Мемлекет басшысы CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсиньді қабылдады. Әңгімелесу барысында энергетика, мұнай химиясы өнеркәсібі және басқа да маңызды салалардағы өзара серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президентке CITIC Group компаниясы мен Қазақстанның бұған дейін қол жеткізген уағдаластықтарының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді.
Мемлекет басшысы тұрақты кездесулер арадағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын білдіретіндігін, биыл мамыр айында біздің отандық серіктестерімен CITIC Construction компаниясы жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард доллар болатын жобаларды іске асыру жөніндегі 5 құжатқа қол қойғандығын атап өтті.
«Маңызды жобалардың бірі – Ақтаудағы Caspi Bitum зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 миллион тоннаға дейін жеткізу. Маған «ҚазМұнайГаз» бен CITIC Group арасында тиісті келісімге қол қойылғаны жөнінде мәлімет берілді. Құрылыс саласында мол тәжірибеңіз бар екенін ескерсек, бұл жоба сапалы әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылады деп ойлаймын», деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан тарапымен өзара тиімді ынтымақтастықты жоғары бағалағанын айтқан CITIC басқарма төрағасы Чжу Хэсинь «Біздің СITIC корпорациясы Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Маған және менің әріптестеріме бүгін сізбен жүздесу – зор мәртебе. Біздің қызметіміздің негізгі мақсаты – Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты нығайту», деді.
Бұдан бөлек, кездесу барысында инвестиция және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.