам дініне қарсы шықты» деп әлдекімдер әлеуметтік желіде өңін айналдырып, дабыра салып жүр. Ескерте кетейін, жалпы исламға және елдегі исламның Ханафи мазһабына қарсы емеспіз. Біз дәстүрлі дінге бүйі тигендей болған салафизм, уахабизм идеясына қарсымыз. Қазақ халқының ежелден өмір сүру және тұрмысы мен салт-дәстүріне жат идеологиялық ағымға қарсы Үкімет жағынан жасалған концепциялық бағдарламалар бар ма?», деді Е.Бапи.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова осы мәселе Үкіметте қаралып жатқанын айтты. Оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі түрлі ағымдарды насихаттайтын контентке толық тосқауыл қою мүмкін болмай тұр.
«2011 жылы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заң қабылданған. Сол заңды орындау үшін кейінгі 5 жылда үш концептуалды құжат қолға алынды. Қазір өзіңіз көтерген тақырып үлкен проблемаға айналып отыр. Тамыз айынан бастап осы мәселемен айналысып жатырмын. Біраз теологтерді, діни бірлестік өкілдерін шақырып, пікір алмастық. Олардың пікірі де депутаттар көтерген мәселемен сәйкес келіп тұр. Сіздердің ұсыныстарыңызды олар да қолдап отыр», деді Т.Дүйсенова.
Депутат Мақсат Толықбай теміржол саласындағы мәселені көтеріп, «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшылығын сынға алды. «Теміржолда қашан тәртіп орнайды? Бұрынғы басшылар 30 жылда теміржолды табыс көзіне ғана айналдырған. Ескі Қазақстанның өкілдері осы саланың сөлін сорып, бізге тек қаңқасын ғана қалдырды. Бұл салада сапа мүлдем төмен. Ескі вагондар сүйретіліп әлі жүр, теміржол паркінің 60 пайызы тозған. Терезесі ашылмайтын, кондиционері қосылмайтын, қабырғасында тарақандар өрмелеп жүретін ескі вагондардың өзіне жаз кезінде билет таппайсың. Сөйте тұра, билетті субсидиялауға жыл сайын миллиардтарды санап береміз. Пойыздың жиі кешігуі бөлек мәселе», деді М.Толықбай.
Көлік министрі Марат Қарабаев келтірген деректерге сүйенсек, елде 2 567 вагон бар. Олардың тозу деңгейі 49 пайызды құрап отыр. Биыл 50 жаңа вагон сатып алынған. Қол қойылған келісімшарт аясында келер жылы тағы 100 вагон әкелінбек.
«Қосымша 157 вагон алу келісімін пысықтап жатырмыз. Сонда, биыл және алдағы жылда 300-ден астам жаңа вагон қосылады. Шарт бойынша 2025 жылдан бастап Еуропадағы ең заманауи «Stadler» компаниясының жалпы саны 537 вагонын алу жоспарланған. Бұл тұрғыда 2 567 вагонның үстіне 804-тен астам жаңа вагон алуға қазір қол қойылып отыр. Қосымша вагон алу мәселесін әлі пысықтаймыз», деді М.Қарабаев.
Баспана мәселесі шешілер емес
Депутат Дәулет Мұқаев Үкімет мүшелеріне жолдаған сауалында баспана мәселесін көтерді. Оның айтуынша, баспана қазақстандықтардың бас ауруына айналған. Әсіресе кейінгі жылдары мәселе күрт шиеленіскен.
