• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Зерде 18 Қазан, 2023

Еңсегей бойлы Ер Жауғаш

513 рет
көрсетілді

Еліміздің қалмақтармен бірнеше ға­сырға жалғасқан, бірде үзіліп, қайта өршіп отырған шайқасы 300-350 жылға созылыпты. Әбілғазы баһадүр 1603-1604 жылдары қалмақ әскері Хо­резмге шабуыл жасады деп жазады. Қал­мақ қолының қазақ жері шекарасынан бойлай өтіп, Орта Азия аумағына дейінгі кеңістікке сұғынып кеткенін баяндайды. Оларға қатты соққы берген Есім хан бастаған қазақ әскері 1627 жылы қалмақтарға шабуыл жасады, қалмақтар амалсыз кейін шегінеді. Бұдан кейін Жоң­ғар одағын құрған қалмақтармен бір­неше жойқын ұрыс, кескілескен майдан болғаны тарихтан мәлім.

Жауға қарсы қазақтардың басын қо­сып, бірігіп соғысу мақсатында 1726 жылы Ордабасыда үш жүздің басын қосқан үлкен кеңес ша­қырылады, бас қолбасшы болып Әбіл­қайыр хан сайланады. Ұрыс туын Бөгенбай батыр көтеретін болды. Ұлы жүз қолына Жолбарыс хан басшылық етті, оның әскерінде 17 мың адам болды. Дулаттан – 8 мың адам, қарақалпақтан – 2 мың адам, Жетісу қазақтарынан – 7 мың адам. Әбілқайыр басқарып келген Кіші жүз қолында 7 мың адам болған. Орта жүз­ден 20 000 адам қатысты. Сол 1726 жылы Сарысу бойында Айран төгілген деген жерде болған соғысқа қазақтардан 44 мың адам қатысқан екен.

1748 жылдан бастап Абылай ханның қорғаушысы әрі биі болған Жауғаш жас та болса қалмақтарға қарсы шешуші ұрыс­тардың бәріне дерлік қатысып отыр­ған. Жауғаш батыр 1748 жылдан 1758 жылға дейінгі аралықтағы қазақ-қал­мақ арасындағы барлық ұрыста шай­қасып, ерлігімен танылды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Ша­пырашты Наурызбай, Шанышқылы Бер­­діқожа, Тарақты Байғозы батырлар Жауғаш батырдың майдандағы ерлік қимылдарына талай куә болды. Батыр Жауғаштың тарихи қызметі қытай дерек­терінде де сақталған, ол – Қазақ хандығын дипломатиялық қызметімен де нығайтуға күш салған қайраткер. Шын мәнінде Жауғаш әрі батыр, әрі би, әрі елші, әрі қайраткер тұлғалардың бірегейі ретінде танылды.

Абылай хан қалмақтардың шабуылын күтіп отырмай, жау ішіне тыңшы жіберіп, мәлімет алып отыруға, дұшпанның мақ­сатын барлау жасап біліп, анықтауға, үне­мі сақтық шараларын ескеріп отыруға аса маңыз берген. Соғыс барысында ұрыс жағдайына қарай Абылай хан міндеттерін ең сенімді, атқара алады деген адамға артатын. Қиянға салса да, төске салса да өз мін­детін сенімді түрде атқара білген батыр­лардың бірі Жауғаш болды.

Бұлантыдағы 1726 жылғы соғыс, 1729 жылғы Далатаудағы ұлы майдан қазақ әскері жоңғарларды ойсырата жеңген ірі жеңістер еді.

