Алдағы жексенбі күні WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (14-0, 9 KO) кәсіпқой бокстағы кезекті жекпе-жегін өткізеді. Оның бұл жолғы қарсыласы – IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеудің иесі германиялық Винченцо Гуальтьери (21-0-1, 7 KO).
АҚШ-тың Техас штатындағы Розенберг қаласында өтетін үлкен жекпе-жек кеші екі боксшы үшін де мансабындағы ең маңызды кездесудің бірі болмақ. Себебі бұл айқаста екі боксшы да өздеріне тиесілі орта салмақтың екі белдігін бәске тігіп отыр. Жеңгені – екі тұжырым бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізсе, жеңілгені осы кезге дейін жинаған атақ-абыройынан айырылып, чемпиондық белдіксіз қалады. Оның үстіне жеңіліссіз келе жатқан бір боксшының статистикасына жеңіліс жазылайын деп тұр.
Маңызды жекпе-жек алдында Жәнібектің қарсыласы Винченцо Гуальтьери туралы оқырманға аз-кем мәлімет бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Кәсіпқой бокс әлемінде енді-енді танылып келе жатқан 30 жастағы Винченцо Гуальтьери 1993 жылдың 4 қаңтарында Германияның Вупперталь қаласында дүниеге келген. Әуесқой бокста ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі жоқ неміс жігіті 2015 жылдың күзінен бері кәсіпқой бокс шаршы алаңында жұдырықтасып келеді. Сол кезден күні бүгінге дейін 21 рет шаршы алаңға көтерілген ол, барлық бәсекесінде жеңіске жетті. Жеті кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған. 2020 жылға дейін тек «қапшықтармен» жұдырықтасқан Винченцо кейіннен өзімен деңгейлес боксшылармен кездесе бастады. Алдымен ол Александр Павловты ұпай санымен жеңіп, Германия чемпионы атанса, кейіннен бұл атағын Томас Пиччирильге қарсы өткен айқаста сәтті қорғады. Ал 2021 жылы аргентиналық Билли Годойден басым түсіп, IBF Inter-Continental белдігін жеңіп алды. Бұл белдігін де екі мәрте қорғаған соң бос тұрған IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атану үшін Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері бразилиялық Эскива Фалкаомен жұдырықтасуға мүмкіндік алды. Ал Вупертальда өткен кездесуде Гуальтьери ұпай санымен жеңіске жетіп, орта салмақтағы IBF белдігін чемпионы атанып шыға келді. Бір айта кетерлігі, Винченцо Гуальтьери 21 жекпе-жегінің барлығын өз отанында өткізген.
Жәнібек Әлімханұлына келер болсақ, отандасымыздың жүріп өткен жолын бокс жанкүйерлері жақсы біледі. Әуесқой бокста бірнеше дүркін ел чемпионы атанып, 2013 жылы Азия және әлем біріншілігінде топ жарды. 2016 жылы Рио Олимпиадасына қатысқанымен, ширек финалдан әріге аса алмады. Сөйтіп, 2016 жылы толығымен кәсіпқой боксқа бет бұрып, даңқты промоутер Боб Арум жетекшілік ететін «Top Rank» компаниясымен келісімшартқа отырды. Бүгінге дейін ол 14 рет рингке көтеріліп, барлығында жеңіске жетті. Тоғыз қарсыласын нокаутпен сұлатып салды. 2021 жылы отандасымыз экс-әлем чемпиондары – Роб Брэнтты ұпай санымен, Хассан Энжикамды техникалық нокаутпен жеңіп, бокс мамандарының көзіне түсе бастады. Ал 2022 жылы Дэнни Дигнумды екінші раундта сұлатып салып, WBO тұжырымының уақытша чемпион атанды. Ал кейін жекпе-жек өткізбей-ақ әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Бүгінге дейін Жәнібек WBO белбеуін Дензел Бентли мен Стивен Батлерге қарсы өткен айқаста екі мәрте сәтті қорғады.
Әлімханұлы – Гуальтьери жекпе-жегін бокс жанкүйерлері 15 қазан күні сағат 7.00-де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алды. Сондай-ақ бокс кеші «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы мен qazsporttv.kz сайтында онлайн трансляцияланады.