«Баспана жайлы Мәжіліс мінберінен бірнеше рет көтерген едік. Үкімет тарапынан мардымды жауап болмады. Маған үнемі сырғытпа жауап келеді. Бүгінгі таңда баспана нарығы тұралап тұр. Үй алудың барлық бағдарламасы тоқырауға ұшырады. Өз депутаттық сауалымда «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларына өзгеріс енгізу, «7-20-25» бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау, «Жас отбасы» бағдарламасы жайлы бірнеше ұсыныс айтқан едім. Бұл мәселелер әлі де өзектілігін жоғалтқан емес. «7-20-25» бағдарламасы айналасында жемқорлық аз емес. Бағдарлама арқылы үй алу үшін пара берушілер де көбейіп отыр», деді Д.Мұқаев.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев халықты тұрғын үймен қамтуда мемлекеттік бағдарламалар іске асып жатқанын жеткізді. Ведомсвто басшысы келтірген деректерге сай, биыл мемлекет 10 мың пәтер берген. Оған 105 млрд теңге бөлініпті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы жалға алуды жеңілдету үшін субсидиялау бағдарламасы іске асырылды. Тағы басқа бағдарлама бойынша мемлекет қаражат бөліп жатыр. Өзіңіз білесіз, барлық халықты баспанамен қамту ету оңай емес. Егер уақытыңыз болса бірге отырып, барлық бағдарламаны бірге қарайық», деді Қ.Шарлапаев.
Депутат Нартай Сәрсенғалиев еліміздегі ажырасу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, ажырасқан әр 10 отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан туындайды. Депутат келтірген деректерге сүйенсек, елімізде қазір 350 мыңнан астам адам құмар ойынға салынған.
«2019 жылмен салыстырғанда, былтыр құмар ойындарға бәс тігу елімізде 40 есеге көбейген. Букмекер кеңселердің бір жылдық қаржы айналымы 1 трлн теңге болған. Лудомания дертіне шалдыққан 174 мың жас қазақстандық 36 млрд теңгеге бәс тіккен. Қазір құмар ойынның шырмауына түскендер шетінен қылмыскер болып жатыр. Былтыр 157 мыңнан астам қылмыс жасалса, соның 20 пайызы құмар ойынға құныққандардың мойнында. Суицид жасаған 3 676 отандасымыздың әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан деген дерек келді. Бұл лудомания бір адамның тағдырын емес, тұтас отбасыларды бүлдіреді. Елімізде ажырасқан әр 10 отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан шыққан. Ал біз осымен қалай күресіп жатырмыз? Елімізде қоғамдық көліктің сыртын, тұрғын үйлердің қасбетін түгелдей құмар ойындардың жарнамасына бердік», деді Н.Сәрсенғалиев.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова көтерілген мәселенің өте өзекті екенін мойындады. Оның сөзіне сай, «Ойын бизнесі туралы» заң 2007 жылы қабылданғандықтан, ондағы нормалар қазіргі өзгерістерге жауап бере алмайды. Мәселен, жарнамаға қарсы, балалардың ойынына ешқандай шектеу жоқ.
«Парламент депутаттары бастамасымен енгізіліп жатқан түзетулердің барлығын құзыретті органдармен бірге қарап шықтым. Бизнеске тиісті шектеу салатын 16 ұсынысты Ұлттық экономика министрлігімен пысықтап жатырмыз. Бұл тұрғыда 8 шектеу бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Қалған 8-і келер айда қаралып болады. Осының бәрін жинақтап, Парламентке келеміз. Негізгі мәселе неде? Қазір шетел тәжірибесін зерттеп шықтық. Жалпы, ойын тәртібі бар екен. Оған сәйкес ойынның уақытына, ставка деңгейіне қатысты лимиті болуы керек. Сондықтан бұл бағытта тиісті шектеулерді қойып жатырмыз. Атап айтқанда, шетел тәжірибесіне қарасақ, бір де бір сыртқы жарнамада құмар ойындарын көрсетпеуі керек. Сондықтан жарнамаға шектеу жөнінде тиісті норманы белгіледік. Енді тек букмекер кеңсесінің ішінде, сондай-ақ спорт телеарналарында жарнама жасауға болады деген ұсынысты қарастырып отырмыз», деді Т.Дүйсенова.
Айта кетерлігі, жиын барысында Мәжіліс комитеттері «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң жобасын және Қазақстан мен ДДҰ арасындағы Еуропалық өңірлік комитеттің жетпіс үшінші сессиясын Астанада ұйымдастыру туралы ратификациялық келісімді жұмысқа алды.