Депутат, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Руслан Берденов халықтың шамадан тыс несие алу факторларының бірі лудомания екенін айтып, өзекті мәселе қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттың сөзінше, лудомания – еліміздегі ең үлкен мәселелердің бірі, бұны қаншама хаттар және халықпен кездесулер растай түседі. Өкінішке қарай, дүниежүзі бойынша лудоманияға байланысты Қазақстан ең белсенділердің қатарында тұр.
«157 мың құқық бұзушылықтың 31 мыңы құмар ойындары кесірінен жасалған. Ал ажырасудың 40 пайызы лудоманиядан болған. Өз-өзіне қол жұмсаудың басты себебі - асыра үлкен қарыз және несие. Прокуратурадан алынған ресми мәлімет бойынша былтыр 3 676 суицидтің әрбір бесіншісі құмар ойындарына қатысты болған. Бірақ біз ішкі істер министрлігімен де сөйлестік, көрсеткіш 50 пайызға дейін барады», деді Руслан Берденов.
Оның айтуынша, еліміздегі жалпы 3 млн 500 мың ер баланың 700 мыңнан астамы бір рет болсын бәс тіккен, яғни, қалай ойнауды біледі, лудоманиямен таныс деген сөз. Бұл 1 млн-нан астам құмарпаздар саны одан әрі өсетінін білдіреді.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Р. Берденовтің айтуына қарағанда, оның әріптестері айтып жүрген 350 мың лудоман бар деген ескі көрсеткіш қазіргі таңда 1 млн-ға жеткен. Тағы бір алаңдатарлығы - 2017 жылдан бастап букмекерлік бизнес айналымы 15 млрд болса, 2022 жылы 554 млрд, ал 2023 жылы 1 триллион теңгеге жетпекші. Айналым 70 есе өссе де, салық төлеу мөлшері өзгермей, сол 2017 жылғы мөлшерде тұрып қалған. Жауапты министр онлайн жүйесін жапсақ, бюджетке түсетін салық азайып қалады деген негіздеме айтады. Негізгі мақсат салық болса, 2017 жылдан бері салық көтеру мәселесі айтылмаған.
«Қауіпсіздік кеңесінде Мемлекет басшысы «ойын бизнесінде» қаражаттың барлық қозғалысын қадағалап, бұзушылықтар анықталған кезде қажетті шараларды қолдану маңызды екенін ерекше атап өтті. Қажетті шешім қабылдар алдында Конституциямыздың бірінші бабына сәйкес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі деген қағиданы қатаң ұстануымыз қажет», деп түйіндеді Руслан Берденов.