Еліміздің жас теннисшісі Ясмин Дүйсембаева Испанияның Санта Понса қаласында 12 жасқа дейінгілер арасында өткен екінші санаттағы Tennis Europe турнирінің чемпионы атанды.
Қазақстан теннис федерациясы мәліметі бойынша, Ясмин финалда Болгария өкілі Майя Михованы 7:5, 6:2 есебімен жеңіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал ұлдар арасында бақ сынаған тағы бір отандасымыз Ахмади Маханов финалға дейін жеткенімен, чемпиондық матчта корт иесі Томас Мартинге жол беріп қойды – 1:6, 1:6.
Ахмадидің жекелей сында жолы болмағанымен, жұптық сайыста бағы жанды. Отандасы Балқан Нұрдәулетпен бірге жұп құрап, турнирдің соңғы бәсекесінде словакиялық Леонард Нипц пен украиналық Егор Романют жұбынан екі сетте 6:1, 6:2 есебімен басым түсіп, турнир жеңімпаздарының қатарына қосылды.
Сонымен қатар қыздар бәсекесінің тағы бір финалында ойнаған жерлесіміз Әдемі Әлсейпулова нидерландтық Пиппа Фенниспен бірге ақтық сында Испания қыздары – Пелас және Бельтраннан басым түсе алмады – 3:6, 4:6.