• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Теннис 23 Қазан, 2023

Кіл мықтыда кім мықты?

166 рет
көрсетілді

Санаулы күндерден кейін Мексиканың Канкун қаласында жер-жаһанның ең таңдаулы 8 теннисшісі бас қосатын WTA-ның қорытынды турнирі басталады. Биылғы бәсекеге Қазақстан теннис тарихында алғаш рет отандасымыз қатысқалы отыр. Мұндай додаға қатысу құрметіне 2022 жылғы Уимблдон додасының жеңімпазы, қазіргі таңда әлемдік рейтингте бесінші сатыда тұрған Елена Рыбакина ие болды. Ал біз WTA-ның қорытынды турнирі туралы не білеміз?

Теннистен әйелдер арасындағы қорытынды турнир 1972 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2000 жылға дейін бұл дода тек АҚШ аймағында өткізілген болса, келесі жылдан бас­тап теннис турнирі географиясын кеңей­тіп, алғаш рет Германияның Мюн­хен қаласында жалауы желбіреді. Кейін­­нен бұл жарысты Испанияның Мадрид, Қатардың Доха, Түркияның Ыс­­танбұл, Сингапурдың Сингапур, Қы­тайдың Шэньчжэнь және Мексиканың Гвадалахара қалалары қабылдады. Мексика бұл жарысты өз тарихында екінші рет өткізу мәртебесіне ие болды.

Осы уақыт аралығындағы қоры­тынды турнирде америкалық даңқты теннисші Мартина Навратилова ең көп жеңіске жеткен. Өткен ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдарында өнер көрсеткен Навратилова 8 турнирде теңдессіз деп танылды. Одан кейінгі үздік нәтиже германиялық Штеффи Графф пен америкалық Серена Уильямсқа тиесілі. Олар бес реттен топ жарса, АҚШ-тың тағы бір өкілі Крис Эверт төрт мәрте жеңіс тұғырынан көрінген. Со­нымен қатар Моника Се­леш (АҚШ) пен Ким Клейстерс (Бель­гия) үш реттен, Ивонн Фей Гула­гонг-Коули (Аустралия), Га­бриэла Са­бати­ни (Аргентина), Мар­тина Хингис (Швей­цария), Жюстин Энен (Бельгия) екі мәртеден жеңімпаз атанған. Қалған 15 теннисшінің тек бір реттен ғана жеңіске жету мүмкіндігі болды.

Былтырғы турнирде топ жарған франциялық Каролин Гарсия биыл үздік 8 теннисшінің қатарына қосыла алмай, қо­рытынды турнирден тыс қалды. Биылғы жарысқа Арина Соболенко (Беларусь), Ига Швентек (Польша), Коко Гауфф (АҚШ), Елена Рыбакина (Қазақстан), Джессика Пегула (АҚШ), Маркета Вондроушова (Чехия), Онс Жабер (Тунис) және Каролина Мухова (Чехия) секілді спортшылар қатысады.

Елена Рыбакина биылғы әйелдер теннисі турнирлерінде тамаша нәтиже көрсетіп, қорытынды турнирге алғаш рет шақырту алды. Отандасымыз биылғы маусымда жылдың ең алғашқы ірі жарысы – Аустралия ашық біріншілігінің финалына дейін жетіп, WTA турнирлерінде бес мәрте бас жүлдені жеңіп алды. Соның ішінде АҚШ-тың Индиан-Уэлс қаласы мен Италияның бас шаһары – Римде жалауы желбіреген «WTA 1000» санатындағы екі бірдей маңызды турнирде топ жарды. Сонымен қатар ITF додаларында төрт рет дараланды. Бір ғажабы, биылғы маусымда Рыбакина әлемнің 1-ракеткасы польшалық Ига Швентектің өзін үш мәрте қапы қалдырды.

Жалпы, Рыбакина Канкундегі додаға жолдама алған жеті тен­нисшімен бар­лығы 23 кездесу өткізген екен. Соның 10 бәсе­кесінде жерлесіміздің мерейі үстем болса, қалған 13 матчта же­ңіліс тапқан. Атап айтқанда, отандасымыз чехиялық М.Вондроушева және К.Муховамен екі реттен кездесіп, қарсыластар бір-бір ойында жеңіске жеткен. А.Соболенкомен өт­кен алты кездесуде – 2:4, О.Жабермен болған бес ойында – 2:3 және Ж.Пегуламен өткен үш ойында 1:2 есебімен есе жі­берген. Сондай-ақ К.Гауффпен бүгінге дейін бір ойында шеберлік байқасып, қарсыласына жол берген.

Жарыстың ережесі бойынша әлемнің ең үздік 8 теннисшісі төрт қатысушыдан екі топқа бөлініп, алдымен бір-бірімен айналмалы жүйе бойынша ойнап шы­ғады. Сөйтіп, топтық кезеңде ең үздік нәтиже көрсет­кен екі теннисші жартылай фина­ға жолдама алады. А тобында бірінші орын алғаны В тобының екінші орын иегерімен, В тобының жеңімпазы А тобында екінші орынға тұрақтаған теннисшімен ойнайды. Әрі қарай жартылай финал және финал бәсекелері өтеді.

Сондай-ақ теннисшілер бұл тур­нир­­дегі әр ойыны үшін рейтингтік ұпайларға да ие болады. Мәселен, топ­тық кезеңдегі әрбір жеңісі үшін 250 ұпай алса, же­ңілген спортшы соның тең жартысына ие болады (125 ұпай). Жартылай финалда жеңіске жеткендер 330 ұпай, ал чемпион теннисші 750 ұпай иеленеді. Бұдан бөлек жеңімпаз 1,24 млн доллар (800,32 млн теңге) сыйақы алады. Егер теннисші осы турнирдегі барлық ойында қарсыластарынан басым түсіп, жеңіске жеткен болса, онда сыйақы мен рейтингтік ұпайын екі еселеп ала алады.

Жүлде қоры 5 млн долларды (2,38 млрд теңге) құрайтын WTA күнтіз­бесіндегі биылғы маусымның соңғы жарысы 29 қазан мен 5 қараша аралығында Мекси­каның Канкун қаласындағы жабық корттарда өтеді.