Біздің ұлттық мүддеміз қандай? Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қаншалықты мән беріп жүрміз? Әділетті Қазақстан құру жолында елдік мәселелер қалай іске асырылып келеді? Сенат жанындағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңында бас қосқан зиялы қауым, ұлт қайраткерлері мен жастар осы сұрақтар төңірегінде ой-пікірлерін білдіріп, елдіктің өзекті мәселелерін талқыға салды.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен іс-шара «Әділетті Қазақстан және ұлттық құндылықтар» тақырыбына арналды. Кездесуге қатысқан зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар ұлттық құндылықтардың Әділетті Қазақстан құру жолындағы рөлін кеңінен талқылады.
Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мәдени мұраны және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында да ауқымды реформалар іске асырылып жатқанын атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Түркістан төрінде өткен отырысында жүйелі идеологиялық жұмыстың негізгі бағыттарын белгілеп берді. Бұл бағытта тарихи сананы жаңғырту, мәдени мұраны насихаттау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне баса мән берілді», деді М.Әшімбаев.
Әлемдегі геосаяси жағдайдың күн сайын күрделеніп бара жатқанын атап өткен М.Әшімбаев осы кезде ұлттық бірегейлікті сақтау, тарихи тамырымыздан ажырамау, жалпы айтқанда, қазақы қалыптан айнымау өзекті мәселеге айналып отырғанын еске салды. Ұлттық құндылықтар, ең алдымен, тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге, дәстүрімізге және ата дінімізге табан тірейтініне назар аударған Сенат төрағасы: «Тарихи сананы қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Соның аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат ашаршылық тақырыбы бойынша біраз архив құжаттарын жариялады. Бүгінге дейін жеті том жинақ әзірленді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады», деді. Палата спикері отырыс барысында айтылған ұсыныстар Сенат жұмысында ескерілетінін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев ұлттық құндылықтар мәселесінде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміз бен дінді бір-біріне қарсы қоюға болмайтынын да айтты.
«Халқымыз ежелден дін мен дәстүрді сабақтастыра білген. Көшпенді өркениетке тән ой еркіндігі, ашықтық, толеранттылық әртүрлі радикалды көзқарасқа бой ұрмауға мүмкіндік берді. Біз дін мәселесінде ата-бабамыз қалыптастырып кеткен және уақыттың сынынан өткен осы рухани жолымыздан жаңылмауымыз керек. Ұлтымыздың ұлылары Абай да, Шәкәрім де, Алаш қайраткерлері де осыған үндеген», деді М.Әшімбаев.
«Қай кезде де, әсіресе жаһандық ахуал шиеленіскен бүгінгідей кезеңде ұлттық құндылықтарымыз – біздің бағдар ұстайтын темірқазығымыз болуы керек. Сондықтан бұл ретте бәрімізге маңызды міндет жүктеледі. Ол – ұлттық құндылықтарымызды барынша қорғау және дәріптеу. Әсіресе заманауи тәсілдер негізінде оларды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңызды деп есептейміз», деді Сенат спикері.
Отырыс барысында қатысушылар қозғалған мәселеге қатысты өз пікірлерін білдіріп, алдағы уақытта бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екендерін жеткізді. Сондай-ақ іс-шарада ұлттық құндылықтарды оқыту бағдарламалары, цифрлық коммуникацияның заманауи форматтары және басқа да бастамалар арқылы дәріптеу жөнінде тың идеялар айтылды.
Жиында сөз алған жазушы Жабал Ерғалиев Әділетті Қазақстан құру ұлттық идеологиямыздың басты тақырыбына айналуға тиіс екенін айтты. «Қазір біз үшін ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудан, Әділетті Қазақстан құрудан асқан ұлттық мүдде де, мұрат та болмауға тиіс», деді қоғам қайраткері.
«Ұлы далада діннен бұрын, діннен де мықты алтын діңгегіміз, алтын тамырымыз – халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болатын. Қазіргі жастарымыздың білместікпен жан-жаққа ұрынып жүргені ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді білмей, ұмыт болып бара жатқанынан. Президент айтқан ұлттың жаңа болмысын, жаңа сапасын қалыптастыру үшін ең бірінші ғасырдан-ғасырға келе жатқан ұлттық санамыз бен ұлттық әдет-ғұрпымызды қалпына келтіріп, жастардың бойына сіңіруіміз керек», деген Жабал Ерғалиев орыс халқының саяхатшысы Николай Пржевальский Жетісу өңірін аралағанда «Бұл халыққа білім берудің қажеті жоқ, олардың салты мен дәстүрінің өзі тұнып тұрған білім мен ғылым» деп жазба қалдырғанын да мысалға келтірді.
