Астанада «Көлік және логистика нарығы» атты V халықаралық конференция аясында «Озық технологиялар және контейнерлік тасымалдау трендтері» тақырыбында сессия өтті. Оған отандық және бірқатар елдің мамандары мен ғалымдары, сондай-ақ салаға қатысты сала басшылары қатысты.
Жезқазған контейнерлік терминал құруға тиімді жер
Сессияда «Орталық Азиядағы көлік және логистика бойынша серіктестік» қауымдастығы ЗТБ президенті Берік Бөлекбаев, Қазақстандағы контейнерлік тасымалдау нарығын дамытудың жаңа векторының біріне Жезқазғанда контейнерлік терминал құру мәселесін қойды. Сөйтіп, оған негіз болатын алғышарттар туралы ойымен бөлісті.
Қазір әлем бойынша, соның ішінде Азия елдерінде жүк ағыны ұлғайып жатқан кез. Соның бірі контейнерлік тасымалдауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл – бүгінгі күннің тренді. Ал Қазақстан басты бағдар, ТХКБ-ға қатыса отырып, бұл тасымалдың жаңа түрінен қалыс қалмайтыны анық.
«Елдегі транзиттік бағдардың әлеуетін арттыру туралы сөз қозғағанда, инфрақұрылымды дамыту, оның қатарында контейнерлік терминал құру ісіне айрықша назар аударғанымыз жөн. Ірі контейнерлер жағдайы түсінікті, олар Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкент қалаларында орналасқан және тұрақты жұмыс істеп тұр.
Десек те, қазір тенденция, геосаясат өзгеріп жатқан кез. Бағдарлар мен жүк ағыны да өзгеруде және олардың қарқыны да жылдам. Баршаға аян, Жетісу, Абай, Ұлытау облыстары жаңадан ашылды. Сол кейін ашылған облыстың орталығы – Жезқазған қаласы. Осы Жезқазған қаласы Қарағанды облысына қарасты болған кезде, назардан тыс қалып, дамуы кенжеледі. Енді ол облыстың орталығы болғандықтан, қалайда дамудың даңғыл жолына түсері анық. Оның үстіне мұнда 9 ірі кәсіпорын ашылады. Сондай-ақ Жезқазғанның үстінен негізгі бағдарлар – Солтүстік – Оңтүстік, Батыс – Шығыс, сондай-ақ ТХКБ өтеді.
Мұнымен айтпағымыз, Жезқазғанның географиялық орналасуы ішкі және транзиттік бағдарларға қолайлы. Соған қарамастан Жезқазғанда контейнерлік терминал жоқ. Алайда сол жерде жұмыс істеп жатқан тау-кен кәсіпорындары терминал салуға және оның құрылысына инвестиция салуға мүдделі. Осы жоба туралы Атамекенмен, облыс әкімшілігімен және өңірлік көлік, бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Аталған қалада контейнерлік терминал салудың тағы бір тиімді тұсы – келешекте Қарағанды мен Жезқазған арасында төрт жолақты автожол, сондай-ақ Жезқазған мен Қызылорда қалалары арасында да автокөлік жолын салу жобасы жүзеге аспақшы. Жезқазған – Сексеуіл теміржол желісі бойында да 17 станса жұмыс істейді. Әуежай да алыс емес. Ең бастысы, қалада 9 ірі өндірістік кәсіпорынның ашылатыны транзиттік бағдарды айтпағанда, ішкі жүк ағынының ұлғаюына жол ашады. Сондықтан бұл қалада контейнерлік терминал құруды контейнерлік тасымалдауды дамытудың бір бағыты ретінде қарастырған абзал», деді ЗТБ президенті.
Контейнерлік тасымалдағы кедергілер
Осы тақырыпты екінші қырынан қарастырған отандық вагон (контейнерлер) операторлары мен тасымалдаушылар қауымдастығының бас директоры Салтанат Адамбаева, ел территориясы арқылы өтетін транзиттік контейнерлік тасымалдау көлемінің жылдан-жылға өсіп келе жатқанына тоқталып, елімізде контейнерлік тасымалды дамытуға кедергі болып отырған негізгі факторларға назар аудартты. Соның бірі инфрақұрылымдық шектеулерге қатысты болды.
«Қазақстанда жүк жөнелтушілер экспортқа бағытталған жүктерін жаппай контейнерлерге тией алмайды. Өйткені оған инфрақұрылымдық шектеулер бар. Яғни контейнерлік алаң, арнайы кран, тағысын тағы құрылғылар қажет. Жалпы, еліміздің импорт, экспорт, республикалық бағыттағы теміржол желісі вагондарды тасымалдауға арналған», деді ол.
Сондай-ақ тасымалдау үдерісінің барлық қатысушысының теміржол көлігі қызметтеріне тең дәрежеде қолжетімсіз екенін, оған қоса контейнерлік тасымалдауды қамтамасыз етуге фитингілік платформалардың да жетіспейтінін айтты. Сөйтіп, транзиттік бағытта жүк тиелген контейнерлерді тасымалдау барысында тариф саясатының тұрақсыздығын және бос контейнерлерді меншік иесі еліне уақтылы қайтару қамтамасыз етілмей отырғанын еске салды.
Пікір алмасу барысында қатысушылар контейнерлеуді тез арада дамыту қажетін бірауыздан қолдады. Бұл Қазақстанға транзиттік және экспорттық тасымалдау көлемін 4,1 млн ЖФЭ-ге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Себебі біздің елдің жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға әлеуеті жетеді.
Мұндағы ұтымдысы – еліміздің теңіз тасымалымен салыстырғанда тасымалдау уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін қолайлы географиялық орналасуы. Сондықтан республикалық Контейнерлендіру бағдарламасын дайындау кезінде мүмкіндігіне қарай нарық сыйымдылығын, даму сценарийлерін, ҚТЖ мен мемлекеттің рөлін анықтау өте маңызды болмақ.
Негізі Қазақстан Орталық Азия мен Каспий аймағындағы толыққанды көлік хабына айналуды мақсат тұтты. Осыған байланысты саланы дамыту, транзиттік ағындарды тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір бірқатар стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып, әкімшілік кедергілерді азайту және икемді тариф саясатын іске қосу шаралары қолға алынған. Инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп, транзиттік жүктердің жылдамдығын арттыру шаралары басты назарда тұр.