Шымкентте 2023-2025 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібін дамыту жоспары аясында әкімдік шетелдік инвесторлар мен трансұлттық компанияларды мегаполиске инвестиция салуға тартып жатыр.
Соның бір айғағы – сауда-логистика орталығында түрік инвесторлары «Coca-cola» сусынын шығаратын жобаны іске асыруға кірісті. Осыған орай оларға 16 гектар жер берілді. Құрылыс жұмыстары басталып, қазір 40 пайызға аяқталды. Жобаны толық жүзеге асыруға 27 млрд теңге жұмсалады. 200-ден аса адам жұмыс орнымен қамтылады.
Бұған қоса Қытайдан келген инвесторлар керамикалық тақтайшалар өндірсек дейді. Оларға «Жұлдыз» индустриялық аймағынан 32 гектар жер қарастырылды. Тартылатын инвестиция көлемі – 32 млрд теңге. 350 жаңа жұмыс орны пайда болады. Құрылысы 70-80 пайызға аяқталып қалды.
Әкімдіктің негізгі мақсаты – халыққа жұмыс тауып беру, жаңа өндірістер арқылы бюджеттік салықты көбейту. Сонымен, 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында Кока-кола мен керамикалық тақтайшалар өндіретін зауыт толығымен іске қосылады. Бұдан басқа да шетелдік инвесторлар саны мегаполисте көп. Мәселен, Ресейден келген инвесторларға индустриялық аймақтан 20 гектар жер беріліп, олар үй құрылысы комбинатын салып жатыр. Яғни темір-бетон бұйымдарын құрастырады. Қазір шаһарда көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Бұл ретте темір-бетон бұйымдары үй құрылысындағы шығындарды азайтып, құрылысқа кететін уақытты үнемдемек. Шетелдегі үйлердің көпшілігі осындай әдіспен салынатынға ұқсайды. Бұл темір-бетон конструкциясымен бірқабатты үйді де тұрғызуға болады.
Мегаполисте ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Бозарық» индустриялық аймағы бар. Негізінен шикізатты көршілес облыстардан алатын болады. Тек қана тамақ өнеркәсібімен айналысады. Оның көлемі – 136 гектар. Президент тапсырмасына орай азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған. Қазір түрік инвесторы осы индустриялық аймақтан үлкен жобаны жүзеге асырғалы жатыр. Бұл жоба – анар шырынын шығаратын зауыт. Анар шырыны 250 мг қаңылтыр банкіде шығарылады. Бүгінде мұндай шырын сауда орындарында үлкен сұранысқа ие. 300-ден аса адам осы кәсіпорында жұмыс істемек. Зауыт аумағы 10 гектарды құрайды, жұмсалған инвестиция қаражаты – 7,2 млрд теңге. Өндірісті іске қосу 2025 жылға жоспарланып отыр.
Ал «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жеңіл өнеркәсіп, мұнай-химиясы, машинажасау салалары шоғырланған. Келетін инвесторларға осы аймақтан орын беріледі. Бір жақсысы – инвестор жер, мүлік салығынан босатылады. Қазір ресейлік инвестор әйелдерге арналған фитнес киімдер тігіп жатыр. Үлкен жоба болмаса да жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлес қосып отыр. Осы секілді жобалар мегаполисте жетерлік.
Мемлекет басшысы Жолдауда шағын кәсіпкерлерді қолдауға, оларды орта кәсіпкерлер деңгейіне шығаруға тапсырма берді. Бұл орайда Шымкентте «Іскер қала» деп аталатын жергілікті бағдарлама жұмыс істеп жатыр. Биыл 1 тамызға дейін 1%-бен 10 млн теңгеге дейін несие беретін. Қазір ол сома өсіп, 30 млн-ға көбейді. Бағдарламада өндіріс, ауыл шаруашылығы, туризм, сервистік қызмет салаларына қатысты жобаларға қаржы беру қарастырылған. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бағдарламаға қаражат бөлуді осы айда шешпек. Кәсіпкерлерге бұл бағдарламамен екінші деңгейлі банк арқылы несие беріледі. Басты шарты – кепіл мүліктің болуы. «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисі керекті құжаттардың бәрін түгендеп, тегін бизнес-жоспар жасап береді. Сол фронт-офис кәсіпкерді жүгіртпей-ақ, 1-2 күнде құжаттарды банкке өзі өткізеді, ал банк талапқа сәйкес келсе, бір апта ішінде жобаны мақұлдайды. 1% пайызбен алған несиені кәсіпкер қалай пайдаланып жатқанын тексеріп отыратын мониторингтік топ бар. Әкімдік цифрлық технологияның мүмкіндігін ескеріп, келешекте құжаттарды электрондық кілтпен қабылдайтын етпекші. Мұның пайдасы кәсіпкер уақыт жағынан ұтады.
«Іскер қаланың» тағы бір бағыты – өндірістік алаңдарды жалға беру. Өйткені кәсіпкерлер орын табудан көп қиналады. Арендаға берілетін ғимараттар қымбат. Әкімдік сол үшін бұрынғы тоқтап қалған «Қайнар май» зауытының басшылығымен келісіп, кәсіпорынның әр шаршы метрін мың теңгеден арзанға жалға беріп отыр. Silk way өндіріс орнынан да аренда қарастырған. Бірінші жылы әкімдік жалдау құнының 75%-ын, екінші жылы 50%-ын, үшінші жылы 25%-ын төлеп береді. Яғни кәсіпкерге аяққа тұрып алғанша жағдай жасайды. 10 мың шаршы метрлік зауыт модуль өндіріс алаңы жақында ашылғанына қарамастан кәсіпкерлер толып қалған. Кәсіпкерлерді толық қанағаттандыру үшін «Стандарт» жекеменшік индустриялық аймағынан 27 мың шаршы метрге өндіріс алаңы салынып жатыр.
«Іскер қала» бағдарламасының үшінші бағыты – өндірістік алаңда жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге өндірісін кеңейту үшін 2%-бен 50 млн теңгеге дейін несие беру. Осы ақшаға керекті құрал-жабдықтар сатып алады немесе айналым қаражатқа жұмсайды. Президенттің шағын кәсіпкерлерді орта кәсіпкерлік деңгейіне көтеру қажет деген Жолдаудағы талабын осы бағдарлама іске асырып жатыр. Сондықтан осыны Үкімет назарға алып, өзге өңірлерге қанатқақты жоба ретінде енгізсе болады деген ұсыныс айтқымыз келеді. Егер кәсіпкер 2-3 жыл өткен соң табысы артып, өндірістік алаңға сыймай бара жатса, әкімдік индустриялық алаңнан жер ұсынады. Осылайша, жергілікті билік іскер азаматтарды шағыннан ортаға, одан ірі кәсіпкер атануға көмек береді.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиевтің айтуынша, бағдарлама 2019 жылы қабылданып, осы күнге дейін өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерген. Мәселен, бағдарлама арқылы 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бірінші пайдасы осы болса, екіншіден бағдарламаны іске асыруға жұмсалған әрбір бюджеттің 1 теңгесіне 2,2 теңге салық түскен.
ШЫМКЕНТ