«Ұлы даланың, көк пен жер астын мекендеген халықтың заңдылықтарын қалыптастырған білімі де, ғылымы да ұлтымыздың салт-дәстүріне арқау болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ қазір заман басқа, адам басқа. Құндылық пен сана да басқа. Рухани, тұрмыстық жұтаңдық жайлаған бүгінгі заманда қазақ баласы ешкімді кінәламаса, ешкімді сөкпесе екен дейсің. Терең зерделейтін болсақ, оған заман да, сол заманның адамы да кінәлі емес. Кінәлі – саясат. Біздің ұлы даламызға кешегі Ресейлік патша араласқаннан кейін дінінен, салтынан айыру саясаты жүргізілді. Соның салдарынан талай сорақылыққа баруға мәжбүр болдық. Кеңестік жүйенің жүргізген саясатын бәріміз жақсы білеміз. Талай нәубетті басынан өткерген, ұлт зиялыларының өмірі қиылып, қан кешуден өткен халқымыз қазір бірін-бірі емес, саясатты айыптап, алайда дау-дамайды қоздырмай, сол тарихтан қорытынды шығарып, алға қарауға тиіс», деген жазушы қазіргі уақытта бізге мүлде жаңа көзқарас, тың ойбайлам мен жаңа сана қажет екенін атап өтті.
Жиында Мемлекеттік елтаңбаның авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков ұлттық архитектураның маңызы жөнінде пікір білдіріп, бұл бағыт ұлттық сананың қалыптасуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Сана дегеніміз – терең рухымыз бен дәстүрімізге табан тірейді. Бұл бағытта ұлттық архитектураның да маңызы зор. Біз Еуразия ұлттық университетінде ұлттық архитектура институтын аштық. Бұл – қажетті әрі маңызды бастама. Себебі қазіргі құрылыстың бәрі кеңестік нормативпен салынып жатыр. Мұндай кезде біз өз дәстүрімізді, санамызды берік қалыптастыра алмаймыз. Өйткені визуалды орта бізге ондай мүмкіндік бермейді. Сондықтан ғылыми зерттеулер жүргізіп, соның негізінде ұлттық архитектураны басымдыққа ала отырып, Астанадан шағын аудан салу керек. Бұл – адамның санасына тікелей әсер ететін факторлардың бірі», деді Ж.Мәлібеков.
Ал ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан жиында ұлттық имидж, ақпараттық қорғаныс және ақпараттық шабуыл мәселелеріне кеңінен тоқталды. Ұлттық имидждің күрделі ұғым екенін ескертіп өткен сарапшы оның беріктігі мен жағымсыз сипатқа ие болуына әсер ететін бағыттарды да атап өтті. «Ақпараттық қорғаныс ұлттық имидждегі тұрақтылықты қамтамасыз етсе, ақпараттық шабуылдар оны керісінше жағымсыз сипатқа бұрады. Ал қоғаммен байланыс ғылымы екі бағытқа да қызмет етеді», дейді сарапшы.
Оңайгүл Тұржан ең бірінші кезекте сыртқы ұлттық имиджге селкеу түсірмеудің маңызына тоқталды. «Жаңа ұлттық архитектура деген мәселе де соның ішіне кіреді. Әрине, бұл құр мақтана беру деген сөз емес, бұған қатысты имиджді технология көп. Қазіргі ең өтімді түрі – жасанды интеллекті пайдалану. Себебі жастар жаңашылдыққа ерекше назар аударады. Мемлекеттік тілді насихаттап, оны өзге ұлт өкілдеріне үйретудің методикасында осы тәсілді пайдалану қазіргі таңда өте тиімді», деді жиынға қатысушы.
Ақпараттық интеллектуалдық иммунитетті күшейтуді мектептен бастауды ұсынған сарапшы әлеуметтік желілердегі ұлттық құндылықтарға қарсы контентке дер кезінде ден қоюдың маңыздылығына да тоқталды. «Ұлттық болмысымызға, табиғатымызға қатысты теріс ақпараттар пайда болса, құзыретті орындар көбіне үнсіз қалады. Кейде тым кеш жауап беріп жатады. Бірақ ол кезде ақпараттық вирус қоғам ағзасына тарап үлгереді. Осылайша, жұртшылық екіұдай ойда қалады, сенімсіздік пайда болады. Халық тіпті сеніп жүрген дәстүрлерге күдікпен қарай бастайды. Құндылықтарымызды құрбандыққа бермеу күресін күшейтетін кез келді», деді Оңайгүл Тұржан. Қазіргі заманның тым асығыс екенін ескертіп өткен ақын: «Бізге құйған шайды ішіп үлгертпейтіндей шапшаңдық керек. Бірақ шайымызды төгіп алмайтындай ептілік те қажет», деді.
«Ұлттық мүдде» диалог алаңында сөз алған жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова тұлға мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиет, ұлттық кино, театр төңірегінде тұшымды ойларымен бөлісті.
