Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі төртінші ойынында жеңіске жетті. Бұл турда жерлестеріміз өз алаңында Әзербайжан футзалшыларын қабылдап, аса тартысты өткен кездесуде 3:2 есебімен басым түсті. Осыдан бір апта бұрын екі ұжым арасындағы Бакудегі бірінші ойында Рикардо Кака шәкірттері 4:2 есебімен жеңіске жеткен еді.
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде өткен ойында алаң иелері бірінші таймның 8-минутына дейін 0:2 есебімен жеңіліп жатып, матч соңында тамаша камбэк жасады. Елордадағы кездесу де Бакудегі матчтың сценарийімен басталды. Бір-бірінің қыр-сырын жақсы білетін командалар алғашқы минуттардан аңдысып жатпай, бірден іске кірісті. Матч басында Дуглас пен Біржан Оразовта гол соғатын тамаша мүмкіндік болғанымен, екеуі де оңтайлы сәтті пайдалана алмады. Есесіне 4-минутта Игита қорғаған қақпаға алғашқы қауіпті шабуылын ұйымдастырған қонақтар бірінші мүмкіндігінен-ақ ойынның есебін ашты. Эдсонды қапы қалдырып, айып добының маңайынан сол аяғымен жойқын соққы жасаған Амадеу Әзербайжан құрамасын есепте алға шығарды. Арада төрт минут өткенде қонақтар есептегі басымдығын нығайтты – 2:0. Бұл жолы да гол біздің қақпамызға Эдсонның қателігінен кейін соғылды. Қорғаушымыздың алаң ортасындағы өрескел қателігінен соң қарсылас команданың футзалшылары бірден қарымта шабуылға шығып, Кардозоның тепкен добы қақпа торында тулады.
Қақпамызға енген екінші голдан кейін Кака бапкер бірден тайм-аут алып, футзалшыларға қажетті нұсқаулығын беріп, жігіттерді жігерлендірді. Шағын үзілістен соң ұлттық құраманың ойыны жандана түсті. Соның нәтижесінде 13-минутта Лео алаң ортасынан тоғыздықты дәл көздеп, таблодағы көрсеткішті бір голға қысқартса, 18-минутта Біржан Оразов Леоның пасынан кейін таразы басын теңестірді – 2:2. Сөйтіп, командалар үзіліске тең есеппен шықты.
Әлем чемпионатына шығу үшін іріктеу кезеңіндегі әрбір ойында жеңіске жету аса маңызды екенін жете түсінген жерлестеріміз екінші таймды да белсенді бастап, 22-минутта есепте алға шықты – 3:2. Бұл жолы Дуглас мергендігімен көзге түсті. Матч соңына дейін 3:2 есебі сақталып, ұлттық құрама футзалшылары жігерлі жеңіске қол жеткізді. Сөйтіп, іріктеу кезеңіндегі төрт ойынның барлығында қарсыластарынан басым түскен жерлестеріміз 100 пайыздық көрсеткішпен турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.
Екі ұжым арасындағы алғашқы ойынға қарағанда бұл жолғы матчта Әзербайжан футзалшылары жақсы дайындықпен келгені байқалып тұрды. Матчтың бірінші минутынан соңғы секундына дейін қонақтар ойындағы әрбір допқа талас жүргізіп, белсенді ойын өрнегін көрсетті. Дегенмен ел құрамасы бұл матчта халықаралық ойындардағы тәжірибесі мен Рикардо Каканың ұтымды тактикасының арқасында жеңіске жете білді.
А тобында бір күн бұрын Амстердамда өткен Нидерланд пен Румыния құрамалары арасындағы матчта тараптар ұпай бөлісуге мәжбүр болды – 1:1. Сөйтіп, элиталы кезеңнің төртінші турынан кейін Қазақстан құрамасы 12 ұпаймен «А» тобында көш бастап келеді. Екінші орынға 7 ұпайы бар Румыния футзалшылары жайғасса, үшінші орынға төрт ойында бір ғана жеңісі бар Әзербайжан құрамасы тұрақтады. Ал Румыниямен өткен ойында осы іріктеудегі алғашқы ұпайына қол жеткізген Нидерланд көш соңында қалып қойды.
Енді Қазақстан ұлттық құрамасы топтағы келесі ойынын 14 желтоқсан күні елордада Нидерландпен өткізеді. Егер осы ойында жерлестеріміз жеңіске жететін болса, онда ұлттық құрама мерзімінен бұрын келесі жылы Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте жалауы желбірейтін әлем чемпионатына жолдама алады. Ал топтағы соңғы ойынын Рикардо Кака шәкірттері 20 желтоқсанда сырт алаңда Румыниямен өткізеді.