Еліміз Дүниежүзілік мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтері қауымдастығының (WAPES) 81-мүшесі болып қосылды.
WAPES – бұл жұмыспен қамту қызметіне немесе еңбек нарығындағы саясатты дамытуға жауапты мемлекеттік және үкіметтік органдардың халықаралық коммерциялық емес қауымдастығы. Оны 1988 жылы Канада, Франция, Германия, Нидерланд, Швеция, АҚШ елдері Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесіп құрған. WAPES-ке мүше елдер өзара жаһандық кәсіби байланыс орнатуды көздейді. Яғни жұмысқа орналастыру, еңбек миграциясы, кәсіптік оқыту, мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтерінің бірлескен жобалары мен іс-шаралары шеңберінде ынтымақтастықты арттырады.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының дерегінше, еліміздегі Мемлекеттік жұмыспен қамту қызметіне өңірлердегі және ірі қалалардағы 20 еңбек мобильділігі орталығы, аудандар мен қалаларда орналасқан 207 Мансап орталығы, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар кіреді.
Еліміз жұмыспен қамту және еңбек нарығы саласында ақпарат алмасу мақсатында WAPES-ке мүше елдермен байланыс орната отырып, мемлекеттік жұмыспен қамту саласындағы үрдістер туралы жүргізілетін жобалар мен зерттеулерге қатыса алады. Бұл – еліміздің жұмыспен қамту қызметінің кәсіби әлеуетін арттыруға және оның қызметіне озық халықаралық тәжірибені енгізуге, мемлекеттік жұмыспен қамту стратегиясы мен қызметі бойынша жаһандық диалогке үлес қосуға, халықаралық аренадағы жұмыспен қамту саласындағы мүмкіндігін көрсетуге, сондай-ақ қазақ елінің әлем елдері алдында еңбек нарығы бойынша сенімді серіктес бола алатынын көрсетеді.