1745 жылы қыркүйекте Қалдан Серен қайтыс болғаннан кейін, орнына қоңтайшы болып ұлы Сеуен Доржы сайланады. Таққа талас басталып, оны ағасы Лама Доржы 1750 жылы өлтіреді. Сөйтіп, ол билікке келеді. Ол Қалдан Сереннің күңнен ту­ған баласы еді, заңды мұрагер бола алмай­тын. Таққа құқысы бар Дабашы мен Әмірсана еді. Жоңғар хандығында тақ үшін күрес басталады, 1751 жылы Дабашы мен Әмірсана жеңіліп, Абылайға қашып келеді. Мұны біліп отырған қалмақ қоң­тайшысы Абылайға елші жіберіп, өзіне қауіп төндіріп тұрған Дабашы мен Әмірсананы қалайда қайтаруды талап етеді. Үш жүздің билері мен батырлары бас қосқан кеңесте: Дабашы мен Әмірсана қайтарылмасын деген шешім жасалады. Осы кеңеске Жауғаш батыр да қатысады. Қазақ пен қалмақ арасындағы жағдай содан шиеленісе түседі, мұның аяғы соғысқа алып келетіні айдан анық болатын. Абылай қалыптасқан жағдайды қазақтар жағына оңтайлы шешу жолында тамаша стратегиялық жоспарын іске асырады. Уақыт Жоңғар хандығындағы саяси жағдайды өз мүддесіне шебер пайдалану болатын. Бұл жағдайды Лама-Доржы да пайдаланып қалуға ұмтылып, 1752 жылы қыркүйек айында жиырма мың әскерін сайлап аттандырады. Міне, осындай жоңғар қалмақтарының ауыр қолына қарсы шайқаста Жауғаш батыр да Абылайдың жанындағы сарбаздармен бірге ұрыс қимылдарына басшылық жасайды.

1752 жылы қазан айында Абылай жоң­ғар қалмақтарының әскеріне есеңгірете соққы беріп, тас-талқан етіп, жаудың бе­тін қайырып, тықсырып тастайды. Сөй­тіп, келісім жасау үшін елші жібе­реді. Елшілер ішінде жаудың ішкі жағдайын барлап, оның қарулы әлеуетін анықтау үшін қалмақ тілін жақсы білетін, шешен тілді, алғыр ойлы, қырағы көз­ді, көздегенін алып та, шалып та түсе­тін еңсегей бойлы Ер Жауғаш та бар еді. Елші жіберудің астарында Абы­лайдың ішкі есебі, болашақ жоспары бар болатын. 

Қазақ арасына пана іздеп келген Дабашы мен Әмірсананың жүз елу нөкері бар еді. Жазушы-тарихшы М.Мағауин: «Абылай бұларға бес жүз аламанын қосып береді. Дабашы мен Әмірсана шұғыл аттанып, өздеріне таныс қиғаш жолдармен Жоңғарға өтеді де, бар әскері майданға кет­кен, қорғаусыз қалған хан ордасын шабады. Жасауылдарын түгел жайпап, Лама-Доржының өзін тұтқынға алып, қолма-қол басын шабады. Бұл – 1753 жыл, қаңтардың 12-ші жаңасында болған оқиға» («Қазақ тари­хының әліппесі», 114-б.), дейді. «Сөйтіп, Дабашы қоңтайшы хан тағын иемденді. Осы уақиғалардың бел ортасында Абылайдың сенімді тапсырмаларын мүлтіксіз орындаған Жауғаш та болып, қайрат танытты. Ол Абылай қосқан бес жүз аламанды басқарып барған. Дабашының таққа отыруына қолдау жасады. Бұған қарсы болған Лама Доржының нояндары бас көтеріп, Дабашы жеңіліп, Абылайдан қайта көмек сұрайды. Абылайға да керегі осы болатын. Дабашы мен Әмірсана Абылайдың көмекке жіберген қолының көмегімен қарсыластарын аямай қырады. Дабашы Әмірсананың, Орта жүз билерінің қолдауымен 1753 жылдың соңы мен 1754 жылдың басында хан болады», деп жа­зады тарихшы И.Златкин. Ұзамай-ақ одақтаса қимылдаған Дабашы мен Әмір­сананың арасында тақ үшін ымырасыз айқас бас­талды. Бұл тұста Абылай сая­сатын саяси жағдайға қарай өзгертеді, енді ол би­лікке күрескен Әмірсананы қолдайды.

