Кейінгі кездері ырыққа көнбей келе жатқан азық-түлік тауарлары мен тұрмыстық заттар және де көрсетілген қызмет құны еленбейтін сомада ептеп-ептеп қымбаттап барады. Бағаның тұрақтамай, осылайша үздіксіз өсуінің кесірінен тұтынушылар күнделікті қажеттіліктері үшін де қарызға жиі кіруді әдетке айналдырып алды. Отыз жылдың ол жақ, бұл жағында шырмауға іліктірген қымбатшылыққа қазіргі таңда төтеп беру оңайға соғып тұрған жоқ...
Бұған себеп, жақында ұсынылған Ұлттық статистика бюросының мәліметінде тек өткен айдың өзінде тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі жылдық мәнде 11,8%-ды құраған. Жалпы алғанда азық-түлік тауарлары 11,4%-ға қымбаттапты. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдері де бар. Олардың өсімі – 16,1%. Ескеретін жайт, осы жылдың бірінші шілдесінен бастап сүзгіден өткен және қыздырылған темекі өнімдерінің бөлшек саудадағы бағасы айтарлықтай көтерілді.
Азық-түлік өнімдерінен өзге, тауарлар мен қызметтер бойынша алғашқы орында 15,9%-ға денсаулық сақтау қызметтері, одан кейін 13,3%, киім-кешек пен аяқ киімге деген өсім жоғарылаған. Өз кезегінде тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және отынның басқа түрлеріне бағаның өсуі 11,8%-дан асып отыр.
Елімізде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске қосылуына байланысты коммуналдық қызметтердің, жанар-жағармай нарығын реттеу үшін бензин, дизель және газ бағасы көтерілген. Бұл ретте байланыс қызметі бір жыл ішінде 1,1% өсімді құраған. Алайда, тауарлар мен қызметтердің басқа ірі санаттарымен салыстырғанда, байланыс қызметтері бағасының өсуі ең төменгі көрсеткіш деуге болады. Сарапшылар мұншалықты қымбаттау тауарлардың импорты мен кедендік рәсімдердің күшейтіліп қатаңдатылуы, секторға инвестицияның ұлғаюы, саланың дамуы мен акциздердің көтерілуі әсер етуі мүмкін, деп болжам жасайды.
Әйтеуір, қазіргі таңда еліміздің экономикасы жалпы әлемдік экономика сияқты бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан дағдарысқа бар күшімен төтеп беріп отыр. Дегенмен, нарықтық экономика жағдайында бағаны бекітудің іс жүзінде мүмкін еместігі тағы бар.
Сонымен өткен айдағы көрсеткіш бойынша білім беру қызметтері – 6,1%, киім және аяқ киім – 1,2%, тұрғын үй қызметтері, су, электр энергиясы, газ және отынның басқа түрлері – 1%, демалыс және мәдениет орындары 0,6%-ға өскен.
Ай сайынғы баға өсімі бойынша төменгі көрсеткішті мейрамхана, қонақүй мен көлік қызметтері көрсетіп отыр.
Жалпы алғанда, бір айда азық-түлік тауарлары – 0,3%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 0,6%-ға, ақылы қызметтер 0,9%-ға қымбаттапты.
Бөлшек сауда көлемі 13 122,1 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға ұлғайған.
Сауда кәсіпорындарының тауарларды бөлшек сауда да өткізу көлемі 8 937,2 млрд теңгені құраса, былтырғы жылмен салыстырғанда 10,7%-ға, азық-түлік тауарларының үлесі 32,3%, азық-түлік емес тауарлар 67,7% -ды құраған.
Өткізу көлемінің ең көп өсімі азық-түлікке жатпайтын тауарларға, оның ішінде мотор отыны, автомобильдер, дәрі-дәрмек өнімдері, компьютерлер, перифериялық жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ету, автомобиль бөлшектері, жинақтаушы бөлшектер мен керек-жарақтар, аяқ киімдер, жиһаздар, сағаттар және зергерлік бұйымдарды сататын кәсіпорындарда байқалған. Осы айдың алғашқы он күндігінде бөлшек сауда кәсіпорындарының тауарлық-материалдық қорларының көлемі 1 539 млрд теңгені құрапты.
Биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Алматы (32%), Астана (12,9%) қалаларындағы, Қарағанды (8%) және Шығыс Қазақстан (6,1%) облыстарындағы бөлшек сауда орындарында бағаның ең көп жоғарылауы байқалған.
Бұған сарапшылар таңғаларлық жағдай емес, тек инфляция нәтижесі 20 пайызға немесе одан жоғары деңгейге жетпеуін қадағалау қажеттілігін айтады.