• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Әлем 18 Қазан, 2023

Француздардың қазақ тіліне деген ықыласы

505 рет
көрсетілді

Қазақ тілі Францияның ең көне жоғары оқу орындары­­ның бірі – Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институты­ның бағдарламасына қайта енді. Бұл керемет бастаманы Франциядағы Қазақстан елшілігі көтеріп, қолдау көрсетті, деп жазады Egemen.kz «Хабар 24»-ке сілтеме жасап. 

Көңілге шуақ сыйлайтыны – Францияда қазақ тілін үйренемін, оқимын деген талаптылар көп. Мұны лық толы аудиторияға қарап түсінуге болады. Сан түрлі мамандық бо­йынша білім алып жатқан студенттер қызықты сұрақтар қойып, қазақ мәдениетіне тереңдей түскен. Көбінің көңіліндегісі – Орталық Азия туралы, оның ішінде Қазақстан туралы барынша көбірек ақпарат алу.

Француз студенттерінің айт­қан пікірінен-ақ қазақ тілінің мерейі өсіп жатқанын көріп, жаның семіргендей. Мысалы, магистрант Виктор Гомариз «Менің жұмысым Орталық Азиямен байланысты. Атап айтқанда, өңір тарихына қатысты зерттеулер жүргіземін. Сол себепті де қазақ тілін таңдадым. Жұмысыма көп көмегі тиеді деп ойлаймын», дейді. Ал Клоэ Лоре болса,­ келе­шекте біздің елге келгісі келе­ді екен. Ол бағдарламаға енген­ «Қазақ тілі» сабағы таным көк­жие­гімді кеңейте түседі, жаңаша әлемге жетелейді деп сенеді.

Қазақ тілінен Құралай Қалие­ва есімді филолог маман­ сабақ береді. Ол әзірге элек­трон­ды материалдармен оқы­тып жүр. Бірақ болашақта студент­терге арнайы кітаптар құрас­ты­рылады немесе елден алдыртамыз деп үміттеніп отыр. Осы ретте оқытушының елдегі әріптестерінің көмегіне сеніммен қарап, күтіп жүрген жайы бар.

Негізінен кезінде институттың оқу бағдарламасына қазақ тілі енген болатын. Бірақ кейіннен үзіліп қалған. Аздаған үзіліс енді аяқталғандай. Біздің елге деген қызығушылықтың көптігі қазақ тілін қайта қосуға түрткі болған.

«Қазақ тілі екінші семестрде де оқытылады. Сөйтіп, алдағы уақытта Орталық Азия секция­сын құрып, оған өзге тілдерді де қосу жоспарда бар. Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институты – 250 жылдық тарихы бар мекеме. Оның алғашқы жетекшілері Орталық Азия бо­йынша мамандар болған. Қазақ тілінің көмегімен осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп жатырмыз. Француздар қазақ тілін үйреніп қана қоймай, мәдениетімен, салт-дәстүрімен жақынырақ танысуды көздейді», дейді Шығыс тілдері және өркениеттері ұлт­тық институтының оқытушысы Катрин Пужоль.

Жалпы, Франция мемлекеті Қазақ еліне құрметпен қарайды. Осыған дейін де бұл елдің ғы­лым академиясында қазақтың көне тарихы таныстырылған еді. Академия Заманауи зерттеулер институтының директоры, тарихшы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровты Францияның Моральдық (қоғамдық) және сая­си ғылымдар академиясының Ғылыми кеңесіне шақырған болатын. Ол жерде XV-XVIII ғасырлардағы Қазақ мем­ле­кетінің еуропалық, оның ішінде француз картографиясы бо­йынша жүргізген зерттеулері туралы баяндама жасалған. Ғалымның айтуынша, француз академиктері баяндамадан кейін «Француз-қазақ, Еуропа-қазақ қатынастары 1991 жылы емес, бес ғасыр бұрын басталған деп жазуымыз қажет. Франция мен қазақ тарихы қатар дамуы керек. Сіздің зерттеулеріңіз бізге үлкен қызығушылық тудырды және біз оны құптаймыз», деген екен.

Тіл мерейі – ел мерейі. Жүсіпбек Аймауытұлының дегеніне сүйенер болсақ, «Ана тіліміз – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі». Осы қуанышты жаңалықтан кейін, «Өзге елдің қызығушылығын оятқан қазақ тілі өз елінде де басын тік көтеріп жүрсе екен» деген тілек ойға орала берді.