• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қазан, 2023

Бейбіт күннің батыры: Асқар Забикулинге көше аты берілді

288 рет
көрсетілді

Құтқарушылар күні қарсаңында Астана қаласының маңындағы Үркер шағын ауданында қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Серікұлы Забикулиннің аты берілген көшенің ресми ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Төтенше жағдай­лар министрілігінің өкілдері, Асқар Забикулиннің туыс­тары, жұбайы мен балалары, дос-жарандары және азамат­тық қор­ғау органдарының арда­гер­лері, Астана қаласы ТЖД бас­шы­лығы мен жеке құрамы қа­тысты. Жиын барысында дос­тары, туыстары, әріп­тестері Ас­­қардың қызмет бары­сындағы азаматтығы мен жанкештілігіне ерекше тоқта­лып, көпке бей­мәлім қырла­рын, ерліктерін айтып, туыстары бүгінгінің хас батырына айналған бауырын мақтанышпен еске алды. Соны­мен қатар көшенің салтанатты ашылуы барысында Асқар За­бикулиннің жақындары, ТЖД қызметкерлері мен ардагерлері көше бойына ағаш отырғызды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана қаласы мәслихатының 2023 жылы 19 қаңтардағы шешімімен Астана қаласындағы көшелердің біріне ержүрек өрт сөндірушінің есімін мәңгі есте сақтау мақса­тында Асқар Забикулиннің есімі беріліп, естелік тақтайша орнатылған еді.

Көпшіліктің есінде болса керек, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел ке­зекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин былтыр елордадағы өрт сөндіру кезінде үш адамның өмірін құтқарып, алған ауыр жарақаттан 20 қараша күні ауруханада көз жұмған еді. Оның артында жұбайы мен екі баласы қалды.

Қызметтік борышқа адал­дық, мамандыққа деген сүйіс­пеншілік, мінездің беріктігі мен жауаптылығы – бұл Асқар Забикулинның бойындағы қа­сиеттер еді. Оның ерлігі мен бей­несі халық жадында мәңгі қалады.