М.Мағауин: «1753-1754 жылдарда Жа­натай, Қабанбай, Бөгенбай, Керей Жәнібек, Мүйізді Өтеген батырлар бастаған қазақ қосындары қысы-жазы демей әлденеше рет Жоңғарды шауып қайтады», деп көр­сетеді. Осы батырлардың ішінде Арқаға 15 жасында кетіп, Абылайдың жанында жү­ріп көзге түскен Жауғаш батыр да болған.

Әмірсана Дабашыдан жеңіліп қалады да, Телецк көлі, Кобдо, Уланка арқылы Хал­қаға барып табан тірейді. Сол жерде Цин өкіметіне тілегін жеткізіп, қызметін көрсетуге дайын екенін білдіреді. Импе­ратор Хун Ли Әмірсананы жақсы қа­был­дап, бірінші дәрежелі князь (Цинван) атағын береді, мақсаты Жоңғар хандығын жою үшін Әмірсананы қолайлы қару етіп пайдалану болатын. Қытай 200 000 әскерін Халқа-Жоңғар шекарасына аттандырады. Жаны қысылған Дабашы император Хун Лиге өзінің қарауына көшетіндігін мәлімдеп, баласын және алты кісіні өзінің шынайылығына көз жеткізу үшін қызыл туын қоса жібереді. 1755 жылы 14 мамырда Әмірсана бастаған Цин армиясы Текес өзені алқабына шығады. 8 шілдеде Дабашы қолға түседі, Пекинге жіберіледі. Сөйтіп, Жоңғар хандығы жойылып, төрт князьдікке: Хоиот, Дербет, Хошауыт, Шорас князьдігіне (ұлысына) бөлінді. 1755 жылы жаздың соңында Жоңғариядағы соғыс тоқтайды. Басқыншыларға қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басталып, енді бұл көтеріліске Әмірсана басшылық ете­ді. Дабашыны құлатқан Әмірсана өз жос­парын іске асыру жолына көшеді. 1755 жылы қыркүйекте Әмірсана 500 әске­рімен Жоңғарияда Цин армиясына қарсы соғыс ашады. Біраз жеңіске қол жеткізеді, сол жылдың соңында хан сайланады. Әмірсана қайтадан Абылайдан көмек сұрайды. Абылай он мың әскермен көмекке барады. Император Хун Ли бұй­рық беріп, Жоңғарияға, Әмірсанаға қарсы армия жасақтайды. Бұл өте ауыр қол болатын. 1756 жылы ерте көктемде Әмірсана қашып, Абылай сұлтанға келеді.

Қытайдың Чианлұң жылнамасында 1756 жылғы 22 мамырда «Қазақтың Орта жүзінің ханы Абылайға былай деп ха­барлаңдар: Қарақшы Әмірсана қайрат көрсетуге қауқары қалмай, қазақ жеріне тығылған еді... Егер сіздер Әмірсананың қулығына әлі де сеніп, ойларыңыздан қайтпасаңыздар... сіздерді де тып-типыл етіп жоятын боламыз. Үлкен өкінішке қалмай, пайда мен зиянды мұқият сал­мақтағандарыңыз жөн болар» («100 құжат», А., 1988, 20-21 б.б.). Қытай Әмір­сананың ізінен қалмай іздестіріп, тауып жазаға тарту үшін қосындарын жұ­­мылдырып, Абылай сұлтанға тіпті сес көрсеткен хабарын да жіберген. 1756 жылғы 3 қазанда Әмірсананы тұтқындау үшін жорыққа шыққан генерал Дардана былай деп мәлімдейді: «Қазақтардан бізге тұтқын болған Шүрек және Аралбай деген адамдар арқылы Абылайға Әмірсананы тұтқындау туралы хабар айттық. Одан кейін Хадаха да Хангелді, Жауғаш – екі адамды ұстап, олардан Әмірсананы тұт­қындау туралы Абылайға барып ұқты­руды өтінді. Содан Хангелдіні тұтқындай тұрып, Жауғашты босатты. Тамыздың 22-сі күні қосқа қайта оралған ол [Жауғаш]: «Мен әмірлеріңіз бойынша Абылайға барып айтқан едім. Абылай болса: «Біз ұлы Ежен ханмен егесуге емес, Әмірсананың ізін кесуге шыққан едік, жолай ұлы қосыннан (Чин қосыны) бетіміз қайтты. Әмірсананы тұтқындау онша қиын емес. Ежен ханнан рақым өтініп, бір жолға оның жанын қиса екен деп тілеймін деді» деген сөздер айтты. Біз бұларға: «Ежен ханның жарлығы бойынша Әмірсананы тұтқындау үшін екі бағыт қосынды бастап келіп отырмыз. Әмірсананы тұтқындау былай тұрсын, сендер керісінше сан-саққа жүгіртіп отыр­сыңдар. Бұл сендердің уақыт өткізу тәсілдерің екені анық. Ал бұның түбінде қазақ тайпаларына әкелер апатын аңғарған жоқсыңдар дедік. Біз тағы да олардың: «Біздің Абылайдың Әмірсана үшін нұсқау сұрауы – болмашы үміт қана. Егер сөзсіз тұтқындау туралы жарлық түскен болса, оған қиғаштық жасай алармыз ба? Енді 15 күн берсеңіздер елге суыт қайтып, Әмір­сананы дереу ұстап тапсырар едік. Әсте жал­ған сөйлемейміз» деген сөздеріне қа­рап, оларға мынаны жарияладық: «Сендер соз­саңдар да, созбасаңдар да біз бәрібір ұлы патшамыздың жарлығы бойынша үдере тартып, бүлікшіні сөзсіз ұстаймыз. Қол­дары алдымыздан тосқауылдаса, түгін қал­дырмай жайпап өтеміз. Бұның пайда-зия­нын сендер Абылаймен бірге ойласың­дар» деп сол күні оларды қайтардық».

