• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қазан, 2023

Веломарафоншы Республика күніне орай 106 шақырымды 6 сағатта жүріп өтті

257 рет
көрсетілді

Журналист, аудармашы, веломарафоншы Ернат Мелсұлы Республика күніне орай Астана қаласында 106 шақырымды басып өтті. Түркияның Қазақстандағы Елшілігі ғимараты маңынан басталған 106 шақырымдық марафонды әріптесіміз 6 сағатта өндірді.

«Соло» әдісіндегі  марафонда жалғызілік  жолға шыққан Ернат Астана қаласын айналып жүрді. «Мен бұл марафонды Республика күніне және бауырлас Түркия мемлекетінің 100 жылдығына арнаймын. Анадолыдағы түрік ағайынның түп қазығы, ата жұрты – қазақтың жері Алтай өлкесі. Мұстафа Кемел Ататүрік 1924 жылы Түрік Республикасын құрды. Ал Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары бір тудың астына бірігіп, 1917 жылы Алаш автономиясының  қазығын қақты. Республика күніне орай жоспарлаған велошеруде межелеген уақытта келуіме күздің қара суығы айтарлықтай кедергісін келтіріп  кешігіп жеттім. Қарсы соққан жел жылдамдығымды тежесе, арқамды қарыған ызғар да бөгесін болды. 60 шақырымнан кейін жарты сағатқа аялдап, ас-суымды іштім, одан кейін тоқтағам жоқ. Ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы арпалысқа толы еңбегін, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін бастарын қатерге тіккенін кейінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Егемендіктің нығаюына әр азамат өзінің титтей де болса  үлесін қосуы керек деп санаймын. Сондықтан  да еліміз үшін айтулы мереке қарсаңында  «Сұржекейімді» (велосипед) сайлап жолға шықтым.  Межелеген қашықтық 100 шақырым болуы тиіс еді. Халықаралық сертификат берілген Strava қосымшасының көрсеткіші бойынша басып өткен жолым – 106 шақырым. Бұл сан да кездейсоқтық емес деп пайымдаймын, себебі биыл Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары құрған ұлттық мемлекет – Алаш автономиясына 106 жыл толды. Былтыр ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Қайраткердің мерейтойына орай туған  топырағы Торғайдан шығып 55 күн  жүріп,  Ыстанбұл қаласына дейін 5555 шақырым жолды велосипедпен өндірдім», дейді Е.Мелсұлы.

Веломарафоншы келесі жылдың сәуір айында Түркия елінен  бастап, Еуропа құрлығының 10 мемлекетін көктей өтіп, жазғы Олимпиада ойындары ұйымдастырылатын Париж қаласына  дейін баруды жоспарлап отыр. Ол бұл шеруін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл және мұсылман халықтары арасынан тұңғыш болып таеквондадан 6-дан иегері атанған Мұстафа Өзтіріктің туғанына 70 жыл толуына орайластырмақ.

Велошерушіні Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу бастаған бастамашыл топ Есіл өзенінің жағалауындағы Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткішінің алдында салтанатпен қарсы алды.