Теннистен ерлер арасындағы еліміздің бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Бельгияның Антверпен қаласында мәресіне жеткен «ATP 250» санатындағы турнирдің чемпионы атанды.
Жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген отандасымыз Бельгиядағы доданы екінші айналымнан бастап, тұсаукесер кездесуінде франциялық Грегуар Баррерден басым түссе, ширек финалда тағы бір француз өкілі Джованни Мпетши Перрикарді жеңді. Ал жартылай финалда германиялық Максимилиан Мартерерді жарыс жолынан ығыстырып, турнирдің финалына жолдама алды.
Бас жүлде үшін өткен бәсекеде жерлесіміз дүниежүзілік рейтингте 38-орында тұрған 19 жастағы франциялық Артюр Фисті екі сетте 6:4, 6:4 есебімен қапы қалдырып, өз карьерасында үшінші мәрте ATP санатындағы турнирдің жеңімпазы атанды. Ал осы маусымдағы екінші чемпиондығына қол жеткізді. Ол ең алғаш былтыр Монпельеде (Франция) өткен «ATP 250» санатындағы жарыста үздік шықса, биыл Германияның Галле қаласында ұйымдастырылған «ATP 500» турнирінде топ жарған еді.