Түркия тасжолдарында ұйымдастырылған велоспорттан «Түркия президенттік туры» жерлесіміз Алексей Луценконың жеңісімен аяқталды.
Жарыстың үшінші кезеңінен бастап көшбасшыға тиесілі көк жейдені киген «Astana Qazaqstan Team» велошабандозы Ыстанбұлда мәресіне жеткен сегізінші кезеңге дейін жалпы есепте алдына жан салған жоқ. 130,5 шақырымға жалғасқан велокөпкүндіктің соңғы кезеңінде бельгиялық Йеспер Филипсен («Alpecin-Deceuninck») жеңіске жетсе, екінші және үшінші орындарды «Астананың» нидерландтық өкілі Кейс Бол мен италиялық Джованни Лонарди («EOLO-Kometa») иеленді.
«Астана» капитаны Алексей Луценко бұл кезеңде мәре сызығын сегізінші болып кессе де, жалпы есептің қорытындысы бойынша жеңіс тұғырына көтерілді. Оның уақыт көрсеткіші – 30 сағат 6 минут 58 секунд. Луценкодан 26 секундқа қалып қойған германиялық «Bora-Hansgrohe» командасының өкілі Бен Цвихофф екінші орынды еншілесе, қола жүлде тағы бір «Астана» командасының велошабандозы Харольд Техадаға (Колумбия) бұйырды. «Астананың» өзге өкілдерінің нәтижесіне тоқталар болсақ, жалпы есепте Кейс Бол – 55, Микеле Гадзоли (Италия) – 79, Глеб Сырица (Ресей) – 101 және Марк Кавендиш (Ұлыбритания) 130-орынға ие болды.