• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мирас 22 Қазан, 2023

Азаттықты асқақтатқан мүшәйра

260 рет
көрсетілді

Республика күні қарсаңында Шымкентте «Күміс қалам – 2023» поэзиялық сайысы ұйымдастырылды. Биыл үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан конкурсқа еліміздің әр өңірінен үміткерлер жиналды. Сайыс шарты бойын­ша 14-35 жас аралығында жазба ақындар өзара сынға түсті.

Байқаудың салтанатты ашылуын­да құттықтау сөз сөйлеген қала әкі­мінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов үміткерлерге сәттілік тіледі. Байқаудың өтуіне мұрындық болған –  қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасы мен жастар ресурстық орталығы. Сонымен тартысты мүшәй­рада Серғазы Қайырболды ІІІ орын, Жадыра Байбұланова ІІ орын, Ұлытау облысынан келген жас ақын Айзада Рахымжан І орын алып, «Күміс қа­лам – 2023» жүлдесінің иегері атанды.

Жазба ақындар мүшәйрасының ізін ала «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» тақырыбында жас айтыскер ақындар арасында «Күміс домбыра» республикалық конкурсы өткізілді. Байқауда Қазақстанның әр түкпірінен келген 16 айтыскер ақын бақ сынады. Айтыс өнерінің майталмандары, мә­дениеттің еңбек сіңірген қайраткерлері конкурсқа қазылық етті. Бір-бірімен сөз қағыстырған, тапқыр ойлармен қарсы­ласын тұқыртып, жалынды жыр шумақ­тарымен делебені қоздырған жас ақындар айтысы жиналған көпші­ліктің руханиятқа сусаған шөлін бір қандырып тастады.

Қаратау дәстүрлі өнер мектебіндегі айтыс сыныбының жетекшісі, осы өнердің белді өкілдерінің бірі Қажымұқан Абзал Тәуелсіздіктің арқасында төл өнеріміз насихатталып, қолдау тапқанын айтты. Ақын сондай-ақ «Күміс домбыра» байқауы жыл сайын бола берсе екен деген тілегін жеткізді. Байқау республикалық болса да, қатарынан үш жыл Шымқалада өтуі мегаполистің төл өнерге деген жанаршылығын байқатса керек деген ойын қоса кетті.

Республика күні мерекесін, Тәуел­сіздікті арқау еткен айтыскер жас ақындардың байқауының қорытын­дысына келсек, «Күміс домбыраның» бас жүлдесін шымкенттік Аян Ниязбек еншіледі. Одан бөлек, Ердәулет Ыбы­рай мен Нұрдәулет Өмірбек ІІІ орын, Жамбыл облысының ақыны Мұх­тар Қонарбай мен түркістандық Ахметрасул Баянбай ІІ орын, ал қа­сиетті Баянауыл жерінен келген келген жас ақын Мәрес Байрон І орын ие­ленді.

«Күміс домбыраның» бас жүлде иегері Қаратау дәстүрлі өнер мекте­бінің ұстазы Аян Ниязбек журналистерге берген сұхбатында жас ақындар айтысында осымен үшінші жыл қатарынан бақ сынап жүргенін жеткізді. Жарыстың бірінші кезеңінде астаналық шайыр Ердәулет Ыбыраевқа қарсылас болса, екінші кезеңде түркіс­тандық ақын Ахметрасул Баян­баймен таласқа түскен. Ол айтыс өнеріне жас­тардың қызығып келе жатқанын айтып, қуанып отыр. Зал толы жастарды көріп солардың қоғам­дағы мәселесін қозғағанын айтты.

Өнер додасынан кейін орын алған жүлдегерлерге Шымкент қаласы әкі­мінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов арнайы сыйлықтарды тарту етті.

 

ШЫМКЕНТ