Музыка – бүкіл әлем халқын байланыстыратын ортақ тіл. Түркі өркениетінің өзіне тән музыкалық дәстүрі қалыптасқан. Оның күштілігі сол, бүгіннің өзінде миллиондаған адам оны тыңдағанда, көңілі толқып, ерекше әсер алады. Мұның айқын көрінісі – ең көне музыкалық аспап қобыз бен домбыраның үні.
Ұлтымыздың рухани игілігі ХХ ғасырға дейін жазбасыз түрде дамып, ауыздан-ауызға ата-бабаның мұра етуімен күні бүгінге дейін жетті. Біз осы мыңжылдықтар бойы жібі үзілмеген ұлттық құндылықтарымызды, әсіресе, қазақтың музыкалық мәдениетін сақтауымыз керек. Бұл – біздің ұлттық кодымыз. Бойдағы алпыс екі тамырдың бастауы.
Әлемде саяси ахуал күрделене түскенде, «Отандастар» форумының жоғары деңгейде өткенін айтпасқа болмайды. Бұл біріншіден, төл мәдени мұраны, рухани сананы жаңғырту жолында атқарылған игі іс болды. Екіншіден, жаһанның түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет еткен қандастардың басын қосып, іргелі елдік мәселелерді талқылауға мүмкіндік жасады.
Шығармашылық адамның міндеті – пенденің руханиятын нығайтуға сеп болу. Осы ретте тәжірибем көрсеткендей, жас таланттарды жоғары деңгейде қолдау қажет. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі іске асырылуының арқасында, әлемдік аренада Қазақстан саяси, экономикалық тұрғыда ғана емес, кино, музыка сынды салаларда да белсенділігін арттырды.
Байғали СЕРКЕБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «A-Studio» тобының продюсері