ЮНЕСКО ұйымы жыл сайын «Жібек жолы – жастар көзімен» атты халықаралық фотобайқау өткізуді дәстүрге айналдырды. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тапты.
Биылғы байқауға әлемнің 101 елінен 6700 адам қатысып, олар өздері түсірген фотоларын жіберіпті. Осында 14-17 жас аралығындағы үміткерлер арасынан моңғолиялық қазақ бала Ақжол Қайнарұлы түсірген фото үздіктер сапынан табылып, жүлдеге ие болыпты.
Өздеріңіз көріп отырғандай, бәйге алған фотода сол елдегі қазақ ағайындар жайлауға жаңадан көшіп келіп, алты қанат керегесі желкөз, тоқсан басты киіз үйін тігіп жатқан көрініс түсірілген. Үйдің сыртында өрнек салып оралған тоқымалы шиі көзге түссе, жалаңаш уықты ақ жабындымен бүркемелеп жатыр...
Бәйге алған бала хақында жергілікті баспасөз жарыса жазып жатыр. Олардың айтуынан аңғарғанымыз, бұндай үлкен байқаудан жүлдегер (3-орын) атану – зор жетістік әрі мемлекеттің абыройын көтеретін оқиға. Осы орайда, қазақ атын жалпақ әлемге танытып үлгерген Ақжол баламызға хабарласып, мән-жайды білдік:
«Мен 2006 жылы Бай-Өлке аймағының орталығында дүниеге келдім. Қазір студент атану үшін емтиханға дайындалып жүрмін. Табиғатты, көшпелі өмір салтын фотоға түсіру – бала кезден қалыптасқан сүйікті ісім. Сонымен қатар бокспен шұғылданып жүрмін. Жасөспірімдер арасында ел біріншілігінің күміс медаль иегерімін», дейді ол.
Ал «ЮНЕСКО ұйымдастырған фотобайқауға қалай қатысып жүрсің?» деген сұрағымызға: «2021 жылы Моңғол фотосуретшілер одағының сайтынан «Жапонияның Хигашикава қаласында жасөспірімдер арасында халықаралық байқау өтетіні» туралы ақпаратты көріп қалдым. Байқауға өзім түсірген 12 суретті жібердім. Қараша айында қорытындысы шығады деген хабар алдым. Содан 8 қараша күні менің фотоларым жүлдеге лайық деп танылғаны туралы хатпен бірге Жапония еліне саяхаттайтын жолдама қоса келді», дейді Ақжол.
Осылай қазақтың көшпелі өмірін суретке түсіріп, халықаралық бәйгелерге жолдауды әдетке айналдырған Ақжол жоғарыдағы ЮНЕСКО бәйгесіне де бақ сынап көрген. Ұйымдастырушылар осылардың ішінен мұнда өздеріңіз көріп отырған фотоны таңдап алып, бұл сурет туралы түсіндірме жазып жіберуді өтініпті. Оны шамасынша жазып жіберген екен.
«Өткен айдың 20-сы күні ЮНЕСКО-дан хабар келіп тұр. Онда менің суретім жүлдеге ілінгендіктен, марапатау рәсімі өтетін Қытай елінің астанасы Бейжіңге тез жетіңіз делініпті», дейді ол.
Ақжол барған. Қомақты сыйлық алған. Ұйымдастырушылар: «Сіз түсірген фото бас жүлде алуға лайық еді, бірақ өзіңіз оның ағылшын тіліндегі түсіндірмесін жақсылап жазып бере алмадыңыз» деген көрінеді.