Президент биылғы Жолдауында тұралаған корпоративтік несиелеу мәселесін түпкілікті шешуді тапсырып, банктердің белсенді іс-қимылын ынталандыруға шақырды. Бұл ретте банк қызметінің басқа түрлеріне қарағанда бизнеске несие беру ісі банктерге пруденциалды және фискалды реттеу тұрғысынан анағұрлым тиімді болуы керек. Halykfinance сарапшыларының пайымдауынша, өсу көздерінің бірі – соңғы жылдары маңызы артып келе жатқан факторингтік қызметі.
Компанияларға айналым қаражаттары мен кассалық алшақтық мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік беретіндіктен, көптеген елде факторинг корпоративтік несиелеудің маңызды бөлігі болып табылады. Болжам бойынша еліміздегі факторингтік операциялардың көлемі орта мерзімді кезеңде 5,4 млрд долларға жетуі мүмкін. Бірақ халықаралық өлшем тұрғысынан бұл нарық бізде әлсіз дамыған. Факторингтің ену деңгейі небәрі 0,3%-ды құраса, дамыған елдерде көрсеткіш 20%-дан асады. Нарық қатысушылары арасында факторинг қолдануды одан әрі кеңейту және корпоративтік несиелеу көлемін ұлғайту үшін факторингтік бизнесті ұзақ мерзімді дамытуға баса назар аудара отырып, кешенді мемлекеттік стратегия қабылдау қажет.
Республикада факторингтік операциялар банктік лицензияға енгізілген, ал банктердің өздері көптеген жыл бойы нарықтағы негізгі ойыншылар болып келеді. Олардан басқа, факторингтік қызметтерді жақында банктерге ұқсас лицензиясы бар микроқаржы ұйымдары да ұсына бастады. Нарықта мамандандырылған факторингтік компаниялар да бар, бірақ олар салалық реттеуге және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) қадағалауына жатпайды. Айта кету керек, қазіргі кезде факторинг механизмін мемлекеттік сатып алуларда да қолдануға болады. Демек, еліміздегі мемлекеттік сатып алу көлемі ауқымды екенін ескерсек, осы бағыттағы факторингті дамытуға әлеует жоғары.
Бүгінгі таңда факторингтік қызмет бойынша қолда бар деректер елдегі факторинг нарығы шағын және әлемдік стандарттар бойынша әлі де кенже қалып отырғанын көрсетеді. Мәселен, активтерді жіктеуге қатысты айқындық жоқ, сондай-ақ нарық қатысушыларының факторингтен хабары аз. Заңнамаға сәйкес ақшалай талаптан (дебиторлық берешектен) шегіну қамтамасыз ету нысаны болып саналмайды. Сондықтан банктер факторингті кепілсіз қарыз ретінде қарастырады, бұл оларды күмәнді актив түрінде жіктеуге және несиелер бойынша ықтимал шығындар үшін қажетті резервтер құруға мәжбүр етеді. Факторинг дәстүрлі қаржыландыру көздеріне тиімді балама бола алатынына қарамастан, көптеген кәсіпкер, әсіресе шағын бизнес өкілдері мүмкіндіктерді жіберіп алады, цифрлық факторинг платформаларын пайдалану туралы білмейді.
Банктер мен микроқаржы ұйымдарының ағымдағы лицензиялары факторингтік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Оған қоса еліміз әлі күнге дейін факторинг бойынша халықаралық стандарттардың (Unidtroit Convention on International Factoring, UN Convention on the Assignment of Receivables in International Trade) қатысушысы емес. Қазақстанның ЕАЭО мен ДСҰ-ға мүшелігін, сондай-ақ сыртқы сауданың үлкен көлемін ескере отырып, мұндай конвенциялар трансшекаралық және халықаралық факторингті дамытуға ықпал ететініне ден қою қажет. Тағы бір кедергі ‒ даму институттарының қысқаша есептерінен басқа, Қазақстанда факторинг бойынша қандайда бір ресми статистика жүргізілмейді. Операциялардың көлемі мен нарықта жұмыс істейтін компаниялардың саны туралы нақты ақпарат жоқтың қасы, бұл осы саладағы үдерісті бақылауды қиындатады.
Өкінішке қарай, жауапты орындар біздің елімізде факторингтің ұзақмерзімді дамуына әлі жеткілікті көңіл бөлмей келеді. Былтыр қыркүйекте қабылданған Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының электрондық шот-фактуралар мен бірқатар салықтық ынталандыруды есепке алу жөніндегі платформаны құру бөлігінде факторинг мәселелері қысқаша ғана қозғалған. Сарапшылар факторинг мүмкіндіктерін толыққанды іске асыру үшін оны дамытуға бағытталған кешенді стратегия әзірленіп, соның шеңберінде барлық проблема мен оны шешу тәсілдері егжей-тегжейлі талдануы қажет деп есептейді. Құжаттың негізгі мақсаты ‒ елімізде факторингті дамыту бойынша нақты жоспарларды әзірлеу және кәсіпкерлердің факторингтік қызметтерді пайдалануын танымал ету болуға тиіс. Факторингтің табысты дамуы соңғы жылдары құлдырап бара жатқан корпоративтік несиелеу көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді.