• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қазан, 2023

Елдегі 8,5 миллион адамның несиелік қарызы 18 триллион теңге – депутат

448 рет
көрсетілді

Ертең  Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбында Парламенттік тыңдау өтеді. Осы  тыңдауға қатысты Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев пікір білдірді,  деп хабарлайды Egemen.kz төменгі Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жалпы шамадан тыс несие алуды азайту және қаржылық сауаттылығын арттыру өзекті болып тұр.  Өйткені  бізде миллиондаған адам несие алды. Ресми деректі сөйлетсек,   бүгінде жеке тұлғалардың несие портфелі 18 триллион теңгеден асады. Соның тең жартысы тұтынушылық кепілсіз несие – 9 триллион, 5 триллион 600 миллиард  теңге - ипотека, авто несие көлемі 2 триллион теңгеден асады. Осы үш несиелік өнім жеке тұлғалардың несиелік портфелінің 90 пайызынан асып тұр. 18 триллион теңге несиені 8,5 миллион  азаматымыз рәсімдеп алған.  Мұның ішінде 1 миллион 800  азамат несиесін уақытында қайтара алмай жүр, бұлардың берешегі - 2 триллион теңге. Бүгінде несие беретін банктердің сыйақысының пайызы тым жоғары. Банкроттық туралы заң қабылданып қолданысқа енгізілген наурыз айынан бастап 67 мыңнан астам адам өтініш жазған. Оның ішінде 4 мыңға жуық азаматтың несиесі банкроттық деп танылды. Бұл нені көрсетеді, өтініш берген адамдардың  тек 6 пайызы ғана банкроттық статусын алды деген сөз.  Осы 4 мың  адамның ішіндегі 140 борышкердің әрқайсының  жалпы қарыз  сомасы 150 мың теңгеден аспайды. 18 адамның мойнында төлей алмай жүрген қарызы 50 мың теңгеден төмен. 4 адамның берешегіне тіпті күлесіз – 4 мың теңге.   Мұның бәрі елімізде кей азаматтардың қаржылық сауаттылығы  төмен екендігінің айқын көрінісі. Мұны не үшін айтып отырмын? Әлгі 4  мың теңге берешегі бар адам банкроттық деген статусты алғаны үшін енді 5 жыл бойы ешқандай несие рәсімдей алмайды, шетелге шығуына тыйым салынады.   Осындай олқылыққа қарап банкроттық туралы заңды әлі де пысықтау керек деп ойлаймын», деді Б.Бейсенғалиев.