Кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) нұсқасы бойынша орта салмақтағы 2023 жылдың үздік боксшысы деп танылды. Бұл туралы аталған ұйымның Доминикан республикасында өткен конференциясында мәлім болды.
2016 жылдан бері кәсіпқой бокста жұдырықтасып келе жатқан отандасымыз бүгінге дейін 19 жекпе-жек өткізіп, 11 қарсыласынан мерзімінен бұрын басым түскен. Ол осы жылдың сәуір айында Оңтүстік Кореяда жеңілістің кермек дәмін татпаған жапониялық Кадзуто Такесаконы сегізінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.
Қазіргі таңда жерлесіміз кәсіпқой бокстағы ең маңызды төрт белбеудің ішінде WBC нұсқасы бойынша – екінші, IBF бойынша – бесінші, ал WBO бағыты бойынша үшінші сатыға жайғасқан. Сонымен қатар боксшылардың статистикасын жүргізетін «BoxRec» басылымының мәліметіне сәйкес, М.Нұрсұлтанов дәл қазіргі таңда Қазақстандағы ең мықты боксшылардың көшін бастап тұр.