Жауғаш батыр мен Хангелді Әмірса­наның соңынан қуғыншы болып түскен қосынның бірін басқарған Хадаханың қолына түсіп қалады. Қытай жылнамасында айтылып отырған жағдай осы тұтқынның ішінен Жауғашты босатып, Ежен ханның Әмірсананы ұстап беру жө­ніндегі жарлығын Абылайға жет­кізіп, ұқтыру болатын. Абылайға келіп мән-жайды айтады, оның Ежен ханнан Әмір­санаға рақым етіп, жанын қиюын тілейтінін жеткізеді. 15 күн берсеңіздер, елге келіп, Әмірсананы тез арада ұстап беретінін айтады («100 құжат», А., 1998, 23-24 б.б.).

Қазақтардың 1756-1757 жылдардағы қытаймен соғысы жазушы-тарихшы М.Ма­ғауин жазғандай әлі зерттеліп жазыла қойған жоқ. Бұл соғыстар Абылай хан­ның тікелей бас қолбасшылық етуімен жүр­гізілді, шайқасқа Жауғаш батыр да қатысқан. Абылайдың екпінді әскері Ая­гөз бойында Қытай әскеріне қарсы те­геуі­рінді шабуыл жасап, Цин әскеріне ойсырата соққы береді. 1757 жылы Цин импе­риясы қазақтарға қарсы жаңа жо­рыққа әскерін көтереді, бұл күші, әскері көп, қару-жарағы мықты қолмен шайқасу оңай болмайтыны белгілі еді.

Абылай әскери жағдайды байыптап, Қытай қолбасшысы Фу Дэге Әбілпейіз сұл­танды, қасына қалмақ тілін жақсы білетін Жауғаш батырды және бірнеше кісілерді қосып, келісім жасауға жібереді. Цин әскеріне де Абылайдың әскерімен соғысу тиімсіз еді. Әбілпейіз сұлтан бас­таған елшіліктің мәмілегерлік келісім жа­­сауға бағытталған күш-жігерінің нә­тижесінде күші әлденеше есе басым қол­басшы Фу Дэмен ұрысты тоқтату туралы келісім жасалады. Осы келісімді жа­сауға Жауғаш та қажыр-қайрат, батыл­дық, саяси тапқырлық көрсете білді. Бұл қазақ елі үшін ең бір тиімді келісім болды, сөйтіп еліміздің шығыс тарабындағы жағдай, шекара, шеп орнына келді. Еліміздің шығыс шекарасында тыныштық орнады.

