Діндерді зерттеу орталығы 12 қазанда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорданың теологтары мен дінтанушыларына арналған Республика күніне арналған семинар ұйымдастырды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің басқарма басшысы Ерлан Есбергенов, Діндерді зерттеу орталығының директоры Алмас Ерназаров, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дінтану кафедрасының меңгерушісі Кеңшілік Тышхан, психология ғылымдарының кандидаты Алмат Нұрадинов, Дін істері басқармасының бас маманы Адия Романова және елордалық теологтар мен дінтанушылар қатысты.
Аталған семинар Қазақстанның дін саласы бойынша 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік саясатын іске асырудың кешенді жоспарын іске асыру аясында мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ діни-экстремистік және деструктивті сипаттағы түрлі идеологиялардың таралуын болдырмау мақсатында ұйымдастырылған.
Семинар барысында Астана қаласы теологтары мен дінтанушылары діни саладағы жұмысының ерекшеліктеріне тоқталып, олардың қызметінде енгізіліп жатқан жаңа әдіс-тәсілдер талқыланды, сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасы түсіндіріліп, қазіргі кездегі соңғы жаңалықтар тілге тиек етілді.
Айта кетсек, осындай семинарлар діни саладағы жалпы қызметтің тиімділігін арттыру аясында жыл сайын ұйымдастырылады.