«Тәуелсіздік жылдары өз тарихын, тілін, ділін, дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтейтін ұлт тәрбиелеу үшін әдебиетімізді, мәдениетімізді, тарихымызды терең білуге жол ашылды. Бірақ кей тұстар ақсап қалды. Салдарынан діншілдік, өзгенің мәдениетін, өзге жұрттың дәстүріне қызығу үстемдік ала бастады. Қазір дүйім қауым үміт артатын кей тұлғаларымыздың басқа бағытқа, түсінікке, сырттың идеологиясына қызмет етіп кеткенін байқаймыз», деген жазушы ұлттық мүддеге үлес қосқан актер, режиссер, тарихшылар мен әдебиетшілердің сұхбатын жастарға тыңдатып, халықпен жиі рухани байланыс жасау қажеттігін айтты. «Өйткені елге, ұлтқа рух керек. Жаңа сенім керек. Мұндай ұлттық мүддеге қызмет етуге жазушылар, қаламгерлер, өнер адамдары дайын. Осы бір олқылықтардың орнын толтырсақ, сырттан келетін ықпалды күштерге тойтарыс бере аламыз», деді Р.Мұқанова.
«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы құндылықтарды қалыптастыру бір күнде, не бір кезеңде шешіле қоятын мәселе емес екенін еске салды. Бұл жүйелі бағытты, белгілі бір уақыт аралығын қамтитын үдеріс екенін айтқан серіктестік басшысы: «Ұлттық құндылықтарды жаңғырту жолында ата-ананың жауапкершілігіне басымдық берілуі қажет. Қоғамдық бірлестіктер құрып, бұл бағыттағы жұмысты жандандырудың маңызы зор. Сондай-ақ газет-журналдарды, оның ішінде балалар басылымын қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін қарастырған жөн. Мәселен, «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята» және тағы да басқа балалар басылымы қазір күрделі жағдайда тұр. Елімізде 10 мың балабақша бар десек, соның көп бөлігі «Балдырғанға» жазылмайды. Қазір күштеп жаздыру деген жоқ. Бірақ мекеме де, ата-ана да баланың зейінін баспасөзге аударғаны дұрыс. Әрине, әлеуметтік желінің мүмкіндігі көп. Алайда оның салдарын да ұмытпау керек. Бағдарласақ, әлеуметтік желідегі комменттің 30 пайызы былапыт сөздер», деп сөзін жеткіншектер мәселесіне қарай ойыстырды.
Дихан Қамзабекұлы сондай-ақ ұлт құндылықтарын қолға алғанда, әуелі ғылыми педагогикалық-психологиялық, әлеуметтік жобалардың мазмұнын толықтау қажеттігін алға тартты. «Алдыңғы буын, замандастарымыз әлі ескі тақырыпты қаузап келеді. Ескі заманның сөзін сөйлеп жатады. Осы жиында қаншама мәселе көтерілді, олардың түйіні тарқатылу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз қажет», деді академик.
Дінтанушы-ғалым Кеңшілік Тиышхан діни сенім мен жауапкершілік мәселесін қозғап, заңның осы тұсын нақтылау мен өзектендіруді ұсынды.
«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіруде сапалы контент қалыптастыру маңызды деп есептейді.
«Жастардың бойына ұлттық менталитетті сіңіру мәселесінде заманауи, тартымды, балалардың жас ерекшеліктеріне сай контенттер жасау қажет. Ұстаз ретінде бұл қадамның мемлекеттік деңгейде жасалуы аса маңызды дер едім. Жапония бұл мәселені уақытында түсініп, өзінің Уолт Диснейін құрды. Наруто сияқты ұлттық кейіпкерлері арқылы өздерінің мәдениетін дәріптеді. Әртүрлі комиксті, әлеуметтік желідегі дүниені аудиторияның жас ерекшеліктеріне сай дамытып, өз жастарына ғана емес, бүкіл әлемге мәдениетін, дәстүрін насихаттап жатыр. Егер біз осы мәселені қолға алып, қазірден бастап жұмыс істемесек, кейінгі ұрпаққа ұлттық құндылықтарды түсіндіру қиын болады», деді Д.Өте.
Ал белгілі мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев диалог алаңында еліміздегі мектептерге салт-дәстүрлер пәні енгізіліп, онда қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрыптары туралы терең мәлімет беру керек деген ұсынысын жеткізді.
«Біз өзге ұлттың дәстүрі мен киім үлгісін дәріптемей, өзіміздің ұлттық дәстүрге бет бұруымыз керек. Ол үшін мектептерге оқыту тілі қандай екеніне қарамастан салт-дәстүрлер пәнін енгізу қажет. Бұл сабақ аптасына екі рет өтуге тиіс деп санаймын. Себебі қазақ дәстүріндегі қыз баланың орны, оның киім үлгісі, ата-анаға деген құрмет сияқты тәрбиелік мәндегі құндылықтар балаға кішкентайынан түсіндірілетін болса, біз менталитетті қоғам қалыптастыра алатын едік», деді Қанат Айтбаев.
Айта кетейік, диалог алаңының отырысына Сенат және Мәжіліс депутаттарымен қатар халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Qazaq boxing» мектебінің жаттықтырушысы Мұхит Амантаев, «Unknownkazak» жобасының авторы, блогер Диас Камериданов, тағы басқа сарапшылар қатысты.
Жиынды Сенат төрағасы М.Әшімбаев қорытып, «Ұлттық мүдде» алаңының құндылықтарға қатысты ұсыныстары ескерілетінін жеткізді.