Абайды тану, Абайды зерделеу – ұлт қазынасына қосылған мол үлес. Абайды білу өзіңді, өз халқыңды білумен тең. Хакім жырларын зерттеу ісі тәуілсіздік жылдарынан бері жаңаша сипат алғаны көңіл қуантады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде әдебиеттанушы-профессор Серік Негимовтің «Абай ғибратнамасы» кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, ғылыми қауым өкілдері, қаламгерлер мен жастар қатысты.
Профессор Серік Негимов «Абай ғибратнамасы» еңбегінде хакімнің жан-жақты даналық болмысын, дара тұжырымдарын ашуға тырысқан. Кітап «Мінез – сауыт», «Сөз келісі», «Ар ойла», «Шын ақыл» сынды төрт тараудан тұрады. Жинақта Абай еңбектеріндегі маңызды түйіндер ғылыми, танымдық тұрғыда жан-жақты сараланып, оқырманға түсінікті, жатық тілде жеткізілген.
«Абай ғибратнамасы» кітабы «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жарық көрген. Бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асанов өз сөзінде кітапты әр өңір оқырмандарына жеткізу ісін қолға алатынын айтты. Автор хакімнің ұлттық және жалпыадамзаттық идеяларға бай қордалы ойлары ғибрат әрі кемеңгерлік кеңес ретінде қабылданатынын жеткізді.
«Абайдың бір сөзі сыпайлыққа, бір сөзі еңбектенуге, бір сөзі өнер, білім, ғылымға, бір сөзі әділет, арлылық, махаббатқа үндейді. Абай – көреген көшбасшы. Абай құдiретi дегенiмiз – ұлт болмысының құдiретi. Сол себептi Абай поэзиясының таңғажайып көркемдiк нақыштары, сұлулық сырлары, әдеби-эстетикалық дүниетану даралығы, образдық-символдық астар-қабаттары телегей. Абай шығармашылығы – замандар мен дәуiрлер бойы жасаған халық тiлiнiң айнасы, халықтың айдын шалқар өмiрлiк тәжірибесi, ақыл-ой қазынасы», деді Серік Негимов.
Тұсаукесер рәсімде сөз алған ғалымдар автордың отандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі жайлы айта келіп, бұл еңбек білім алушы студент, магистрант, докторанттар мен гуманитарлық сала мамандары үшін таптырмас құрал екенін атап өтті.
«Кітапта автордың азаматтық көзқарастары басым. Әр қазақ ғалымы ғылымға осылай үлес қосуы керек. Ең бастысы, Абайдың шығармалары бойынша жаңа бағыттағы ізденістер жүргізілген», деді академик Уәлихан Қалижан.
Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев жинақ туралы: «Абай шығармашылығында оның мақсаткерлiк тұлғасына тән тәлiмгерлiк, өнегелiк қырлары аса мол. Автор еңбегінде соның бәрін cалмақтап-саралаған және Абайдың ел бiрлiгi, халық тағдыры, әлеуметтiк тұрмысы турасындағы асыл ойларын өрбiткен», деді.