Республика күні қарсаңында Қостанай әуежайының маңдайшасына «Ахмет Байтұрсынұлы әуежайы» деген жазу орнады. Қуанышты хабар сол сәтте-ақ әлемжелі арқылы шартарапқа тарады. Оған көпшілік әр тұстан үн қосып, құтты болсын айтысып, сүйсініс білдіріп жатты.
Биылғы 26 маусымда «Егеменде» жарияланған «Ұлт ұстазын қалай ардақтап жүрміз?» атты мақалада Ақаңның 150 жылдық мерейтойына орай қабылданған игі шешімдердің орындалуы кешеуілдеп кеткенін жазған едік.
Мақалада Ахмет Байтұрсынұлы атындағы әуежайға келіп-кетіп жатқан ұшақтардың ұшар-қонар хабарламаларында Ақаң есімінің мүлде аталмайтыны, әуежайдың ресми сайтындағы ақпараттың бәрі тек орыс тілінде ғана берілгені, әуежай ғимаратына әлі күнге дейін ұлт ұстазының есімі ілінбегені, сондай-ақ өңірлік университеттің бас ғимаратының маңдайындағы Байтұрсынұлы «Байтұрсынов» болып тұрғаны, қаладағы тоғыз қабат зәулім үйге ілінген мұралдың ұлт ұстазын мазақ еткендей әсер қалдыратыны турасындағы елдің өкпе-реніші айтылған.
Артынша мақалада көтерілген мәселелердің шешім табуына «Amanat» партиясының жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Қырмызы Жаңбыршина араласып, біраз шаруаны ілгерілетіп тастағанын ризашылықпен атап өткен жөн. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына сауал жолдаған қазақтың намысқой қызы басқарма басшысы Олжас Нұрғалиевтен «Ел Үкіметінің «Қостанай» халықаралық әуежайы» АҚ-ға
Ахмет Байтұрсынұлы есімін беру туралы 2022 жылдың 24 маусымындағы №424 қаулысына сәйкес, әуежайдың жарғысы, мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі, мөрі, т.б. құқықтық құжаттарының бәрі реттелді. Әуежайдың жаңа атауы аэропорт терминалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталған соң ілінеді», деген жауап алыпты.
– Әуежай басшысы «Жөндеу жұмыстары күзге қарай аяқталады. Соны күтіп отырмыз. Ал ұшақ ішіндегі хабарламаны дұрыстау туралы барлық бағыттағы әуе компаниясына хат жолдадық. Бұдан былай қонған ұшақтың бәрі «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайына келіп қондық» деп хабарлайтын болады» деген. Одан кейін әуежай басшысы ауысып кетті ғой. Жаңа басшыға да бірнеше рет хат жазып, сіздер «FlyArystan», «Air Astana», «Qazag Air» сияқты әуе компанияларының бәріне қайтадан ресми хат жолдап, ұшып бара жатқанда, қонғанда Ахмет атамыздың аты айтылсын деп қайтадан ескертіңіздер дегенмін. Содан кейін біраз адамдардан сұрастырып білдім, қазір келімді-кетімді ұшақтың бәрі әуежай атауын дұрыс айтып жатыр. Мұны таяуда Астанадан келген қызым да айтып келді. Әуежай басшысы уәдесінде тұрды. Әуежайдың жарқырап тұрған жаңа атауын өз көзімізбен көріп, қуанып жатырмыз. Облыс бюджетінен арнайы қаражат бөлгізіп, осы істі аяғына дейін жеткізген әкімге де, әуежай басшысы Асқар Құралұлына да рақмет, – деді мәслихат депутаты.
Қырмызы Сапарқызы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық әуежайдың басшысы Асқар Бекбосыновқа әуежай алдындағы ашық алаңға ұлт ұстазының ескерткішін орнатып, айналасын гүлзар ету туралы ұсыныс айтыпты. «Ол күнге де жетерміз, ұлт ұстазының есімі, тіпті әуежай маңындағы «Аэропорт» шағын ауданына берілсе де артық болмайды. Бұл енді алдағы күннің еншісіндегі шаруа», деді Қырмызы Сапарқызы.
Әуежайдың ресми сайты да қазақшаланыпты. Сайттың бас бетіне ірі әріптермен әдіптелген «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қостанай» халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамы» деген жазу да бірден көзге жылы ұшырай кетеді.
Өкінішке қарай, жаңа оқу жылын ресми түрде «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті» болып бастаған білім ордасы әлі күнге дейін бас ғимаратының маңдайшасындағы «А.Байтұрсынов» деген жазуды өзгерте алмай отыр.
