Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені және ТМД-ға төрағалық ету барысында Қырғызстанның табысты жұмыс атқарғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.
Мемлекет басшысы ТМД жанындағы Серіктес және Бақылаушы мәртебесінің бекітілуін бүгінгі отырыстың айтулы оқиғасы ретінде атап өтіп, бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және оны дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсететініне назар аударды.
Қазақстан Президенті геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскенін атап өтіп, әлем экономикасында тұрақсыздық күшейгенін айтты.
«Қазақстан жаһандық сауда-саттық пен мемлекеттердің әл-ауқатына кері әсер ететін экономикалық санкцияларды қолдануға түбегейлі қарсы», деді Мемлекет басшысы.
Президент Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді.
«Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет», деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық қатынастарда әділдік қағидатын орнатуды, халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшесінің заңды және егемендік құқығын ескере отырып, оны демократияландыруды жақтайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйымның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар әрі қажет деп есептейді.
«Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл маңызды органға әлемнің барлық аймағының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұстанымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны қуантады», деді Президент.