Халықаралық велосипедшілер одағы шосседегі велоспорттан Олимпия ойындарына жолдама беретін іріктеу жарыстарының аяқталғанын мәлімдеді.
Іріктеу қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының велоспортшылары UCI рейтингінде 19-орынға ие болды. Бұл нәтижемен жерлестеріміз Париж Олимпиадасына тағы екі жолдаманы ел қоржынына салды. Атап айтқанда, ерлер және әйелдер арасындағы топтық жарысында бір, ерлер сайысында уақытқа жарысуда бір жолдама олжалады. Бұған дейін биылғы Азия чемпионатында топ жарған Глеб Брусенский де Олимпиада жолдамасына қол жеткізген еді.
Осылайша, еліміздің әйелдер құрамасы 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін алғаш рет Париждегі додада топтық жарыста бақ сынамақ. Рината Сұлтанова, Махаббат Үмітжанова, Фаина Потапова, Марина Кузьмина, Ангела Соловьева бірігіп, бір лицензияға қол жеткізді. Халықаралық велосипедшілер одағының ережесі бойынша, UCI рейтингінде алғашқы бестікте тұрған құрамаларға – төрт, 6-10-орынға дейінгілерге – үш, 11-20-орындардағы құрамаларға – екі, 21-45-ке дейін бір жолдама беріледі.