Отандық шахматшы Алуа Нұрманова 11-20 қазан күндері Қатардың Лусаил қаласында өткен «Qatar Masters Open» бәсекесінің қола жүлдегері атанды.
Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметі бойынша қыздар арасындағы бәсекеде ұлттық құрама ойыншысы жарыстың 9-турында 4,5 ұпай жинап, халықаралық жарыстың қола жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар А.Нұрманов бұл көрсеткішінің нәтижесі бойынша Халықаралық спорт шеберінің 1-нормасын және әйелдер Гроссмейстерінің 2-нормасын орындады. Ал жарыстың бас жүлдесі мен екінші орынды бірдей ұпай жинаған (5) үндістандық шахматшылар Рамешбабу Вайшали мен Дивья Дешмух өзара бөлісті. Қосымша көрсеткіштер бойынша Рамешбабу Вайшали жарыс жеңімпазы деп танылды. Ерлер арасындағы бәсекеде өзбекстандық шахматшылардың бағы жанды. Бас жүлдені Нодирбек Якуббоев жеңіп алса, екінші орынды Нодирбек Абдусатторов иеленді. Қола жүлде үндістандық Сунилдут Нараянанға бұйырды.
«Qatar Masters Open» – әлемдегі ең беделді шахмат турнирінің бірі. Мұнда ФИДЕ рейтингінде 2300-ден жоғары тұрған ойыншылар ғана сынға түседі. Биыл 44 елден 252-ден аса шаршы тақта шебері жиналды.