• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ұстаз 24 Қазан, 2023

Мектеп мақтанышы – білікті мұғалім

260 рет
көрсетілді

Ұстаз еңбегі қашанда зор құрметке лайық. Педагогтер съезінде еліміздің білім саласының дамуына айрықша үлес қосып, Президент Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болған ұстаздар қатарында еңбек ардагері Майра Мәмбетованың да есімі ерекше аталғаны белгілі.

Майра Рабатқызы бұл марапатты барша ұс­таз қауымына көрсетілген зор құрмет деп бағалайтынын жет­кізді.

– Мемлекет тарапынан ұзақ жылғы еңбегімнің еленіп жатқаны жү­­рек қалауыммен таңдаған маман­дығымның нәтижесі дер едім. Осынау жауап­кершілігі жоғары кәсіпті таң­дай отырып, әрбір ұстаз сапалы бі­лім беруді мақсат тұтады. Кейінгі уа­қытта педагог мәртебесі өсіп, мұ­ғалім мамандығының құрметі артты. Педагогикалық мамандықтарға ба­ратын студенттер қатары көбейді. Сондықтан ел мектептерінде білікті, білімді, өскелең ұрпақтың келешегіне бейжай қарамайтын мұғалімдердің көп болғанын қалаймын, – дейді Майра Рабатқызы.

Майра Рабатқызы мектеп партасында математика пәніне баулыған ұстазы Георгий Поповтан көп тәлім алғанын жеткізді. «Мұғаліміміз есеп шығаруға селқостықты мүл­дем қаламайтын. Сондықтан да болар математика пәніне қызы­ғу­­шылығымыз өте жоғары болды. Осындай ізденімпаз, талап­шыл мұғалімдеріміздің ар­қасында мек­­тепті алтын медальмен бітіріп, Қыздар педагогика институтының Физика-математика фа­культетіне оқуға түстім. Еңбек ж­олымды «Ай­набұлақ» шағын ауданындағы орыс мектебінен бастадым», дейді ол.

1997 жылы қазақ мектебіне ауысып, қала­дағы көптеген семинарға қаты­са жүріп, өз кәсібінде жаңа бір бе­лесті бағындырған Майра Рабат­қызы ал­ғашқы кезде қазақ тіліндегі тер­миндерді меңгерудің оңай болма­ғанын еске алды. Бірте-бірте оны да жылдам үйреніп, аудандық семи­нарлардың бірінде елімізге есімі белгілі ұстаз Есмұқан Қанағатовтан қаладағы №161 мектепке жұмысқа шақырту алады. «Білікті ұстаздан шақырту алу үлкен мәртебе болды әрі мен өткізген семинарды жо­ғары бағалағанына сондай қуан­ған едім. Кейіннен директор ре­тінде осы мектептегі біраз мұғалімді ҰБТ сұрақтарын құрастыратын са­рап­тамаларға, аппеляцияға көп қа­тыстырды. Нә­тижесінде, білмегенімді үйреніп, көп шыңдалуыма тура келді», деп атап өтті.

Қазіргі кезде ҰБТ-ға дайындай­тын «Болашақ» қосымша білім орталығында математикалық білімнің сан тарауына баулып жүрген ұстаз бала­ларды білімге қызықтыратын қадам­ның көп қажет екенін алға тартты.

– Тәуелсіздік жылдарына дейінгі балаларда білімге құштарлық зор болса, қазіргі кезде білімге деген көзқарас басқаша. Көп балаға ата-аналары қолдау көрсетеді. Олар ма­мандық таңдауда да өз кеңестерін бере отырып, баласының сапалы білім алуына инвестициясын аяп жат­қан жоқ. Соның нәтижесінде балалардың да білімге зейіні артып келеді. Жалпы білім беретін мектептерде деңгейі жоғары балалардың дені қосымша орталықтарда білімін ұштап, ҰБТ-да өте жақсы нәтижеге жетіп жатыр. Ал енді бірінде өздігінен іздену жағы басым. Мектепте пәнге қызықпағанымен, қосымша білімнің нәтижесінде пәнді жылдам меңгеріп кететін оқушылар да бар, – дейді Майра Рабатқызы.

Тәжірибелі ұстаз атап өткендей, бүгінде оқулықтардың сапасына да мән беру уақыт күттірмейді. Осы орайда Майра Рабатқызы «Сапалы білімнің өзегі оқулықта десек, кей­бір оқулықта берілген тапсырма жа­уабы­мен сәйкес келмей жататыны қынжылтады. Сондықтан оқулық авторлары бірнеше сараптамадан өтіп, озық тәжірибелерге зер сала отырып, тіптен бүгінгі оқулықтарда кездеспей жататын кеңестік кезеңде жазылған тиімді тәсілдерді де қаперге алса», деген пікірін алға тартты.

Кейінгі уақытта балаларға қазіргі заманға сай сапалы білім беруде өздігінен ізденіп, республика ай­­­мақ­тарынан да онлайн сабақ алып, білгенін жетілдіріп жататын мұ­ғалімдер қатары көбейіп келеді. Пе­да­гогтер съезінде де айтылған мә­се­ленің бірі мұғалімдердің білік­тілігіне қатысты болды. Бүгінде цифр­лық мүмкіндіктердің жаңашыл тәсілдерді игерудегі игілігі зор десек, білім платформаларының мұғалімдер үшін қолжетімділігі, әсіресе шалғай аудандарда заманауи құралдардың жеткіліксіздігі толғандырады.

Осы орайда Майра Рабатқызы: «Мұғалім – жүрек қалауымен таңда­латын мамандық. Әрбір ұстаз бала жүрегіне жол тауып, сапалы білім берумен қатар өз еліне қызмет ететін тұлға қалыптастыруды мақсат еткенде ғана бұл кәсіптің мәртебесі артады. Ол үшін ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, жаңа заман талаптарына бейім, кәсіби мұғалімдер легі қалыптасуы қажет. Сонда ғана біз жаһандану заманына бейім білімді жастар тәрбиелейміз», дейді.

 

АЛМАТЫ