Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» тұрақты біріншіліктегі кезекті тур ойын Тольяттиде жергілікті «Лада» командасымен өткізді.
Сырт айдындағы ойындар сериясын Ресейдің Тольятти қаласында бастаған жерлестеріміз алғашқы кездесуінде-ақ сәтсіздікке ұшырады. ҚХЛ-ға биыл ғана оралған жергілікті «Лада» хоккейшілерімен шеберлік байқасқан «Барыс» ойыншылары қарсыластарына 2:1 есебімен жол берді. Төрт мыңнан аса жанкүйер тамашалаған «Лада-Арена» спорт кешеніндегі тартысты бәсекенің есебін бірінші болып айдын иелері ашты. Ойынның 6-минутында Иван Романов мергендік танытып, жергілікті жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
Үзілістен кейін де айдын иелері қарқынын бір сәтке де бәсеңдетпей, 33-минутта Остап Сафиннің шайбасынан кейін есептегі басымдығын 2:0-ге жеткізді. Арадан төрт минут өткенде «Барыс» сапынан Понтус Оберг дәл соққысымен есеп айырмасын қысқартқанымен, командасын жеңілістен құтқарып қала алмады. Қорытынды есеп – 2:1. Бұл – «Барыстың» кейінгі үш ойындағы үшінші жеңілісі. Біздің жігіттер келесі ойынын бүгін Сочиде жергілікті «Cочи» командасымен өткізеді.