Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барысы» тұрақты біріншіліктегі кезекті ойынын Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасымен өткізді.
Қазіргі таңда екі ұжым да ҚХЛ-дің турнир кестесінде соңғы орындарда қатарлас келе жатыр. Сондықтан жоғары орындарға көтерілу үшін екі командаға да жеңіс ауадай қажет еді. Мәскеудегі «Арена «Мытищи» спорт кешенінде өткен бәсеке ә дегеннен аса тартысты басталды. Ойынның есебін 7-минутта «Барыс» ойыншысы Давид Скленичка ашқанымен, екінші кезең басталған бетте «Куньлунь» сапынан Нолан Мойл таразы басын теңестіріп кетті – 1:1. Арада екі минут өткенде Михаил Рахманов «Барысқа» қайта басымдық сыйласа, үшінші кезең аяқталар тұста Девин Броссо дәлдік танытып, есепті 2:2-ге жеткізді.
Сөйтіп, ойынның негізгі кезеңі тең нәтижемен аяқталған соң, бәсеке овертаймға ұласты. Қосымша уақытта да жеңімпаз команда анықталған жоқ. Ал буллиттер сериясында «Барыстың» бағы жанып, қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді – 3:2.