• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 23 Қазан, 2023

Жәнібектің жоспары қандай?

201 рет
көрсетілді

Өткен аптада ел спортында болған ең елеулі оқиғалардың бірі – боксшы Жәнібек Әлімханұлының екі тұжырым бойынша әлем чемпионы атануы. Кәсіби бокстың сүрлеуіне түскеніне көп бола қоймаса да, аз ғана уақыттың ішінде екі бірдей ең маңызды белдікті қанжығасына байлаған Жәнібек үшін бұл – үлкен жетістік, зор мәртебе. Даңқты Геннадий Головкиннің өзі WBA (2010 жылы) белбеуінен кейінгі екінші белдігін (IBF) араға бес жыл салып, 2015 жылы ғана еншіледі. Ал Жәнібек небәрі екі жылға жетер-жетпес мерзім ішінде екі нұсқа бойынша әлем чемпионы атанып отыр.

Негізгі айтпағымыз, боксшылардың белдігін салыстыру емес еді. Қысқа мер­зімде осындай елеулі табысқа қол жеткіз­ген Әлімханұлының келесі қадамы қалай болмақ, ендігі жекпе-жегін кіммен өткізгені тиімді, екі белдігін қорғап, қалтасын қалыңдатқаны дұрыс па әлде темірді қызған кезінде соқ дегендей, қалған екі белбеуге ұмтылғаны дұрыс па? Бүгінгі мақаламызда осы және өзге де сұрақтарға танымал бокс маманы Жалғас Түкешовтің пікіріне жүгіне отырып жауап іздеп көрмекпіз.

Винченцо Гуалтьеримен өткен жекпе-жектен кейін Жәнібек Әлімханұлының өзі белбеулерін қорғауға аса ниетті емес екенін, барлық төрт белбеуге қол жеткіз­бейінше тоқтамайтынын айтқан еді. «Маған WBC мен WBA белбеулері керек. Ақпанда осы екі белдікті иеленіп отырған екі боксшының бірімен жұдырықтасқым келеді. Сондықтан белбеулерімді өзімнен деңгейі төмен боксшыларға қарсы қорға­ғым келмейді. Маған басқа титулдар қажет. Кез келген чемпионды сұ­латып салу­ға дайынмын», деп мәлімдеме жа­саған еді.

Ал елімізде бірнеше бокс кешін ұйым­дастырып жүрген, кезінде өзі де қолына қолғап киіп, шаршы алаңда жұды­рықтасқан бокс маманы Жалғас Түкешов дәл қазіргі уақытта Жәнібекке белдіктерін қорғаған әлдеқайда тиімдірек деп есептейді. Оның айтуынша, әлем алдында беделі бар боксшылар мен өз салмағының чемпиондары отандасымызбен аз қаржыға жұдырықтасқысы келмейді. Өйткені отандасымыз әлі де бокс нарығында танымал емес дейді.

«Кешегі жекпе-жекте Жәнібек нағыз қазақ бокс стилін көрсетіп, барлық жұртты таңғалдырды деп ойлаймын. Сол жекпе-жекте Жәнібек рингте кімнің король екенін көрсете білді. Өйткені кездесуде қарсыласы тарапынан ешқандай қарсылық болған жоқ. Біз тек жақсы бокс­ты көрдік. Тіпті Жәнібектің рейтингтік айқастарына қарағанда, бұл кездесуі өте жеңіл болды деп есептеймін. Себебі кез келген чемпиондық айқаста бір бокс­шының анық басымдығы байқала бермейді. Енді Әлімханұлының келесі жүрісі қандай болу керек? Меніңше, оған қазіргі уақытта жеңіп алған белбеулерін өзінен кейін тұрған боксшыларға қарсы қорғағаны дұрыс. Неге? Өйткені оған әлі АҚШ-та танымалдығын арттыра түсу керек. Мысалы, кешегі жеңісі арқылы ол кәсіпқой бокс әлеміне белгілі бір дең­гейде таныла түсті. Бірақ үлкен жекпе-жектерге шығу үшін бұл да аздық етеді. Дегенмен осы айқасы арқылы ол әлемдегі ең үздік боксшылардың қата­рында екенін көрсетті», дейді ол.

Сондай-ақ сарапшының пікірінше, Жәнібек АҚШ аудиториясына белгілі бір деңгейде танымал болғанымен, енді оған Еуропа бокс нарығын бағындыру керек. Расымен, отандасымыздың кәсіпқой бокстағы жүріп өткен жолына үңілетін болсақ, ол алғашқы айқастарын өз елімізде өткізгенімен, қалған кездесуінде АҚШ-та айқасып жүр. Ағаш бір жерден көгереді дегенімізбен, боксшы әлемді аралап жүріп жаһанға танылатынын да ұмытпауымыз керек. Мәселен, АҚШ бокс нарығындағы өте танымал Теренс Кроуфорд, Василий Ломаченко сияқты боксшылар да бекерге Ұлыбританияда жұдырықтасқан жоқ. Тіпті Головкиннің өзі де кейінгі айқасын Жапонияда өткізіп келді.

