Технология дамыған сайын ғалам үздіксіз өзгеріс үстінде. Бұрын керек мамандықтар шетке ысырылып, жаңалары пайда болып жатыр. Тәуелсіздік алған жылдары жұмысқа жарамды отандастардың 55 пайызы тауар өндірумен айналысты, яғни өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етті. 2000 жылдары заңгер болу сәнге айналды. Ал қазір әр оқушы «айтишник» болғысы келеді.
Ұлттық сыныптауышқа 840-қа жуық жаңа кәсіп енгізілетін болады. Бұл туралы осы жылдың тамызында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамына сәйкес жалдамалы жұмыскерлерге деген сұраныс 2023-2030 жылдары шамамен 2 млн адамды құрайды. Әсіресе білім беру саласында 380 мың адам, сауда саласында 206,9 мың адам және ауыл шаруашылығында 175,2 мың адам сұранысқа ие болмақ.
Қазақстанның жаңа мамандықтар мен қызметтер атласы қандай мамандықтардың қажет екенін, нендей мамандықтардың нарықтан ығысатынын сараптаған. Зерттеу негізгі 9 сала бойынша қарастырылған. Олар – энергетика, тау кен-металлургия кешені, мұнай және газ, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, көлік және логистика, машина жөндеу, құрылыс. Елде сұранысқа ие мамандықтар мемлекетте жүріп жатқан даму кезеңдеріне байланысты өзгеріп отырады. Қазақстанда 2010 жылдан бастап ауыл шаруашылығынан 1,2 миллион адам кетті. Себебі қалалар өсе бастады, өзін-өзі жұмыспен қамту қысқарды және саладағы еңбек өнімділігі артты. Осы уақыт ішінде өнеркәсіптегі жұмыспен қамту керісінше 949 мыңнан 1121 мың адамға дейін өсті. Құрылыста жұмысшылар саны 570 мыңнан 659 мыңға дейін көтерілді.
Мамандардың болжамынша, 2025 жылға қарай қызметкерлердің 50 пайызы қайта даярлаудан өтуге тиіс. «Ең сорақысы, мамандардың 6 пайызы өз кәсібін толығымен өзгертуге, яғни қызмет саласын ауыстыруға мәжбүр болады. Біліктілік талаптарының 40 пайызы өзгереді. Ал егер біз мамандық таңдап, оны өзекті және сұранысқа сай игере алсақ, онда жаңа құбылыс, жаңа парадигма пайда болады. Бұл – шеберліктің өмір сүру ұзақтығы. Сіздің мамандығыңыз жоғары техникалық болса да, сіз қолданатын дағдылар тез ескіреді», деген еді Қазақстандағы Skillbox өкілі Марина Арефиева.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те бұл мәселеге ден қойып жүр. Оның айтуынша, елімізде 129 мамандық жойылады. Біріншіден, бухгалтерлер ақырындап кете бастайды. Екіншіден, учетчик пен қоймашылар кетеді. Үшіншіден, өндірісте жүрген аккумуляторшылар, концентратор жасайтын мамандар, кітапханашылар қажетсіз болады. Себебі қазір бәрі автоматтандырылған жүйелерді қолданады. «Елімізде 4500 нотариус бар десек, соншалықты нотариус керек болмай қалады. Қазір Әділет министрлігі автоматтандырылған нотариус жүйесін енгізіп жатыр. Ал онда жұмыс істейтіндер алдағы 4-5 жылда не заңгер, не заң кеңесшісі болуы керек», дейді министр.
Ал IT саласында жаңа мамандықтар басқа салаларға қарағанда тезірек пайда болады. Мысалы, өте жаңа, бірақ қазірдің өзінде сұранысқа ие бағыт – «бұлтты» инфрақұрылымдар мен қызметтерді орналастыру, басқару маманы. Қаржы, маркетинг, денсаулық сақтау саласында деректерді талдаушылар да сұранысқа ие. Сондай-ақ машиналық оқыту модельдерін дамыта және оқыта алатын, жасанды интеллект негізінде алгоритмдер мен қосымшалар жасай алатын мамандар да қажет.
Жоғарыда айтқанымыздай, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2030 жылға дейін бухгалтерлерді, күзетшілерді, фермерлерді, дүкен сатушыларын сұранысқа ие мамандықтардың қатарына қосты. Бұл позицияларда отандастарымыздың саны көп, бірақ олардың еңбегі осы міндеттерді алмастыратын технологияларды енгізуге қарағанда арзанырақ. Сонымен қатар жұмыс істейтін отандастардың зейнеткерлік жасқа жетуін ескерсек, мұндай кадрларға сұраныс әзірге тұрақты болып қала береді.
«Барлығы диплом алуға, мамандығы бойынша екі-үш жыл жұмыс істеуге және мансап құруға тырысады. Бүгінде жастар бәрін бірден қалайды, мансаптық өсу сатылары жоспарланбайды. Меніңше, университетте ұзақ уақыт оқығысы келетіндерді, содан кейін мансап құрғысы келетіндерді және курстардан өтіп, ақша табуды бастағысы келетіндерді ажырата білу керек. Себебі көбіне гранттарға тек диплом үшін оқитындар және осы мамандық бойынша жұмыс істемейтіндер түседі. Содан кейін еңбек нарығындағы позициялар ашық қалады», дейді Түлектер қауымдастығының басшысы Рамиз Ахмедов.
Технология жаңа мамандықтар құрып қана қоймай, бұрыннан бар мамандықтарға қойылатын талаптарды өзгертеді. Егер бес-жеті жыл бұрын жұмыс берушіге қызметкердің салалық мамандануы маңызды болса, қазір компаниялар бірнеше функцияны орындайтын әмбебап үміткерлерді іздейді. Еңбек нарығы мамандарының пікірінше, қазір «кросс» ұғымы маңызды. Бұл – функционалды даму тенденциясы бар мамандықтан дағдыларға дейін өсу. Яғни өз мамандығынан тыс қосымша құзыреттерді дамытатын мамандар бағаланады дегенді білдіреді. Мысалы, IT саласындағы мамандардың тапшылығына байланысты мұндағы жалақы да орташа деңгейден жоғары. Орта-бэкенд әзірлеушінің орташа айлық жалақысы өткен жылы 1,2 млн теңгені, сеньор деңгейін әзірлеушінің орташа айлық жалақысы 1,4 млн теңгені құрайды. Әлем экономистерінің болжамынша, төрт жылдан кейін әлемдегі барлық бизнес міндеттердің 43 пайызы машиналар арқылы орындалады. Осылайша, мамандықтар «майданы» басталады. Бұған дайын болуымыз керек.