Өзбекстанның тарихтан сыр шертетін Самарқанд қаласында 2023 жылғы 12 қазанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Жастар кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Кездесуді Самарқанд облысы әкімдігінің қолдауымен Өзбекстанның Жастар саясаты және спорт министрлігі, Жастар ісі жөніндегі агенттігі және Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды.
Жиынды Өзбекстанның Жастар саясаты және спорт министрі Адхам Икрамов ашты. Баяндамашы Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты ілгерілетуге арналған үкіметаралық форум ретінде АӨСШК маңызын, сондай-ақ АӨСШК Жастар кеңесінің жастарды дамытуға ортақ көзқарасты қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Сала басшысы Өзбекстанның жастар саясатындағы кейінгі өзгерістер туралы әңгімелеп берді. Жастар парламенті сынды бастамалар мен әр ауданда Жастар агенттігінің өкілдерін тағайындау бастамаларына тоқталды. Сондай-ақ зорлық-зомбылық, экстремизмнің алдын алу мақсатында жастардың радикалдануына жол бермеу қажет екенін жеткізді.
Өзінің құттықтау сөзінде АӨСШК бас хатшысы, елші Қайрат Сарыбай ұйымның аймақтық үдерістерді дамытуына Өзбекстанның қосқан белсенді рөлі мен үлесін ерекше атап өтті. Қ.Сарыбай өткен жылы Астанада өткен АӨСШК алтыншы саммитінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жастар мүддесіне қатысты жүйелі ынтымақтастық шақырғанын қатысушылар есіне салды. Әртүрлі жастағы адамдар арасындағы өзара түсіністікті дамыту және жастардың ең өзекті мәселелерінің шешімін бірлесіп іздеу үшін Президент Мирзиёев жаңа форматты – Жастар кеңесінің осы отырысында басталған «Ұрпақтар диалогін» ұсынды. Аталған бастама сапалы білім беру, климаттың өзгеруі және креативті экономика мәселелеріне арналған.
АӨСШК бас хатшысы 2023 жылғы 21 қыркүйекте Нью-Йоркте өткен АӨСШК министрлер кеңесі отырысының қорытындыларына тоқталды. Атап айтқанда, АӨСШК Трансформациясының жол картасын бекіту және Тұрақты даму мақсатын ілгерілету үшін волонтерлік қызметке жәрдемдесу туралы мәлімдемені қабылдау жөніндегі шешімдерді әңгімелеп берді. Сонымен қатар бас хатшы АӨСШК-нің жаңа бастамаларымен таныстырды. Соның ішінде 2024 жылы Астанада Жастар кеңесінің қамқорлығымен ұйымға мүше мемлекеттерде волонтерлік қозғалыстар көшбасшыларының кездесуін өткізу, сондай-ақ АӨСШК елдерінің жетекші университеттерінде серіктестік желісін құру бар.
«Өскелең ұрпақ – Азиядағы тұрақты даму мен өркендеудің негізгі қозғаушы күші жастарымыздың құқықтары мен мүмкіндіктерін жақсартуға, гүлденген, әділ және инклюзивті Азияны бірлесе құруға арналған бағытты белгілеген жөн», деді Қайрат Сарыбай.
Жастар кеңесі отырысы барысында қатысушылар өз еліндегі ұлттық жастар саясаты туралы баяндама жасады. Сонымен қатар жастардың радикалдануының түпкі себептерін және оның тамыр жаюына жол бермеу үшін БАҚ және басқа да құралдар арқылы қалай бірлесіп жұмыс істей алатынын талқылады.
АӨСШК Жастар кеңесінің алтыншы отырысына Әзербайжан, Бангладеш, Израиль, Үндістан, Иордания, Ирак, Қазақстан, Камбоджа, Қытай, Қырғызстан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан және Шри-Ланкадан 100-ден астам өкіл қатысты. Аталған кеңес – ұйымға мүше мемлекеттерге тиесілі жастар ұйымдарының, бірлестіктері мен қозғалыстарының қызметін үйлестіретін консультативтік-кеңесші орган. Жастар кеңесі Азиядағы өзара іс-қимылды, бейбітшілік пен достықты нығайту үшін ұйымдағы жан-жақты ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.