«Аэропорт» шағын ауданындағы 25-үйдің қабырғасына салынған ұлт ұстазының мұралы да сол қалпында. Қырмызы Сапарқызының айтуынша, қала әкімдігі көп қабатты зәулім үйді салған мердігер компанияның басшысымен сөйлесіп, мұралды үстінен бояп тастауды немесе Ахмет бейнесін дұрыстап қайта салуды сұраған екен, алайда компания басшысы бұған көне қоймапты.
Мұралды салдырған KBS құрылыс компаниясының бас директоры Бауыржан Сәбитұлына қоңырау шалып, өзіміз де сөйлесіп көрдік.
– Мен бұл мұралды Алматыдан арнайы суретші алдыртып, 3 жарым млн теңгеге салдырдым. Сол кездегі облыс басшысы Архимед Мұхамбетов келіп көріп, ұнағанын айтып, риза болып кеткен. Ахмет атамыздың бейнесі жұрттың көз алдында жарқырап тұрсыншы деген таза ниетпен, шынайы жүрекпен соншама қаржы жұмсап жасалған дүние еді. Мыңдаған адам осы мұралдың алдында суретке түсіп, маған алғыс айтып жатыр. Сондықтан бір-екі адамға ұнамады екен деп, мен бұл мұралды алып тастай алмаймын. Рас, көзілдірігінде кішкене кемшілік бар шығар. Бірақ ең бастысы, қарапайым халыққа ұнайды. Енді маған хабарласып әуре болмаңыз. Менің жауабым – осы, – деді Бауыржан Сәбитұлы.
Бұдан кейін шарадай болған шақша басқа еріксізден-еріксіз осы біз әп-әдемі суретке қиянат жасап, жұртты бостан-бос даурықтырып жүрген жоқпыз ба деген күмән келеді екен. Ақыры әлгі суретті әр нәрсеге әділ баға бере алатын азамат әрі Ахметті әкем деп сөйлейтін аталас ұрпағы ғой деп журналист Дәуренбек Әбдібекке көрсеттік.
– Сурет өте сапасыз салынған. Ахмет Байтұрсынұлына ұқсамайды. Кәдімгі бір мультфильм кейіпкері сияқты. Көзі ақиып кеткен. Аузы бұртиып, ерні шүртиіп тұр. Ахмет қазір көзі тірі жүрген танымал әртістер сияқты жеңіл әзілді көтере білетін адам болса – дұрыс. Ал өзінің халқына өлшеусіз еңбек еткен, бар ғұмырын сол ұлтқа қызмет етуге сарп еткен адамның суретін осындай етіп салып, оны көпе-көрнеу іліп қою – меніңше, дұрыс емес. Қазақ ұлтының перзенттері үшін, жалпы адамзат ізгілігіне қызмет еткен тұлғаны сыйлайтын адамзаттың ұрпағы үшін бұл – ар-намысқа тиетін нәрсе. Мынадай етіп көзін ақитып, аузын бұртитып, көзін шүртитіп салып қойып, соны елемей жүре беру – азаматтыққа сын. Әсіреқызыл патриот адам емеспін, бірақ мына суретті көріп тұрып, қасынан үнсіз өтіп кете алмайсың. Құрылыс компаниясының басшысы «жұртқа ұнап жатыр» дегенді қандай оймен, қандай парасат-пайымның биігінен қарап айтып тұрғанын білмеймін. Ол кісінің түсінігіне мен баға бере алмаймын. Бұл мұрал көп адамға ұнамайды, деді.
Қала әкімдігінің өкілдерінен «Сіздер не дейсіздер?» деп сұрап көріп едік, оны бояп тастау керек шығар деген дүдәмалдау жауап алдық. Ұлт ұстазының мұрасын зерттеп жүрген Ибрахим Ағытай ағамызды апарып, әлгі мұралды көрсетіп едік, өңі бірден сұрланып сала берді. Ақсақал «Сотқа беремін!» деген сөзді сыбырлап қайталай берді.
Таяуда Шығыс Қазақстан өңіріндегі әріптесіміз Мерей Қайнарұлы Өскемендегі Әлихан Бөкейханның мұралын салып жіберіпті. Ұлт көсемінің бейнесіне қарай бергің келеді. Көз тойып, көңіл тоғаяды. «Ұлтына, жұртына қызмет қылу – білімнен емес, мінезден» деген сөзінен рух оянады. Кім салды екен?
Қостанай облысы