Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» тұрақты біріншіліктегі кезекті ойынын Ярославльдің «Локомотив» клубымен өткізді.
Өз айдынындағы ойындар сериясының кейінгі екі кездесуінде жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантқан «Барыс» хоккейшілері үшінші матчта ірі есеппен жеңіліп қалды. Олар Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өткен кездесуде «Батыс» конференциясында көш бастап келе жатқан «Локомотив» ұжымына 0:6 есебімен жол берді.
Кездесудің алғашқы екі бөлігінде «Барыс» ойыншылары небәрі екі шайба өткізіп алғанымен, үшінші кезеңде «Локомотив» хоккейшілері біздің қақпамызға төрт шайба енгізіп, жерлестерімізді тырп еткізген жоқ. Бұл матчта Ярославль командасы сапынан Даниил Бут пен Павел Красковский дубльдің авторы атанса, Максим Шалунов және Данил Тесанов бір-бір мәрте мергендігімен көзге түсті. Осылайша, «Локомотив» бұл жеңісінен кейін 29 ұпаймен көшбасшылығын одан әрі нығайтса, «Барыс» «Шығыс» конференциясында 15 ұпаймен 10-орынға тұрақтады.