Алматыда еліміздің паралимпиадалық құрамасын IV Параазиада ойындарына ресми шығарып салу салтанатты рәсімі өтті. Биылғы сары құрлық додасы 22-28 қазан күндері Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылады.
Туризм және спорт министрілігінің мәліметі бойынша, сары құрлықтың басты бәсекесінде еліміздің атынан 131 спортшысы спорттың 14 түрінен түрлі-түсті жүлдеге таласып көреді. Атап айтқанда, отандастарымыз пара жеңіл атлетика, бочча, пара пауэрлифтинг, шахмат, пара жүзу, пара велоспорт, пара дзюдо, пара каноэ, волейболды отырып ойнау, пара таэквондо, пара садақ ату, пара үстел теннисі, академиялық есу және пара оқ ату сияқты спорт түрлерінен сынға түседі.
«Пара Азия ойындары 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында ұйымдастырылған сары құрлық бәсекесінен бастап өткізіле бастады. Азия ойындарынан кейін жалауы желбірейтін параазиадаға Қазақстан құрамасының спортшылары 2010 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Биыл да еліміздің атынан 131 спортшы 14 спорт түрінен сынға түседі. Байрақты бәсекеде пара спортшыларымыз үздіктер қатарынан көріну үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалды. Биылдың өзінде ұлттық құрама спортшылары 40-тан аса спорттық іс-шараға, 30-дан аса оқу-жаттығу жиындарына қатысып, біліктілігін шыңдады. Енді осындай жауапты сәтте аянып қалмай, жанкүйерлерді жеңіспен қуантады деген ойдамын. Спортшыларымызға сәттілік тілеймін!», деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Жазғы Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына берілген ақшалай ынталандыру сыйлықақысынан пара спортшыларда құр қалмайды. Яғни параазиада чемпионы атанған спортшыға мемлекет тарапынан 10 мың доллар, күміс жүлдегерге – 5 мың, қола медаль иегеріне 3 мың доллар көлемінде қаржылай сыйақы табысталады. Сонымен қатар алтын медаль иегерін жарысқа дайындағаны үшін оның жаттықтырушысына – 5 мың, күміс жүлдегердің бапкеріне – 3 мың және қола жүлдегердің жаттықтырушысына 2 мың доллар көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.
Жексенбі күні Ханчжоуда шымылдығы түрілетін сары құрлық жарысына Азияның 43 мемлекетінен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланған. Олар спорттың 22 түрінен жалпы саны 564 медаль (паралимпиадалық спорт түрінен – 490 және паралимпиадалық емес спорт түрінен – 74) жиынтығын өзара сарапқа салады.
Осыдан бес жыл бұрын Индонезияның Жакарта қаласында өткен III Пара Азия ойындарында еліміздің спортшылары тарихи нәтижеге қол жеткізіп, параазиада тарихында алғаш рет 33 медаль (5 алтын, 15 күміс, 13 қола) жеңіп алған еді. Осы көрсеткіштің нәтижесінде, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 13-орынға тұрақтаған. Жерлестеріміз бұл жүлделерді пара жүзу, пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, волейболды отырып ойнау және шахмат бәсекелерінен жеңіп алды.