Қазір азаматтық қоғамы ілгерілемеген елдің замана талабына, уақыт сұранысына сай дамуы қиын екені белгілі. Азаматтық қоғамды қалыптастыру тетіктері «Құқықтық мемлекет құру үшін билік пен қоғамның серіктестігі» атты XI Азаматтық форумда жан-жақты талқыланды.
Іс-шараға елорда мен өңірлердегі үкіметтік емес ұйымдар, қоғам қайраткерлері, еріктілер қауымдастығының мүшелері және елорда әкімдігінің өкілдері қатысты.
«Қазір елордада 15-тен аса көпфункционалды орталық жұмыс істейді. Орталықтардың мақсаты – азаматтық бастамаларды қолдау және дағдарыс жағдайларын шешу. Қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың үзіліссіз жұмысы арқылы іске асырылған жобалардың саны мен сапасы жыл сайын артып келеді. Азаматтық қоғам өкілдерімен өзара іс-қимылды дамытудағы маңызды қадамдардың бірі «Астанадағы азаматтық бастамалар орталығын» құру болды», деді Астана әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев.
Оның айтуынша, биыл елордада үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 55 әлеуметтік жоба қолға алынып отыр. Жалпы, қалада білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік қолдауды қоса алғанда, әртүрлі қызмет салаларын қамтитын 3 мыңнан аса үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді.
«Биыл облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда алғаш рет өңірлік форумдар өтті. Бұл – қолданбалы идеялар мен бастамалар пайда болатын ең тиімді алаңдардың бірі. Онда жергілікті атқарушы органдардың өкілдері азаматтық қоғам белсенділерімен қатар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін талқылайды, оларды шешу жолдарын әзірлейді, сондай-ақ үшінші сектор мен билік өкілдері арасындағы әріптестіктің негізін қалайды», дейді Астана қаласы азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басшысы Арман Ашкин.
Форумға қатысушылардың сұрақтары мен ұсыныстарын пысықтау үшін 3 тақырыптық алаң ұйымдастырылды. Онда қоғамдық бірлестіктер мен қорлардың өкілдері өз қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.