«Кез келген бокс маманынан сұра­саңыз, Еуропа бокс жанкүйерлерінің алдында Жәнібектің жарнамасы өте төмен деңгейде екенін айтады. Кәсіпқой бокс бизнес екенін ескерсек, сенің болашағың да, жекпе-жектерден табатын табысың да жарнамаңа байланысты болады. Бокс заңы – солай. Жарнамаң жақсы болмаса, табысың да мардымсыз болмақ. Егер мен Жәнібектің промоутері немесе менеджері болсам, оның келесі кездесуін Ұлыбританияда ұйымдастыратын едім. Дегенмен Еуропаға жай жекпе-жек өткізу үшін емес, сол аймаққа аса таны­мал болған боксшымен кездесу үшін бару керек. Ал дәл қазіргі уақытта Еу­ро­па, Ұлыбритания нарығында қай боксшы танымал десеңіз, Жәнібектің түйдей құрдасы, британиялық панчер Феликс Кэшті айтар едім. Бүгінге дейін 16 кездесу өткізіп, соның 10 бәсе­кесінде қарсыластарын кескен теректей сұлатып, нокаутпен жеңген. Егер Жәнібек Британияға барып, дәл осы боксшыны өз жерінде мерзімінен бұрын жеңетін болса, Еуропада да, АҚШ-та да танымалдығы одан сайын арта түсетініне сенімдімін. Сондай-ақ Феликс Кэштен бөлек, Еуропа нарығына танымал бокс­шылардан Лиам Смит, Крис Юбенк секілді былғары қолғап шеберлерін де атап өтуге болады. Әрі ол боксшыларға да Жәнібекпен айқасқан қызығырақ деп ойлаймын. Қанша дегенмен орта салмақтағы екі белдіктің иесі. Сондықтан Жәнібек әзірге чемпиондарды шақыруын қоя тұрып, бокстың осындай көлеңкелі тұстарына да баса мән беруі керек деп ойлаймын. Әлеуметтік желіде «сені бір ұрып құлатамын, мен тек чемпиондармен шығамын» деген сияқты пиар жүріс жасау өте маңызды. Әлеуметтік желіде де «жекпе-жектер» өткізген дұрыс, бір­ақ бәрін нақты іспен дәлелдегенге не жет­сін», дейді Ж.Түкешов.

Сонымен қатар бокс сарапшысы Жәні­бек боксшы ретінде өсті және дәл қазіргі ке­зеңде кез келген атақты боксшы­мен жұ­ды­рықтасуға дайын деп есептей­ді. Тіпті сол жекпе-жектердің айқын фаво­риті бо­лып қалуы да ғажап емес екенін айтты.

«Егер дәл қазір Жәнібек кубалық атақты боксшы Эрисланди Ларамен жұды­рықтасатын болса, бұл айқас жерлесіміз үшін аса қиын болады деп ойламаймын. Бәлкім, Жәнібек оны мерзімінен бұрын да жеңіп кетуі мүмкін. Өйткені жұ­дырықтасу мәнері жағынан Лара мекси­калық «Канелоға» қиындық тудыруы мүмкін, бірақ Жәнібекке өте ың­ғайлы боксшы. Бірақ бұл боксшылар жақын аралықта Жәнібекпен шыға қоюы екіталай. Неге десеңіз, ең бірінші, жоғарыда айтқанымдай Әлімханұлы әлі де АҚШ бокс нарығына толық кір­ген жоқ. Ол – кез келген танымал, жергілікті боксшыға қаржылық жағынан өте тиімсіз қарсылас. Оның үстіне бәрі оның деңгейін жақсы біледі. Қазір олар Жәнібектің жекпе-жектерін көріп, аяқалысын бақылап отыр. Жеңіліп қалу қаупі бар екенін де сезбейді емес, сезеді», дейді Ж.Түкешов.

Бірақ Жәнібектің промоутерлік компаниясы бокс ұйымдарын, сол тұжырым­ның чемпиондарын мол қаржымен қызықтыра алса, онда Жәнібектің мық­тылармен жұдырықтасуға даңғыл жолы ашылады. Дей тұрғанмен мына мәселені де ұмытпаған жөн. Жәнібектің жоспары мен промоутердің жоспары бір-бірімен сәйкес келмей қалатын кездер де болатын. Сондай-ақ отандасымыз көздеп отырған өзге екі ұйымның жоспары да Жәнібектің жоспарына тұспа-тұс келе ме, жоқ па ол жағы да белгісіз. Сон­дықтан Жәнібек ендігі айқасында белдігін қор­ғауы мүмкін дейді бокс сарапшысы.