Зайсанда туып, Баянауылда түлеген, Ақкөл Жайылмадан айтыс аламанына ат қосып, қазақ айтысының «Солақай серісі», «Керекудің Исасы» атанған айтыскер ақын Серік Құсанбаев 60 жасқа толды. Өнер иесінің құрметіне Павлодарда «Ақиқаттың ақбозын алшаңдатқан» атты шығармашылық кеш өтті.
Қазақтың ұлық өнері сонау 80-жылдардың аяғында қайта жаңғырып, сахна төріне озғанда Серік Құсанбаев Павлодар облысының 50 жылдығында алғаш рет терме орындауға барыпты. Сол жолғы айтыс сиқыры ағамызды бірден баурап әкетіп, өзі де көп ұзамай айтыс аламанына қосылып кетеді.
«...Шабытсыз жыр шыға ма, ән шыға ма?
Құлықсыз көк дөненді қамшылама.
Тербелген теңіз болса, қазақ жыры,
Біздікі соған қосар тамшы ғана»,
деп жырлаған екен ақын.
Поэзия мен айтыс, термешілік, журналистика секілді бірнеше өнерді тең алып жүрген Секеңнің ғұмырының дені Ертіс-Баян өңірінде өрбіді. Ақпарат саласында 20 жылға жуық қызмет етіп, жүйрік қаламын руханият саласына, ұлттық рух бағытында сермеді. Орамды ой, сергек санамен жазылған дүниелер өз нәтижесін бермей қалған жоқ. Не жазса да, тап-тұйнақтай етіп төгілте жазатын Секең айтыстағы адуынды шабысын газет бетінде де көрсетіп келеді.
Шығармашылық кешке арнайы келген айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев, ғалым Қойлыбай Асанов, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы, көне мақамдарды кейінгі ұрпаққа насихаттаушы, жыршы Құдайберді Мырзабек, ақын Дәулеткерей Кәпұлы сөз алып, Секеңнің руханият саласындағы еселі еңбегін жоғары бағалайтындарын жеткізді. «Айтыс – қазақ халқының ұлттық бренді. Ел тәуелсіздігін енді алып, еңсе көтере бастаған жылдар ұлт тарихы үшін сыңдарлы кезең болатын. Тәуелсіз елдің іргесін енді бекемдеп елең-алаң күй кешкен халық санасына ұлттық идеология аса қажет болып тұрған шақ еді. Қоғамда орын алған өзекті проблемалар Серік ақынның жырларында толықтай көрініс тауып отырды, басын бәйгеге тігіп шындықты жырлады», деді Қойлыбай Асанов.
Айтыс ардагерлерімен кездесу жас ақындарға ерекше әсер сыйлады. «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев арнау жыр арнаса, жергілікті жас ақындар жырдан шашу шашып, құрмет көрсетті. Өнер иесіне керекулік өнерсүйер қауым ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Кеш иесінің өзі осы тамаша сәтті пайдаланып, айтысқа киген қызыл шапанын Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне табыстады.
Айтып өтейік, Серік Құсанбаев айтыс аламанында олжа салып, дәуірлеп тұрған шағында 13 мәрте бас жүлдені олжалаған екен. Жырлары бейне бір Алтайдың ақ жауынындай себелеп, нәрлі де әрлі болып келетін, әр өлеңі тағдырлы ақынның деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Павлодар облысы