Жоңғарларды жойған соң қазақ жерін түбегейлі қайтарып алу жолындағы арпа­лыс, күрес басталды. Іленің сол жаға­лауынан, сонау Шымкент, Созаққа дейінгі ата қонысын қырғыздар иеленіп алса, оң­­түстігіндегі кенттерді, аймақты Қо­қан хандығы жайлауға көшкен. Бұл күрес­те қазақтың ұлы сардарларымен бірге Жау­­ғаш батыр да айрықша үлес қосты. Абылай оңтүстік шекара-шебімізді қал­пына келтіріп, жерлерімізді қайтарып алды. Бұл теңдесі жоқ ерлік ұлтына, еліне қызмет етудің үлгісі болатын.

Жауғаш батыр ұзақ жылдар бойы Абылай ханның ту ұстаушысы, қолбас­шысы, Жоңғар мен Қытай аралығында келіссөздер жүргізуші елшісі міндетін абыройлы орындаған әрі шешен, әрі батыр, әрі таптырмас мәмілегер болды. Жоңғар қалмақтарынан қазақ жерін толық әрі түп­кілікті түрде азат ету шайқастарында ерен ерлігімен, аса ділмар шешендігімен, жүрек жұтқан қаһармандығымен қазақ хандығының іргесін мықтап нығайтуға тіке­лей атсалысып, сол жолда аянбай күрескен, өз өмірін құрбан етуге әзір тұрған тұлға еді. Жауғаш – қазақ же­рінің аумағы мен тұтастығын сақтау жо­лында Абылай хан бастаған қазақ сардарлары, батыр-бағландары қатарында ауызға алынып, еңбегі лайықты түрде баға­лануға тиіс баһадүр. Ол – еліміздің оңтүстік шекарасын қалпына келтіру жолында күрескен қазақ халқының даңқты ұлдарының қатарында есімі әспеттелетін нағыз ер.

Жауғаш батырдың ең ірі миссияла­рының бірі – басқыншылардан босатылған ата-бабаларының қоныстарына ел-жұр­тын қайта көшіріп әкеліп орналас­тыруы. Жер дауы, жесір дауы, мал дауы біт­пейтін қазақтарды бейбіт, баян­ды тіршілік арнасына салады. Шетке ығысып қалған қазақтар ата қонысына, жайлауы­на, өрістеріне қайта иелік етеді. Мал-жандарының көбеюіне, ел-жұр­тының егін егіп, кәсіпшілікпен айналысуына ықпал етіп, ұйытқы болады. Ағайын арасындағы ынтымақтың, бәтуәлі тір­ші­ліктің баяндылығын, бейбіт өмірді мұрат тұтқан Жауғаш батыр өнегесі уақыттың өзіндей өміршең еді.

Жауғаш батыр қалмақтармен қақ­тығыс, қанды қырғын шайқастар мен ауыр ұрыстарда жаудың найзасынан, атқан оғынан талай рет ауыр жарақат алған. Денесін оқ тиіп қотырланып жазылған қара дақтар, жау қылышы мен найзасынан тыртықтанып біткен жарақат іздері де айқыш-ұйқыш болып торлап кеткен екен. Қалмақтар найзасының ұшын кура деген уға суарады екен, улы найза ұшы тиген жер емделіп жазылғанымен, талау­рап өмір бойы қайта қоздап, өршіп, жазылмай ақыры мерт қылады. Жаудың сон­дай улы найзасының ұшы Жауғаш батырға да тиген сияқты. Себебі алған ауыр жарақаттардың зардабының күшейіп, асқынып кетуінен Ер Жауғаш қайраты мен күш-қуаты, ақыл-парасаты кемелденген шағында, небәрі 49-ақ жасында жалған дүниеден озады. Ер Жауғаштың тарихи орны мен еңбегі һәм ерлігі, оның азаттық жолындағы өмір бойғы күресі Отанын, елін, халқын, жерін шексіз сүйіп ардақтаудың нағыз шынайы үлгісі болып қала бермек.

 

Мұхтар Қазыбек,

жазушы